Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейхан – қазақтың мың­жылдық арманы, намысы, мұңы туғызған тұлға

21:44, 12 наурыз 2024 419

Әлихан Бөкейхан – қазақтың мың­жылдық арманы, намысы, мұңы туғызған тұлға. Қазақтың мың­­жылдық арманы не еді? Қа­зақтың азат болғаны, елдің дамуы, өркендеуі, ақжарылқап заманға жетуі, жақсылық көруі, игілік көруі.

Халықты ойлаған жан осы­лай армандар еді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазаққа бір сапа керек болды. Әли­хан сол сапаны сезініп, жауапкер­шілікті түйсініп туған тұлға секілді. «Хан баласының мойнында қазақ­тың өтелмеген қақысы бар еді, соны ақтауға тырысам, қазаққа қайт­сем де қыз­мет қылам» деп айтатыны бар. Сол айтқанындай, хан баласының қақысы – дұрыс билік жүргізу, елді үлкен жауапкер­шілікпен басқару. Әлихан осыны бала кезінен сезінгені байқалады.

Ол қайда оқыса да, қандай қызмет атқарса да, осыны біліп, зерделеп және бір кездегі ата-бабалары басқарған Қазақ хандығын жаңа заманға үйлестіре алған тұлға ре­тінде көрінеді. Егер шындап кел­генде, қазақтың үзілген мем­лекет­шілдік арқауын жалғаған тұл­ға деп айтар едік. Соның құры­лымын ақылмен де, тәжірибемен де жасай білген тұлға.

Тарихта мұндай тұл­ғалар сирек туады. Бірінші, әрине болашақ мемле­кеттің, яғни бола­шақ құрылым­ның жобасын айқын­дай алу. Және соны сол кезеңдегі шындықтың аясында көре білуі. Ол кездегі шындық не? Біз отарланған елміз. Ресей империясының қол астын­да­мыз. Сол империяның қол ас­тын­дағы елді құқықтық мемле­кетке айналдыруды мақсат тұтты. Еу­ропалық бағыт ұстанған құ­қық­ты елі болса деп армандады.

Әлихан қазақтың шындығы аясында бол­жам жасай алды әрі соны жүзеге асырудың тетіктерін ойластыра білді. Бұған оның мақала­лары, зерт­теулері, жоба­лары жауап бере алады. Оның қайраткерлігіне шы­найы баға берілді ме деген сауалға айтарым, әр ұрпақ ауысқан сайын өз бағасын беретін болады. Өткен ғасырдың 90-жылдары Әлиханның еңбектері енді ақталып, ғылыми айналымға түскен кезде біз оны оқып таңғалғанбыз. Осындай пікір айтқан тұлға осыдан 100 жыл бұрын туғанына таңданған едік сонда.

Ол кісінің түрлі та­қырыптағы ғылыми- зерттеулеріне, мақалаларына қарап, өресіне, біліміне қайран қалғанбыз. Біздің қазіргі буын Әлиханға ең жоғары бағасын беріп қойды. Мемле­кетшіл және мем­лекетті, яғни шашылған халықты жинап, соны басқарудың жөнін білген әрі соны дұрыс үйлестіре ал­ған тұлға ре­тінде танимыз. Президенттің «Тә­уелсіздік бәрінен қымбат» мақа­ласындағы тұжырым­дамалық ойлар Әлихан дәуіріне берілген шынайы баға деп есеп­тейміз. Бұ­йырса, бұл ойлар әлі де толық­тырыла жатар.

Жалпы, біздің Алаш мұрасы, Алаш тұлғалары алдындағы парызымыз әлі де көп. Оны орындауға тиіспіз. Кітаптары жарияланды, аз таралыммен бол­са да оқырманға жетіп жатыр. Оның кітаптарын кез келген кітап­хана төрінен табуға болады. Бірақ ары қарай дамытып әкету, оны жеткізу, ол үшін үлкен әлеует керек. Әлеует дегеніміз – көзі ашық азаматтар. Мәселен, мұ­ғалім­дер өз пәніне қарай, Әлихан­ның ғылыми жазба­ларын түсін­діре алса, онда жас буынға тұлға мұ­расы дұрыс жетеді деген ой­дамын.

алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы

aikyn.kz сайтына берген сұхбатынан 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар