Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ахмет Байтұрсынұлы: Ғасырлар бойғы қанауда болған қазақ халқын азат етудің жолдары...

22:12, 26 сәуір 2024 336

«Орынбор Р.К.П (большевиктер) комитетіне жолдас Ахмет Байтұрсыновтың мәлімдемесі.

Ғасырлар бойғы қанауда болған қазақ халқын азат етудің жолдарын ұзақ уақыт іздестіре келіп, мен төмендегідей шешім қабылдадым:

1. Адамзаттың барлық езгіге ұшыраған бөлігімен, яғни әлемдік революциямен, әлемдік федерациямен бірге азаттық алғанда ғана, қазақ халқы бақытқа бөленеді.

2. Оны - өзінің алдына таптар мен ұлттарды толықтай азат етуді мақсат етіп қойған, ішінара ісімен де жүзеге асырып жатқан большевиктердің интернационалдық коммунистік партиясынан басқа ешкім де істей алмайды.

3. Нағыз еңбек демократиясына жетудің қажетті сатысы - адамзаттың еңбекші табының яғни пролетариаттар мен орташа пролетариаттардың саяси және экономикалық толық билігі мағынасындағы диктатурасы болып табылады.

4. Бір ғана жағдайда, егер де адамзаттың еңбекші табының ұйымдасқан аса үлкен тобы саналы түрде қолдаса ғана, бұл диктатура орнығады және барлық адамзаттың мүддесі үшін қызмет істей алады, сондықтан да осы программаның туы астына қазақ халқының да бірігуі қажет.

5. РКП-ның ұлттық қарым-қатынастар саласындағы программасын, сондай-ақ ұлттардың бөлінуі туралы дискуссияның қорытындысындағы жолдас Лениннің ұлттардың бөлінуіне көзқарасын және Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған РКП Орталық Комитетінің тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолданып, оны жүзеге асырса ғана, езілген ұлт ретіндегі қазақ халқының мүддесін толық қанағаттандырады.

Жоғарыдағы айтқан пікіріме сәйкес, мен Россия коммунистік большевиктер партиясы қатарына кіруге, оның жалпы программасын жүзеге асыруға, ішінара шығыс мәселелеріне іспен көмектесуге бекіндім, сондықтан да комитеттен мені РКП мүшелігіне қабылдауды өтінемін.

Ахмет Байтұрсынов. 4 сәуір. 1920 жыл".

Саяси қайраткер бұл шешімдердің оңайшылықпен орындалмайтынын және сол үшін күресетінін де ашық білдіріп:

«...Лениннің ұлттардың бөлінуіне көзқарасын және Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған РКП Орталық комитетінің тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолданып, оны жүзеге асырса ғана, езілген ұлт ретіндегі қазақ халқының мүддесін қанағаттандыратынын», - ерекше ескертеді.

Қазақ халқының "езілген ұлт ретіндегі мүддесі", тіпті, қоғамдық формациядағы айырмашылықтарының барлығы ескеріліп, «дұрыс қолданылса» ғана, қазақ халқының бақыты ашылады - деп сенгендіктен де және қазақ халқын қырғыннан сақтау үшін кеңес өкіметін мойындауға мәжбүр болды. Мұндай аса жауапты кепілдікті ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов терең түсінді. Сондықтан да ұлттың мүддесін ар-ұятындай қорғады.

Алайда, 1919-1921 жылдары Ресейдегi ұлттық федерация мен жер мәселесi қозғалған тұста «Алашорда» қайраткерлерi мен большевиктердiң көсемдерiнiң арасында үлкен қарама-қайшылықтар туындады. Барған сайын жiгi ажырап, арасы ашылып бара жатқан қарама-қарсы екi күш қалыптасты. Азамат соғысы кезiнде мәмілеге келгенiмен де, мемлекеттiң iшкi саясатына тiкелей араласқан тұста олардың ымыраға көнбейтiнi айқындала бастады. Мұның басты себебi, бұл екi саяси бағыттың қалаған iргетасы мен түпкi мақсатының бiр-бiрiне мүлдем кереғарлығы едi.

Дереккөз: Тұрсын Жұртбай, "Ұраным - Алаш!..." Бірінші кітап.-Алматы, 2019

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар