Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Әуежайы жабылды". Депутат Арқалық қаласының болашағына қатысты сұрақ қойды

13:31, 29 сәуір 2024 509

Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев моноқалаларда өндірісті дамыту мәселесін көтерді, деп хабарлайды alash.kz.

Халық қалаулысы келтірген деректерге сәйкес, Қазақстанда 20-дан астам моноқала бар. 

"Олардың көбінің мәселесі – қала құраушы кәсіпорынның кен базасының сарқылуы. Өйткені осындай кәсіпорындарда монақаланың барлық халқы жұмыс істейді десе артық емес. Мысал ретінде Арқалықты алайық. Арқалықта боксит таусылды, ERG компаниясы жұмыс орындарын жауып кетті. Осындай жағдайдың болатынын біліп, депутаттар 5-6 жыл бойы Үкіметтің алдында осы өңірде жаңа өндіріс ашу бойынша жаңа талаптар қойып келеді. Бірақ Үкімет тарапынан ешқандай қозғалыс жоқ. Ештеңе салынған да, ашылған да жоқ, халық жұмыссыз отыр. Арқалық кезінде үлкен бір облыстың орталығы болды. Әуежайы жабылды, пойызбен бірнеше бағыты бар еді, оның біреуі ғана қалды. Жалғыз жолы бар еді, оның өзін тасқында су жырып кетті. 100 мыңнан астам халқы бар еді, қазір 30 мың ғана қалды. Оның өзі жұмыссыз отыр", - деді депутат.

Берік Бейсенғалиев Өнеркәсіп және құрылыс министрінен Қанат Шарлапаев Үкімет тарапынан моноқалаларда өндірісті қолдауға қандай жағдай жасалатынын сұрады дейді inbusiness.kz. 

"Қазіргі таңда мемлекет тарапынан бірнеше іс-шаралар қабылданып жатыр. Бірақ нақты ақпарат бойынша бірнеше мысал келтірсем. Мысалы, Саран – Қарағандының қасындағы қала, онда 3 зауыт бар. Бірінде шина өндіріледі, екіншісі электроника, үшіншісінде автобус шығарылады. Жалпы 3 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Саран қаласындағы тұрғындардың саны 30 мыңнан асады. Оны моноқала деп айтуға болмайды. Екінші мысал – Екібастұз. Темір жол машина жасау саласындағы үлкен кластер дамытып жатыр... Арқалық туралы қазіргі таңда біріншіден геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Екіншіден, осы жерде өнеркәсіпті дамытуымыз керек", - деді ведомство басшысы.

Алайда Арқалықта өнеркәсіпті қашан дамытатыны туралы депутат сұрағына мардымды жауап болмады. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар