Бүгін «Ақ жол» Демократиялық партиясы Құрылтай құрамына өткен депутаттардың тізімін жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Тізімге партияның экс-төрағасы Азат Перуашев, Қазыбек Иса және өзге де тәжірибелі партия мүшелері енбеді.
Азат Перуашев Құрылтай құрамына неге өтпегенін әлеуметтік желідегі парақшасында түсіндірді.
Оның айтуынша, партияның тәжірибелі мүшелері жаңа буын өкілдеріне жол беру мақсатында депутаттықтан бас тартып, өз кандидатурасын алып тастаған.
«Ақ жол» Демпартиясы атынан Құрылтай депутаттығына сайланған әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – үлкен сеніммен қатар, зор жауапкершілік. Құрылтайдың алғашқы құрамына партиямыздың тәжірибелі, білікті мамандары, өңірлердің өкілдері және жаңа буын азаматтары кіріп отыр. Жаңа депутаттардың арасында бірнеше мәслихат депутаттарының болуы да – «Ақ жолдың» білікті кадрларды даярлап, саяси тұрғыдан өсіруге бағытталған жүйелі жұмысының нәтижесі.
Өзім жайында түскен сұрақтарға байланысты мынаны айтқым келеді.Тәжірибелі үзеңгілестерім - Қазыбек Иса, Ерлан Барлыбаев, Серік Ерубаев, Берік Дүйсенбинов және өзім бастап Құрылтайдың алғашқы құрамына жаңа өкілдеріміздің келуін жөн санап, өз кандидатурамызды алып тастауды жөн көрдік. Бұл – партияның сабақтастығын сақтай отырып, жаңа буынға жол ашуымыздың айқын көрінісі, – деді Азат Перуашев.
Оның сөзінше, бұл шешім «Ақ жолдың» саяси бағытына әсер етпейді. Партия бұдан әрі де отандық өндірушілер мен шағын және орта бизнестің мүддесін қорғауды жалғастырады.
«Ақ жол» Демпартиясы алға қойған мақсат-міндеттерінен айнымайды. Біз бұдан әрі де отандық өндірушілер мен шағын және орта бизнестің мүддесін қорғап, еліміздің экономикалық дамуына үлес қоса беретін боламыз, – деді ол.
Сөз соңында Азат Перуашев Құрылтай депутаттарына сәттілік тілеп, әріптестеріне ізгі тілегін жеткізді.
Құрылтай депутаттарына сәттілік, табыс және ел игілігі жолындағы еңбектеріне береке тілеймін.
Мемлекетіміздің жаңа дәуірге басқан қадамы құтты болсын, Қазақстан Республикасының мықты, дамыған, прогресшіл Ақ жолы сәтті болғай!»,- деді Азат Перуашев.
«Ақ жол» Демократиялық партиясы атынан Құрылтай құрамына өткен депутаттар тізімі:
1. Ахметжаев Дәурен Хайруллаұлы
2. Бибаев Бақтыбек Сәлбекұлы
3. Еспаева Дания Мәдиқызы
4. Қожахметов Асылхан Төлепбергенұлы
5. Ли Юрий Виссарионович
6. Нұралдинов Олжас Елтайұлы
7. Шынасылова Мейраш
8. Юсупов Ермекқали Төлепқалиұлы
Еске сала кетейік, Орталық сайлау комиссиясы шығарған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлаудың қорытынды нәтижелері бойынша «Ақ жол» Демократиялық партиясы 478 083 дауысқа (5,21%) ие болды.