Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Оралда Жайық жағалауы түбегейлі жаңғыртылмақ

13:51, 22 маусым 2023 304
Жайықтың жағалауында жатқан Орал қаласы үшін жыл сайынғы су тасқыны кәдімгідей өзекті мәселе. Осыдан он шақты жыл бұрын әдемілеп, гранитпен қапталып жасалған жағалау биылғы тасқынға төтеп бере алмай, қирап қалған болатын. Шаһар тұрғындарын толғандырған проблемаға қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев журналистерді жинап түсінік берді.

«Біз әуелі жағалау жолағын ағымдағы жөндеуге жоба жасап, оған 300 млн. теңгеге жуық қаржы бөлгіміз келген. Бірақ, олай істемейтін болдық. Өйткені, жөндегенмен пайда жоқ, суға төтеп бере алмайды. Оның орнына мамандармен ақылдасып, нысанды толық қайта жаңғыртуға тоқтап отырамыз. Әрине, ол бүгін-ертең бітетін шаруа емес және де шамамен 1 млрд. теңге қаражатты қажет етеді»,-деді БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында Ж.Дүйсенғалиев.

Негізі, жағалау жай ғана жатқан нысан емес, мұнда тұрғындар серуендейтін арнайы жүргінші жолдары бар, жасыл желек түбінде тынығып отыратын орындықтар орнатылған. Қан майданнан оралмаған боздақтарға қойылған тақтатастар, оларға ескерткіш Стела мен мәңгілік алау да осы жерде орналасқан.

2013 жылы жергілікті «Болашақ-Т» құрылыс компаниясы жағалауды толық салып берген болатын. Алайда, оның кепілдік мерзімі баяғыда біткен. Оның үстіне 2016 жылғы тасқын кезінде нысанның жартысы бүлінді. Нақты айтқанда, бетонға жапсырылған керамикалық қаптама тақталары түсіп, қирап, алаңқайды арамшөп басып, тротуарлар жарамсыз жағдайға жетті.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, келешекте қайтадан толық жаңғыртылатын жағалау жобасында демалыс, спортпен шұғылданатын орындар, балалардың ойын алаңдары қарастырылмақ және аумағы кеңейтіліп, ескі шіркеу ауданына дейін қосымша соқпақ салынбақ.

-Таяуда жобаға байқау жариялаймыз, ол шамамен екі ай уақыт алады. Жеңімпаз анықталып жатса, негізгі жұмыс келесі жылы басталады. Әзірге жағалауды жеңіл жөндеп жатырмыз. Темірден жасалған мықты әткеншектер кешені орнатылды, субұрқақ жөнделді, шағын архитектуралық мүсіндер қойылды, - деді Ж.Дүйсенғалиев.

Тағы бір айта кететін жағдай – биыл Оралда үш жаңа сквер салынбақ. Олар: №44 мектеп жанында, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да студенттер аллеясы және Зашаған кентіндегі үлкен сквер.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар