Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мұндай өтірікші адамды қалай төраға етіп сайламақпыз?

05:18, 05 мамыр 2023 278




Президент Қ.К.Тоқаевтың назарына!











Сөз жерде жата ма, бізге де қауесет жетіп жатыр. Ол – енді тоғыз күннен кейін өтетін Құрылтайда Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болып Ақберен Елгезек сайланады, деген. Соны естіп, қазіргі тілмен айтқанда, шок болып отырмын.

Бір ай бұрын, 3-сәуірде Жазушылар одағы төрағасының орынбасары А.Елгезек «мен бүгіннен бастап Қазақстан Жазушылары одағындағы қызметімнен ресми түрде кеттім. Келе жатқан құрылтайда қойылатын спектакльге қатысуға құлқым жоқ» деп мәлімдеген еді.

Ертеңінде бұл мәлімдемеге қатысты «Неге» порталына берген сұхбатында Жазушылар одағы төрағасы Ұлықбек Есдәулет жауап берді. Сол сұхбатында:«Оған (А.Елгезекке) қаржы жағына да қол қоятын мүмкіндік жасап қойғанмын. Енді оны үн-түнсіз тастап кетіп қалуға болмайды ғой» дейді ол кісі.

Бұдан түсінетініміз: А.Елгезек Жазушылар одағының қаржы мәселесіне тікелей жауап береді. Яғни енді тоғыз күннен кейін өтетін (12-мамыр) Құрылтайда Есеп комиссиясы алдында ол жауапты тұлға ретінде толық есеп беруі тиіс. Мысалы, Жазушылар одағының Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы мынандай сомаларға ақша алған екен:

«2018 -2021 жылдар арасында Қазақстан Жазушылар одағына бөлінген ақша 626 миллион 511 мың 376 теңге.

2018 жылы 149 728 156 теңге.

2019 жылы 384 609 645 теңге.

2020 жылы 50 656 000 теңге(factcheck.kz)»

Бұл жерде соңғы үш жылда алған қаржы (2021, 2022, 2023) көрсетілмеген, олардың қанша екенін бір құдайым білсін.

2018-2021 жылдар аралығында Жазушылар одағы мемлекеттік сатып алу арқылы жалпы 71 келісімшартқа отырған.

Солай бола тұра, Жазушылар одағының орынбасары А.Елгезек беті бүлк етпей мемлекеттен бір тиын алмаймыз дейді:


Мұндай өтірікші адамды қалай төраға етіп сайламақпыз, айналайын қаламгерлер-ау?

2018 жылы Жазушылар одағы қазақ поэзиясы мен прозасының алты тілге аударылған, екі томдық антологиясын дайындап берген болатын. Өкінішке қарай, ол антологияда Ақберен Елгезектің өзі бар да, қазақ поэзиясының қазіргі көзі тірі мықтылары жоқ (мысалы, Ертай Ашықбаев, Серік Тұрғынбекұлы, Байбота Қошым-Ноғай, Қасымхан Бегманов, Светқали Нұржанов және т.б.), бұл деген қызмет бабын пайдаланудың бір мысалы емес пе?!

2020 жылдың ақпан айында «Қазақ әдебиеті» газеті ҚЖО төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезектің шығармашылығына «40 жасқа толды» деп тұтас бір номерін (!) арнайды, мұндай дөрекілік – Жазушылар одағының тарихында, газет тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Лауазымды пайдаланудың нағыз мысалы осы емес пе?!


А.Елгезектің «Абай» және «Алатау» баспалары бар екен.

Жазушылар одағы өздерінің баспалары арқылы Алматы қаласы әкімдігінің кітап басып шығару тендерін «жеңіп алып», кітаптарды осы баспалар арқылы ғана шығарып отырған. Мәселен, тек 2022 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қаржысына «Абай» және «Алатау» баспаларынан 158 аталым кітап шыққан(!). Бұл деген – жүздеген миллион теңгенің қаржысы. Осы енді қызмет бабын пайдалану емей, немене?!

Осыдан кейін мұндай жігітті қалай төраға етіп сайламақпыз?

Бір қайран қалдыратын нәрсе: Президент тарапынан қанша қолдау болса да, Жазушылар одағының орынбасары А.Елгезек Президент саясатын сынға алып отырады. Мәселен, пандемия жағдайына байланысты 2020 жылдың 10-шілдесі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін» деп Үкімет отырысында айтып жатса, ертеңінде 11-шілде күні Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары А.Елгезек мәлімдеме жасайды: «Президент Тоқаевтың бұл сөзіне сенбеймін, екі аптада жағдай оңалып кетпейді» дейді. https://sn.kz/.../70843-eldin-rizygyn-uialmai-zheitin...


А.Елгезек қана емес, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты оның әйелі Дина Елгезек те әлеуметтік желіде сынап, сойып жатады. Мысалы, Abai.kz порталында «Тоқаев тарихи шансынан айырылады. Таразының басында ақиқат пен өтірік ілініп тұр...Тағы бір ұнамайтыны, Тоқаев мәлімдеме жасаған сайын Назарбаевты неге мақтай береді? Жөн-жосықсыз бұл не мақтау? Шын жағымпаздыққа жаны қас болса, Тоқаевтың өзі жеке басқа табынуды доғару керек!» дейді шіркінің.

Д.Елгезек Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринды да, Президент Әкімшілігінің орынбасары Аида Балаеваны да мүйіздеп, іреп жатады. Тіпті орындарынан кетсін дейді: «30 жыл бойы саяси күрескерлерді қаралау жөнінде тапсырма беріп келген Аида Балаева бас идеолог болып неге отыр? “Жаңа Қазақстан” туралы айтуға Балаеваның моральды құқығы бар ма? Әрине, жоқ!».

Екеуін де оңдырмай жатқанда Е.Қарин мен А.Балаева қалайша оның күйеуі А.Елгезекті Жазушылар одағының төрағасы етпекші? Әлде «сынағанына сеніп қалмаңдар, бұл – әншейін ойын ғой» деп қарап отырмақ па?

Жалпы, төрағаның орынбасары болғанда қызмет бабын пайдаланған, жас жігіт А.Елгезектің (өзінің ақындығы да шамалы) Жазушылар одағының төрағасы болып келуі ақылға сыймайды. Жасы да, тәжірибесі де жетпейтіні былай тұрсын, оның ақын-жазушылардың арасында абыройы да жоқ. Оның үстіне, қаржы жағына есеп беріп кетудің орнына, «мен спектакльге қатыспаймын» деп командасын сатып кеткен адамның қайта келіп төраға болуына моральдық құқы бар ма? Әрине, жоқ!

Сонымен, құрметті ақын-жазушылар, біздің Құрылтай да таяп қалды, есеп те берілер, ұсыныс та айтылар, бірақ бір нәрсе анық: Жазушылар одағының төрағасы енді бұрынғы командадан болмауы керек. Бізде орта жастағы, үлкен-кіші толқынға бірдей, ұйымдастырушылық қабілеті бар, абыройлы қаламгерлер бар емес пе, солардың біреуін таңдап алып, өзіміз сайлап алуымыз керек.








Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар