Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Зейнетақысын балалары немесе туыстары алып алған". Жолда арып-ашып жаяу, жалғыз қалған қарт жайын шенеунік баяндады

17:05, 30 мамыр 2025 847

Түркістан облысында жол жағалап, айдалада жаяу кетіп бара жатқан қарияның видеосы қазақстандықтардың көңілін босатты. Қарт кісі ақшасы болмағаннан кейін Сарыағаш ауданынан жаяу шығып, Қарағанды облысындағы үйіне қарай кетіп бара жатқаны айтылды, деп хабарлайды Alash.KZ.

Қарияны жол жиегінен Түркістан облысы Әділет департаментінің басшысы Нұржан Махамбетов байқап қалған, деп жазды Azattyq Rýhy.

Нұржан Махамбетов Ордабасы ауданының тұрғындармен бірге іс сапарға кетіп бара жатқан. Сол уақытта арып, ашыққан, әлсіреген қарияны көріп, бірден көлікті тоқтатқан.

«Үлкен кісінің он сағаттан астам уақыт бойы жаяу, қаражатсыз, ас-сусыз жолда жүргенін көріп жүрегім ауырды. Біз мән-жайды анықтауға кірістік», - дейді Әділет департаментінің басшысы.

Азаматтар қариямен сөйлесе келе, оның мойнында микрокредиттік ұйымға 489 544 теңге қарызы барын және соның салдарынан барлық банк шоттары бұғатталғаны анықтайды. Осылайша егде жастағы кісі зейнетақысын ала алмай, көк тиынсыз қалған.

Нұржан Махамбетовтің пайымдауынша, оның зейнетақысын балалары немесе туыстары пайдаланған болуы мүмкін. Қарияның құжаттары түгел өзінде болып шықты, сол арқылы Әділет департаментінің басшысы Түркістан облысының жеке сот орындаушысына хабарласып, мәселені шешіп берді.

«Бақытымызға орай, Түркістан облысының нотариусының араласуымен атқарушылық жазба жойылып, сондай-ақ Түркістан облысының жеке сот орындаушысы шоттарды жедел түрде бұғаттан шығарып берді», - деді ол.

Жолда қалған адамға көмектескен азаматтың адамгершілік әрекетіне ел-жұрт сүйсініп, жақсы тілегін жаудырып жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар