Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейханов қамалған Ақ түрме жайлы не білеміз?

09:50, 31 мамыр 2024 541
Ақ түрме заманында қазіргі Павлодар қаласындағы Астана және Лермонтов көшелерінің қиылысында орналасқан. 
Павлодарда қазақтың талай азаматтары, соның ішінде Әлихан Бөкейханұлы жазасын өтеген "Ақ түрме" болған. Ғимарат ақ патша заманынан, ақтардан қалғаны себепті халық аузында солай аталып кеткен.

Қазір бұл көне нысанның орнында тоғыз қабатты зәулім баспана бой көтерген.

Ақ түрме заманында қазіргі Павлодар қаласындағы Астана және Лермонтов көшелерінің қиылысында орналасқан. Аумақтың ресми атауы 1919 жылға дейін 8-Мещан тұйық көшесі болғанымен, халық аузында "Тюремный шолақ көшесі" деп аталып кеткен.

"Ақ түрменің" орнында ХІХ ғасырдың соңында казак-орыс әскерлері жаттығулар жүргізіп, салтанатты шерулер жасаған. Қарсысында барак үлгісінде ағаштан салынған әскери казарма, қару-жарақ қоймасы, гаупвахта және әскери бастық үйі болған. Осы әскери казармалар арасында уездік түрменің екі қабатты кірпіш ғимараты орналасқан. Шамамен 1880 жылы бой көтерген.

Кеңес өкіметі орнағанға дейін Ақ түрмеде қылмыскерлер ғана емес, саяси сенімсіздер, халықшылдар, кейіннен социал-демократтар мен большевиктер жазасын өтеген. Қызылдар қалада билік орнатқан соң түрме көп уақытқа дейін жұмыс істеп, Сталин режіміне қарсы болғандар тоғытылды. Тек арада 100 жыл өткенде, 1980 жылы ғимарат құлатылып, орнына қазіргі тоғыз қабатты тұрғын үй тұрғызылады.

Э. Соколкиннің дерегінше, кеңес өкіметі орнаған уақытқа дейін Павлодарда жалғыз ғана түрме болған, яғни осы Ақ түрме. Ендеше кезінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы жазасын өтеген түрме нақ сол болуы ғажап емес.

Әлихан Бөкейханұлының 1906 жылғы 21 ақпанда А.М. Колюбакинге жазған хаты Мәскеудің әскери-тарихи мұрағатында сақталып қалған.

Хатта ұлт көсемі: "...Мақала-хатты заңсыз жолмен жіберіп отырмын. Менің хаттарым тексеріледі, тіркеледі. Егер маған хат жазамын десеңіз: Павлодар. Медицина фельдшері Аманбай Шегіровке. Оның ішіне Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановқа деп жіберіңіз. Мемлекеттік Думада кездесерміз. 21.02.1906 ж. Павлодар, Семей облысы. №25. Газетті менің хатыммен бірге Павлодарға Нароконовқа жіберіңіз" деген жолдар бар. Әлихан Бөкейханұлы Павлодардың түрмесінен жолдаған хаттарының соңына нақты уақытын және "Павлодар. Түрме" деп жазып отырған.

Әлихан Бөкейханұлының өміріне қатысты соңғы жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларда кеңес өкіметіне дейін Алаш көшбасшысы патша үкіметінің қуғындауына ұшырап, жер аударылғаны туралы кеңінен айтылады.

1917 жылға дейін үш рет (1902, 1906, 1908 жылдары) тұтқынға алынып, түрмеге қамалған, ал 1909-1917 жылдары Самарада айдауда болды. Ендеше тұлғаның "Ақ түрмеде" болғанын дәлелдейтін бұдан асқан айғақ жоқ деп ойлаймыз.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар