Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әңгімелері бірнеше тілге аударылған жас жазушы

08 қазан 2022 123
Елімізде балаларға арналған шығармашылығы шетелде бірнеше тілге аударылып, жарық көрген қаламгерлер де бар. Өз еліміз түгілі өзге елдің жоғары бағасына ие болып жатқан жас жазушымыздың есімі Мейіржан  ЖЫЛҚЫБАЙ.

Ол 1994 жылдың 17 мамырында Жамбыл облысы Жаңатас қаласында дүниеге келген. 2011 жылы Халықаралық «Дарабоз» әдеби байқауында «Қырық бірінші өтіріктің соңы» туындысы үшін ынталандыру сыйлығын алған. Ал 2015 жылы «Саяқ» әңгімесі үшін жүлделі 2-орынды алды. 2017 жылы «Батыр қоян» ертегісі Оңтүстік Кореяда 4 тілге аударылып, жарық көрді.  2019 жылы «Тауға саяхат» кітабы шықты. 2020 жылы автордың үш әңгімесі жинақталған «Саяқ» кітабы басылып шыққан. Былтыр «Қырық бірінші өтіріктің соңы» атты кітабы оқырманға жол тартты. 2021 жылы «Ұлы дала», «Ер Төстік» байқауларының екінші орнын, 2022 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы байқаудың бірінші орын жүлдегері атанды. Жас жазушының шығармаларын бұған дейін жазушы Дулат Исабеков, әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай ағаларымыз оқып, жоғары бағалаған. Сондықтан «Шуақ» туындысы да балалардың көңілінен шығар деген үмітіміз зор!

 

ШУАҚ

Баяғыда емес, осы заманда кемпір мен шал болады. Олардың балалары болады. Бірақ олар алыста, қалада тұрады екен. Олармен бірге тек қана немересі Берікбол тұрыпты. Берікбол өте ерке бала екен. Атасы мен апасы оған барлық қалаған нәрсесін әперіп,  ең тәттіні соның аузына тосады екен.  Берікбол не істесе де ерініп әрең қимылдайды екен. Көретіні –теледидар, ойнайтыны – компьютер. Ол тамақ соғып алып компьютерде ойын ойнап отырғанда, ата-әжесі оның есебін шығарып, бастары қатып отырады. Бірі:

  • Алматы мен Астананың арасында көлік жиырма сағатта жүреді, – десе, екіншісі:

  • Дұрыс есептесей, жиырма бір сағатта жетеді, – деп таласып есеп шығарып жатады екен.

  • Ата, әже, шуламай шығарыңдаршы. Мен  мұнда жеңіліп жатырмын, – дейді екен немерелері. Атасы мен әжесі қауқылдасып бастарын изеп қала беретін еді.


Бірде немерелері Берікбол сабақтан тұнжырап келді. Атасы мен әжесі «не болдылап» асты-үстіне түсіп жүр.

  • Бізге басқа мұғалім келді, – деді Берікбол ауызы бұртиып. Сосын атасына қарады:

  • Неге сабақты менің жазу үлгіммен жазбадыңыз? «Мынау үлкен адамның жазуы» деп менің күнделігіме екі қойып берді. Әже, сіз күнделікті бала құсап толтырмайсыз ба? Пысық қыздар құсап әдемілеп жазыпсыз. Мен сізге үйретіп едім ғой!

  • Ойбуууй, – деді әжесі ұялып. – Қайдан білейін. Жастық шағым есіме түсіп, кірісіп кетіп едім...  ұмытып кетіппін. Кәне?– деп маржандай тізілген әріптерге, оның соңындағы екілікке  қарап қызарып кетті.

  • Ой, қу кемпір-ай, байқамайсың ба? Енді екілікті қалай түзейміз? Қане, тез отырып балаша жазуды үйрен! – Атасы ашуланып кетті. Немересі де оқырайып тұр.


Сол мұғалім оңбады. Берікболдың біресе күнделігінен, біресе дәптерінен, біресе сабақ айтысынан мін таба берді. Берікболдың мектепке аяғы тартпады. Сабақ оқудың орнына басқаларды мазақтап, гүжірейген денесімен өзі қатарлы балаларды ықтырып отырушы еді. Енді күннен күнге өзі әжуаға айналып бара жатқан сияқты.  Мына жаңа мұғалім ағай осыны ғана аңдуға келген сияқты.  Әр ісінен қате тауып отырғаны.

Күнде сабақтан қабағынан қар жауып келеді. Алдынан айналып-толғанып шыққан ата-әжесіне тіпті жыны келеді осы күні. Бәріне қамқор қолын созатындары қайда? Мына Қанат деген жаңадан келген ағайының қаһарынан қорғай да алмайды екен-ау.

Әжесі келіп бетінен сүйе бергенде ызасы келді. Баяғы қолынан бәрі келетін, кез келген сәт қуандырып, кез келген сәт  ойынан шығатын, мейіріміне қандырып, көңілін табатын әжесін әп-сәтте ұмытып, басқа – әлсіз, онсыз да қатып тұрған миын ашыта түсетін кемпірді көрді.

  • Қойыңызшы... – деп еміреніп кеп қалған әжесін кеудесінен итеріп қалды.


Әжесі бейқам тұрды ма, «кішкентай құлынының» мына қылығынан шошыды ма, тізерлеп отыра қалды.

Атасы есіктен кіріп қалған екен. Қатты ашуланды.

  • Көргенсіз! – деді, – сен,  «анадан артық дос бар ма,  ашудан жаман қас бар ма?» деген мақалды білесің бе? Егер ашумен дос болсаң, ана мейірімін аяққа таптасаң, бұл дүниеде оңбайсың! – деді атасы жауатын күндей күркіреп.


Атасының бұлай ұрысқанын өмірі көрмеген еді. Анау жаңадан келген Сапар ағайдан қорғап қамқор болудың орнына одан сайын ұрысқанына ызасы келді.

  • Керек емес ешқандай мейірім! Барыңдаршы! – деді долданып.

  • Мейірімнен қалғыр! Әжесін тыңдамай, итеріп жіберген мұны көрдім қазақтан! – деді атасы ашуланып кетіп. – О, несі-ей!  Мынау бұзылып барады екен ғой. Қап, еркелетіп жіберген екенбіз ғой!– Атасы біразға дейін бұрқылдап жүрді.


Берікбол жаурап оянды. Мамыр айы осылай салқын болмайтын еді. Әжесі кеп маңдайынан сүйіп оятар деп біраз жатты. Қазір келіп құшақтағанда бауырына тығылып жылынып алады. Күн әжептеуір көтеріліп қалған сияқты. Әжесі неге келмей жатыр. Таңғы асқа дайындаған тамақтың иісі де шықпайды.

Орнынан тұрып ас үйге келсе ешкім жоқ. Күн жексенбі болатын. Ұйықтап қалды ма екен деп, атасы мен әжесінің бөлмесіне келіп еді онда да адам жоқ. Ас бөлмеде не шәй қайнамаған, не ас пісірілмеген.  Ауызына бауырсақ тығып далаға шықты. Күн шақшиып шыққанмен, еш жылуы жоқ. Жаурап бара жатқан соң қалың киініп шықты. Басқа адамдар жаурар емес, жұқа киімдерімен-ақ жүр. Есіктің алдындағы Ақтөсті ысқырып шақырды. Ақтөс баяғыдай құйрығын бұлғаңдатпайды. Көзін алайта қарап жанына келді. Жүнін ұйпалақтап ойнамақшы болып қолын апара беріп еді, арс етіп тістеп ала жаздады. Ызасы келіп бір тепті. Ит қанқ етті де, ырылдай ұмтылып санына жармасты. Шыңғырып жіберіп, аяғын сілікілеп жүр. Ит айрылар емес, ырылдап тісін батырып барады. Қашып жүріп, қолына ілінген таяқты алып сабалап қуып жіберді. Енді болмағанда жұлып алатындай екен.  Сан еті жылтылдап қанап тұр. Құтырайын деген бұл пәле. Мұны көрсе арсалаңдап қуанып, артынан қалмайтын досы енді болмағанда жеп қоя жаздады.

  • Әжееее! – деді шыңғырып. – Әжеее, ит тістеп алды! Келіңізші! Дәрі жағып беріңізші! Ауырып барады. Атааааа!


Атасынан да, әжесінен де дыбыс жоқ. Ақсаңдап басып солығын баса алмай үйге келді.

Дәрі салатын қорапты ашып дәрілерге қарап біраз тұрды. Қандай дәрі жағатынын білмейді. Әжесі бәрін білетін еді. Қайда жүр өздері. Мұнсыз ешқайда кетпеуші еді...

Көрші Мәриям апай дәрігер. Тамақ баспасы ұстағанда талай емдеген. Қолына дәрі қорабын алып, бір қолымен аяғының жарасын ауырсына ұстап, сылтып басып көрші үйге келді. Мәриям апай есік алдында жарақаттанған торғайдың аяғын дәкемен байлап отыр екен.

  • Мәриям апай, саламатсыз ба! Менің аяғымды Ақтөс тістеп алды. Не дәрі жағатынымды білмеймін, – деді Берікбол ыңырсып. Мәриям апайдың мейірімін білетін. Бұл қалай болды? Қап, құдай-ау! – деп жүгіріп келіп аяғын сипап, емдеп береді деп ойлаған. Соны күтіп ауырсына көзін жұмып орындыққа отыра кетті. Жыртылған шалбардың арасынан әлі қан тамып тұр. Ашып, қатты ауырып барады.


Мәриям апай келе қоймаған соң көзін ашып қараса, дым болмағандай торғайды сипалап отыр.

  • Мәриям апааай, ай! – деді бұл ышқынып.

  • Ааа? Жоқ, қарағым, қолым бос емес. Көрмейсің бе, қу мысықтың не істегенін. Байғұс торғай-ай. Берікбол, сен былай істе: «жедел жәрдем» шақыр. Солар дәрі жағып, емдеп береді. Екпе салады. Мынадай инесі бар. – Мәриям апай қолымен иненің ұзындығын көрсеткенде, Берікбол шошып кетіп, ақсаңдап қаша жөнелді. Ине салу деген ең жек көретін нәрсесі. Бұның ақсаңдап қашып бара жатқанына Мәриям апай артынан шегі қата күліп қала берді.


Не болған бұл кісіге? Қолындағы торғай құрлы болмадым ба?  Не істесе екен? Тезірек ата-әжесін табу керек. Ақсаңдап көршілердің бәрін аралап шықты. Атасы мен әжесін ешкім білмейді. Біреуі жарасын таңып берейін демеді.

Әжесінің мейірімін сағынып жылағысы келді. Қазір жанында болса ғой, ендігі жарасы жуылып, таңылып, теледидар қарап, ыстық сорпа ішіп отырар еді ғой. Қарны да ашқанын енді білді. Көзі жасқа толды. Кір, қан қолымен көзін сүртіп еді, ол жағал-жағал болып бетіне жағылды. Өтіп бара жатқан адамдар бұның түрін көріп шектері қата күліп бара жатыр.

Аула сыпыратын Дана апай мұны отырған жерінен сыпырғысымен түрткілеп тұрғызып жіберді.

– Кет бар! Түрің не деген жаман еді, – деп шәңкілдеді, ылғи жымиып, жәй сөйлейтін апай. Не болған бұлардың бәріне?  Бәрі мұны хан көруші еді ғой. Асқар ата мен Күміс апайдың еркетотайы деп маңдайынан сүйетін. Аңырап жылап келеді. Бұрын осылай жылаған кішкентай балаларды мазақтап талай күліп еді-ау. Ақсаңдаған бойы үйіне қайта келді. Есік ашық-шашық. Атасы мен әжесі әлі келмепті. Үй қыстағыдай суып кетіпті. Денесі қалтырап барады. Үстіне неше көрпені жапса да жылынар емес. Көрпенің бәрі тастай темірден істелінгендей.

Қайтадан есіктің алдына шықты. Күн шаңқайып тұр. Адамдар ыстықтап, жұқа көйлек киіп алыпты. Бұл ғана үстіне күрте, басына тымақ киіп алған. Аяғындағы шалбары сауыс-сауыс, қаннан қатып қалған. Сонда да, қалтырап барады. Дарбазадан шығып тарс етіп құлады да, есінен танып қалды.

Бір кезде есін жиса, айнала аппақ.  Аяғын аппақ дәкемен таңып тастапты. Аппақ киінген  әжей бұған қадалып қарап отыр екен.

  • Мен қайдамын?.. Мен жаурап бара жатырмын. Менің атам мен әжемді білесіз бе?– деді бастырмалатып әжейдің жүзінен күнұзақ көрмеген мейірімді байқап.

  • Сен үшін жүгіріп тыным таппай тамақ істеп, үй жинап, сиыр сауып, құрт қайнатып, мал баққан, сенің сабағыңды сен үшін оқып, сен үшін өмір сүріп жүрген екі ардақты адамыңды ренжіттің. Есіңді ме, кеше сенің әжеңді сен деп соққан жүрегінен итергенің. Анаға кім қол көтереді?! Ол үлкен күнә. Атаң соны көріп қатты өкінді. Қатты ренжіді. Байқамай «мейірімнен қал»  деп қарғап жіберді. Қатты ашудан шығып кетті. «Әке қарғысы – оқ, ана қарғысы боқ» деген сөз бар қазақта. Сол қарғыс саған тиіп кетті, байқадың ба? Бір күнде айналаңның саған деген мейірімі жоғалды. Күн екеш күн де жылуын саған құя алмады. Ит екеш иттің де саған мейірімі жоғалды. Бала көрсе мейірімін төгетін аналар саған жау болды. Көрдің бе, балам, әлем тек мейірімнен тұрады. Мейірімсіз бір күнде өмір сүре алмайсың, – деді әжей.

  • Сіз оның бәрін қайдан білесіз? – деді бұл иегі иегіне тимей қалшылдап.

  • Себебі, сен жоғалтқан мейірім – ол менмін. Менің, яғни мейірімнің арқасында ғана сен аман қалдың. Аналардың бәрі мейірімнен тұрады. Мейірімі жоқ ана – құр бос кеуде ғана. Кешегі қарғыстан кейін әжеңнің бойындағы мейірім ұшып кеткен. Содан бері кеудесі бос қалып, әлсіреп, әжең емханада жатыр. Мен саған мейірім себем, сен соны әжеңе алып бар. Сонда ғана әжең жазылады, – деді аппақ әже.


Өзі орнынан тұрып қолын сермеген кезде, қолынан, үстінен, көзінен бұған сары алтындай сәулелер құйылды. Бұл көзі бақырайып қарап тұр. Сәулелер лезде бойын жылытты. Бойына қан жүгірді. Жылағаннан, жаурағаннан қатып, бүрісіп тұрған кеудесіне қуаныш толып, көзі шырақтай жанды. Аяғын байлаған дәке сырғып түскенде, орнында жараның ізі де қалған жоқ. Қатты қуанып, бойына аппақ әжеге деген мейірім оянды. Жүгіріп барып аппақ әжені құшақтай алды.

  • Бар, бар! – деді аппақ әже бетінен сүйіп. Тез әжеңе бар!


– Әже! Алтын әжем! Атааа! – Берікбол құйындай ұшып емханаға келді.

Әжесінің жүзінде  қан-сөл жоқ, аппақ төсекте қуарып жатыр екен. Адам танымастай өзгерген. Көздерінде от жоқ. Атасы басы салбырап төсектің етегінде отыр.

Берікбол ышқынып барып, әжесін құшақтай алды.

  • Әже, әже, кешірші мені!


Берікболдың бойындағы мейірім әжесінің бойын жылытты. Көзіне сәуле болып, кеудесіне қуат болып құйылып жатты. Ештеңе болмағандай, әжесі баяғыша мейірім шуағын шашып орнынан тұрып Берікболды құшақтап алды.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?