Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазаққа ашық хат: Ауылдағы абыр-сабыр жаяу жамандық арамзалықты тоқтатыңдар!

23:37, 30 сәуір 2024 452

1 мартта министрлер кеңесі келер 1 майға шейін патша қол астындағы елдердің малы жазылсын деп қаулы қылып, мұның шығынына 1 миллион 760 мың сом ақша шығарылсын деді.

Мына 20 ай созылған дүния соғысы көп етті жем қылды. Бұрын ел аман, жұрт тынышта бір мұжық бір жылда 50 қадақ ет жейтін еді, соғысқа барған солдат күніне бір қадақ жейтін болды. Əскер, қасына ерген қосшы-қолаңымен, 20 миллионнан артса керек.

Күннен-күнге бұлардың саны артып барады. Мал бүйтіп жылда өспейді. Біздің патшалықта қаладағы жұрт 15 процент яғни əрбір жүзден 15 еді. Соғыстан бұрын біздің патшалық жұрты 160 миллионнан астам болатын. Қала адамы бұрынғы ет сыбағасын жеп отыр. Арақ тоқталғаннан соң мұжық қалтасында жылына 700 мың сом ақша артық қалды. Қалтада ақша болған соң, мұжық та күнде ет жейтін болды. Қолымда ақша бар деп мұжық қалаға мал сатуын сарандатты. Базарға салатын мал елде əскерге алынатын болды. Қала базары сататын малсыз қалды.

Осы себептермен қалада ет, май 2-3- 4 есе қымбаттады. Қала адамының кедейі еттен қалатын болды. Ет туралы бізбен соғысып жатқан неміс көргені бізден неше қайтара қиыншылық. Онда жыл асты жетіде 2 күн жұрт етке тегіс ораза. Енді бір жетіде 4 күн ораза қылады неміс деген қауесет бар. Бірер күн ет ораза болады деген бізде де естіледі.

Мұнан басқа жас малды союдан тиятын закон шықпақ деген де еміс-еміс естіледі. Осымен біздің үкімет патшалықтағы мал есебін білмек. Бұлай болған соң, біздің қазақтың малы да жазылады. Мал жазғанда қашаннан біздің қазақ малын жасыруды үйреніс қылған. Жаңа заман тарқы заманы, бұл кезде ұрланып жүріп 5 миллион жұрт күн көрмейді. Ұрлық түбі – қорлық. 240 миллион десятина жерде 5 миллион жұрт отырып, құп-қу болса, жер пайда қыла білетін ерге берілсін деген де сөз болмай қалмайды. Келешек уақыт, қатын-бала, тұқым қамын саясат жолында қазақ жұрты еске алса, мына жазғанда малды жасырмасын!

Ауылдағы абыр-сабыр жаяу жамандық арамзалықты тоқтатыңдар! Қазақта бар мал жазылса, біздің патшалық байлығы қуатты болып көрінуіне себеп болады. Бұ да жауға бел көрсеткеннің белгісі, бұ да көмек болады.

Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы

"Қазақ" газеті, №174, 1916 жыл.

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. IX том.-Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар