Автор қаралы оқиға туралы жазған деректі кітабында көптеген жағдайларға жеке-жеке тоқталады. Назарбаев билігі, оның маңайына топтасқандар және отбасы мүшелері туралы ерекше деректерді келтірген.
Қаңтар оқиғасынан аз ғана күн бұрын экс-президент өзінің туған ауылында болған. Ол одан сәл ерте Германияда ота жасатып келген інісі Болат Назарбаевтың қалын білуге барғаны айтылады. Одан кейін Назарбаев отбасы мүшелерінің кейбір адамдары броньды көлікпен қырғыз шекарасына қарай бет алып, ары қарай Бішкек әуежайы арқылы Біріқкен Араб Әмірлігіне барып бас сауғалаған.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Қазақстан халқына ашық үндеу жасап, текетіресті шешудің жолдарын анықтаудың орнына, ел басына қиын-қыстау сәтте үнсіз қалуды жөн көргені белгілі. Оның ең жақын туыстарына келсек, олар өз күзетшілерінің артына тығылып, елден Біріккен Араб Әмірлігіне қашып кеткен» деп жазды Жақсыбек Құлекеев.
Сонымен бірге ол Назарбаевтың үлкен қызының жаңа жылды қалай қарсы алғанын айта келе, «думан» уақытында Дариға Назарбаеваның көп нәрсені аңғармай қалғаны жазылады.
«Сонымен бірге, инсайдерлердің айтуынша, біраз басқа да оқиғалар болған. Олар ҚР тұңғыш президентінің үлкен қызының ұмытшақтығы туралы айтты. Қаңтар оқиғасының басында Дариға Назарбаеваның жаңа жылды қызу тойлауды жалғастырғаны соншалық, оны Алматыдан шұғыл түрде қауіпсіз жерге кету туралы көндірген соң, ол Навои көшесіндегі резиденциядан анасы Сара Назарбаеваны өзімен бірге алып кетуді ұмытып кеткен» дейді автор кітапта.
Сол сәтте Сара Назарбаеваны үйінен әуежайға жеткізу жауапты адамдар үшін үлкен мәселеге айналса керек.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші әйелі еске түскенде, қалада төңкеріс басталып, эвакуацилауда күрделі мәселелер туындаған. ҚР Мемлекеттік күзеттің қызметкерлері Сара Назарбаеваға броньды машинаның күзетімен төрт көлік жіберуге мәжбүр болған. Тек осылай ғана олар бұрынғы бірінші ханымның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алды. Бірақ кортеж Алматы әуежайына жеткенше оны күзетшілер тастап кетіп, наразылық білдірушілер басып алған. Салдарынан броньды көлік «Оңтүстік қақпа» бақылау-өткізу бекеті маңындағы қоршауды тесіп өтуге мәжбүр болды. Осыдан кейін ғана ол VIP жеке ұшақ бортына тікелей жеткізілген» деп жазды Ж.Құлекеев.
Ал экс-президенттің көптеген туыстарына Қаңтар оқиғасы кезінде тауды паналауларына тура келген.