Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Байден сағынып шақырды ма, қағынып шақырды ма?

10:38, 18 қыркүйек 2023 184
Орта Азия мемлекеттері басшылары мен АҚШ президенті қатысатын С5+1 форматындағы саммит президенттер деңгейінде алғаш рет өтіп жатыр. Осы уақытқа дейін АҚШ-тың бірде-бір президенті Қазақстанға келген емес. Орталық Азия елдерінің ішінде АҚШ-қа ең көп сапарлаған Қазақстан президенті  болса да, мұндай деңгейдегі мемлекеттік сапарға Вашингтон Қазақстан президентін бұған дейін шақырған жоқ. Сондықтан да бұл оқиға Қазақстан мен көрші елдердің ғана емес, АҚШ басылымдарының да назарынан тыс қалмады.

Мысалы The Wall Street Journal:

«Ресей мен Қытайға жақын орналасқандықтан, Қазақстан Вашингтонға Украинадағы дағдарысты реттеуге және соғыстан кейінгі белгісіздік кезеңінде Мәскеумен қарым-қатынас орнатуға, сондай-ақ Бейжіңмен бәсекелестіктің күшеюімен күресуге көмектесе алады», – деп жазды.



Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ сенаторы Гари Питерспен кездесуінде АҚШ президенті Джо Байденге C5+1 аясында алғашқы кездесуіне қатысуға жеке шақырғаны үшін алғысын білдіргені тамызда The diplomat басылымының назарын аударыпты.

Мақала авторының пікірінше, Байден Орталық Азия елдерімен кездессе, бұл Қытай мен Ресейге қыр көрсету деген сөз, алайда Вашингтон тарапынан АҚШ-тың Орталық Азиямен өзара әрекеттесуін осындай қатал геосаяси тұрғыдан тұжырымдау қате болар еді, сондықтан олардың аймақтық мүддесі мен проблемаларына көз жұмуға болмайды.

«АҚШ пен Еуропа мүмкіндікті жіберіп алуы ғажап емес»

The diplomat журналының бас редакторы, мақала авторы Кэтрин ПУТЦ өткен жылы Орталық Азия арқылы америкалық шенеуніктер жаппай ағылғанын айта келе,  С5+1-дің Орталық Азия сыртқы істер министрлерінің басын қосып келе жатқанына он жыл болғанын жазады. Автор «С5+1-дің президенттік деңгейге дейін көтерілуіне Қытай мен Ресей себепші болып отыр» дейді. Қытай Орталық Азиядағы 5 елмен С5+1 форматындағы кездесуді үш мәрте өткізгенін еске сала келе, Ресей бұл ел басшыларымен онысыз да жиі кездесетінін еске салады.



2022 жылы Украинадағы соғысқа байланысты АҚШ Орталық Азияға көзқарасын өзгертіп, сол кезде Вашингтон бұл аймаққа  бағытталған 25 млн доллар тұратын жаңа экономикалық бастамасын жариялағанын жазады Кэтрин Путц.

Ал АҚШ үшін бұл мемлекеттермен логистика және саяси тұрғыда өте қиын, оның үстіне Украинадағы соғысты ескерсек, бұл елдер географиялық және саяси тұрғыда өте қатты қысымда тұр. Бұл бес ел Украинадағы соғысқа қатысты бейтарап позиция ұстанғанымен, олардың халқы арасында көзқарас бөлек. «Батыс оларды түсініп отыр» деп жазады журналист.

Өткен жазда Өзбекстан және Қырғызстан компанияларына, сондай-ақ Ресей мен Солтүстік Корея арасында қару-жарақ жеткізу бойынша орындалмаған келісімшарт үшін Қазақстан компаниясы да санкцияға ілікті. Ресейдің Украинаға қарсы соғысы Орталық Азиямен қарым-қатынасын бұзса, Қытай оларға мықты әрі тұрақты серіктес болуға дайын.



Ресей мен Қытай арасындағы халықаралық тәртіпке идеологиялық көзқарастардың синергиясын ескерсек, Бейжің үшін жеңіс міндетті түрде Мәскеуден айырылу арқылы келеді деген сөз емес. Бірақ осы кезде Орталық Азия аймағы бірқатар қиындықтарға тап болғанда (олардың көпшілігі экономикалық) аймақпен өзара қарым-қатынасты тереңдету үшін осы сәтті пайдалану керек, әйтпесе АҚШ пен Еуропа мүмкіндікті жіберіп алуы ғажап емес деп жазады АҚШ басылымы.

«Адам құқықтары шектеліп жатыр»

АҚШ мемлекетінің Just security басылымы «АҚШ үкіметі Орталық Азияның Қытаймен экономикалық келісімдеріне және Орталық Азия арқылы Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтуге қатты алаңдайды» деп жазыпты.

Мақала авторлары АҚШ Ресей мен Қытайды немесе Орталық Азия елдерінің саяси, тарихи, әрі идеологиялық жағынан тым алшақ екенін ескермей «бір жаққа шығуды» талап ете алмайды депті. Сондай-ақ Вашингтон аталған аймаққа қауіпсіздік көмегін ұлғайтса, шиеленісті қалай күшейтуі мүмкін екеніне мұқият болуы керек деп жазады.



Саммит кезінде АҚШ адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын алға тартуы қажет екенін жазған Just security Қазақстандағы адам құқықтары мәселесін де мысалға келтіре кеткен екен. Онда «Қазақстанда БҰҰ-ның Адам құқықтары және терроризмге қарсы күрес жөніндегі арнайы баяндамашысы Фионнуала Ни Аолайн 2020 жылы бірқатар үкіметтік шаралар мен заңдар қоғамдық бірлестіктердің, діни бірлестіктер мен саяси партиялардың іс-әрекеттерін айтарлықтай шектегенін хабарлады» деп жазады.

Мақалада орта Азия аймағында терроризм қауіпіне де баса назар аудару керек екенін де айтып өткен екен. Сосын «Байден әкімшілігі бұл саммитті тек саммитке қарсы тұру үшін өткізілетін жалаушаларды тексеру жаттығуы ретінде қарастырса, қате болар еді» дей келе, Байден әскери міндеттемелерде Ресей мен Қытайдан асып түсуге тырыспай, өзара қызығушылық тудыратын аймақтарды табу үшін жұмыс істеуі керек деген тұжырым жасайды.

Балжан ҚАЛАҚОВА, Астана.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар