Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Көдек Байшығанұлы Сталиндік репрессияның құрбаны ма?

09:47, 22 желтоқсан 2022 340
КӨДЕК 1888-жылы Жетісу облысы, Жәркент уезі, Айт болысына қарасты Шәлкөде жайлауында дүниеге келіп, 1930-жылдары ел таныған кемел шағында кеңес үкіметінің саяси қысымынан Қытай жеріне амалсыз өтіп кетеді. 1937-жылы билік тарапынан астыртын ұйымдастырылған белгісіз "ауруға" душар болып, Қытайдағы Іле аймағы, Өртекестегі Аттың тауы деген жерде 49 жасында жұмбақ жағдайда қайтыс болады.


Көдек Мұхтар Әуезовтың назарына іліккен ақын. Ғұлама ғалым "Қазақтың халық шығармашылығы және оның ақындық ортасы" деген мақаласында ол туралы танымы терең пікір қалдырған. Ол: "Өзгеше үлгідегі даланың дара ақыны мазмұны мен қоғамдық ролі жөнінен әлдеқайда қызығырақ саналады. Солардың жарқын бір үлгісі - Албандар арасындағы Көдек ақын" (Мұхтар Әуезов, Ленинград, 1927 жыл. Мақала төрт бет - ДБ) деп жазады. Ілияс Жансүгіров те оны жақсы таныған. Шығармаларын жарияламақ болған. Бірақ тағдыр жазбаған екен.

Көдек 1916-жылғы ұлт-азаттық көтерілісті жырлайды, кеңес үкіметінің қалай құрыла бастағанын, байларды тәркілеу науқанын, қолдан жасалған ашаршылықты, сталиндік-голощекиндік қуғын-сүргінді, амалсыздан жат елге ауған үркіншілікке ұшыраған қазақтың ауыр халін жазады.

Оның шығармасында ел шежіресі, тұлғалар тағдыры, адамдық болмыс, табиғат суреттері, нақты тарихи деректер бүрмаланбастан дәл түсірілген. Оның шығармалары - ақиқат пен көркемдіктің үйлесіміне туған асыл мұра. Ол еңбектерінде әділдік үшін күрескен ерлерді, ұлттық намыс пен өр рухты жырлайды. Тағдыры қақпақылға түсіп, екі елдің арасында қилы заманның қиянатын көп көрген ақын.

Осы кезге дейін, М.Әуезов, І.Жансүгіров, Р.Бердібаев, С.Қасқабасов секілді аға буындар айтып өткен болса, соңғы буын С.Медеубекұлы, Д.Мәсімханұлы қатарлы ғалымдар өздерінің ғылыми еңбектерінде арнайы зерттеп, кең тоқталды.

21-желтоқсан, сағат 11:00 де Достық үйінің мәжіліс залында Көдек ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған "Көдек Байшығанұлы - Заманның шындығын айтқан, әділдік үшін күрескен ақын" деген тақырыпта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияны Қазақстан республикасы Ғылым және Жоғары білім министрлігіне қарасты Әдебиет және Өнер институты ұйымдастырды. Жиналысты институттың директоры, ф.ғ.д ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Кенжехан Матыжанов мырза өзі басқарып, жүргізіп отырды. Ұйымдастыру алқасына ғалым, ұстаз Сағатбек Медеубекұлы қатарлы 13 адам мүше. Мәжіліске ғалымдар, қаламгерлер, зиялы жұрт өкілдері қатысты. Райымбек ауданы Қызылшекара ауылындағы Көдек Байшығанұлы атындағы орта мектептің директоры Миятжан Сақанұлы бастаған ұжымнанда қонақтар келіп қатысты.

З.Сейітжанов, Н.Ақыш, А.Ісімақова, А.Бүлдыбай, С.Мелеубек, Ж.Сімтіков, С.Майлыбай, Ә.Сабырова, Б.Бәбіжан, Н.Сәрсенбаев, Ш.Тілеубаев, Т.Құрманғалиев, Н.Елесбаев, Н.Әбдібекұлы қатарлы ғалымдар мен қаламгерлер баяндама жасап Көдек шығармасының алуан қырлы ерекшелігін ортаға салды. Конференцияның соңында ақынның екі том өлеңдер жинағы мен бір том сын-зерттеу мақалалар топтамасының таныстырылымы жасалып, үш кітап оқырманға жол тартты. Шара барысында Көдек әндеріне де кезек беріліп Тілеулес Құрманғалиевтың орындауында көптің назарына жетті. Кітапты шығарып демеушілік жасаған кәсіпкер Суанбеков Айдос Бақытжанұлы деген азамат. Осы үлкен бас қосуға мұрындық болып, жұрттың алғысына бөленді. Әуел баста шараның өтуіне себеп болған Сержан Шоғанбекұлы мен Нұрлан Әбдібекұлына айырықша алғыс айтамыз!..

Конференцияның соңында "Мөлдір бұлақ" журналының Бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы алдыға шығып шараны ғылыми жүйеде, жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізген институтқа, оның басшысы ғалым, Кенжехан Матыжанов мырзаға рақмет айтып, елдің атынан иығына шапан жапты.

Онан ары алыс-жақыннан келген қонақтарға дасдарқан жайылып ас берілді.

Дәулетбек Байтұрсынұлы
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар