Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ерікті болу еріккеннің ісі емес

11:13, 04 шілде 2022 247
Бір қарағанда танымайтын адамға көмектесу немесе қайтарымы жоқ жұмысқа уақыт жұмсау еріккеннің ермегі болып көрінуі мүмкін. Бірақ ерікті болу еріккеннің ісі емес. Ерікті болу жанның қалауы, жүректің қалауы. Қазір біз біреуге қайтарымсыз көмек көрсетуді ерікті болу деп түсініп жүрміз. Бұл қазақтың өмірінде, тұрмысында бұрыннан бар дәстүр. Халқымыз ежелден қолы қысқа адамдарға көмектесіп, отын-суын дайындап, шөбін шауып беруді әдетке айналдырған. Онысына ешкім пұл сұрамайды, ақы тілемейді. Сол қасиеті қазіргі ұрпаққа ерікті болу деген атаумен сіңіп отыр.



Мәселен, Алматы облысының бірқатар ауыл-аудан, қалаларында «Бірге таза Қазақстан» акциясы өтті. Аталмыш акция аясында өзен – көлдердің, су қоймаларының жағалаулары, жол бойлары, аулалар мен көшелер, алаңдар мен ауыл іші және саябақтар қоқыстан түгелдей тазартылды.

Тазалық жұмыстарына ең алдымен еріктілер ат салысты. Одан кейін жергілікті тұрғындар мен жастар, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілер көмектесті, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері белсене қатысты. Ешкім жасаған жұмысқа ақы тілеген жоқ, бәрі жан қалауы, Атауы айтып тұрғандай «Бірге таза Қазақстан» үшін жасалған жұмыс.

Еріктілік аясында жасалған жұмыстың соңына қарай жиналған қоқыстар іріктеліп-сұрыпталып, содан кейін тиісті мекемелердің арнайы автокөліктерімен белгіленген қоқыс полигондарына төгілді.

Алматы облыстық экология департаменті өкілдері «Бірге таза Қазақстан» акциясының мәнін айта келіп: «Бұл акцияның негізгі мақсаты – туған жерімізді, тұрған жерімізді қоқыстан тазарту, халық пен тұрғындардың экологияға деген көзқарасын өзгерту, оларды табиғатты сүюге, қастерлеуге, қадірлеуге, тіпті, жанашырлық танытуға насихаттау, үйрету»,- деп түсіндірді.

Жасыраты жоқ, Алматы облысында жыл сайын көктем және күз айларында осындай еріктілік акциясы өтіп тұрады. Акция аясында ауыл арасы, қала көшелері қоқыстан тазартылып тұрады. Бұл бір жағынан туған жерімізді таза ұстау болса, екінші жағынан ұрпақты тазалық сүюге тәрбиелеу. Өйткені жастар көргенін істейді. Бүгінгі ұрпақ ертеңгі ел болашағы. Олардың бойына Отанын таза ұстау, туған жерін құрметтеу сезімін сіңіру бәріміздің міндетіміз.

Кемел ЖАН
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар