Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейхан: Қанша оқысақ та, тәрбиеміз кем болса, хасиетіміз аз

19:11, 15 сәуір 2024 606

Роман деген сөздің мағнасы мынау. Осыдан 150 жыл бұрын Италия французды билеп тұрған заманда екі тіл қатысып, ортадан дара роман тілі туған. Осы тілмен француз жазушылары сол заманның кемшілік, таршылығын көрсетіп кітап жазған һәм кітаптарын роман тілімен жазған үшін «роман» деп атаған.

Сонан бері міне 18 ғасыр (ғасыр - жүз жыл) осы мақсұд, осы мағнамен әр нәсілдегі, әр діндегі халық өзінің өмірін, өзінің ана тілімен жазып келе жатыр. Сол жазған кітаптарын роман деп атап кетті. Романның басталуына 18 ғасыр дедік. Сонан бері әр халық романды өте қадір тұтып, жоғары ұстап, гүлдетіп, жасартып көп кітаптар шығарып келеді.

Романның ішкі мағынасы: тіршіліктің жарық һәм күңгірт жағын бейне өзіндей етіп суреттеп, адамның өзіне көрсету. Роман - адамзаттың өмірін, дәуірін бұлжытпай көрсетуші баға жетпес айна. Роман суреттеп көрсетеді: я бір адамның, я бір нәсілдес, бір тілдес халықтың өмірін, яки бір қалыптағы заманның қатардағы жәмәғитын, я қилы-қилы замандарда болып өткен халықтардың өмір халін.

Романның асыл мақсады: адамзаттың мінез-құлқын түзетпек, кемшілікті, қараңғылықты адамзаттан қумақ. Мұнан мұрад, ол адам баласына үйретінді үлгі, тәрбие бермек.

Осы кезде роман адамды жоғары, төменге бөлмей, шетке қақпай, талғамай сынап жазып отыр, яғни роман көпке бірдей болып, роман - һәркім өз керегін алады, өз мінін я артықшылығын табады. Осы заманда романда жазылады: тұтас халықтың, буын-буын елдің, патшалықтың, мәжілістің жайлары, адамның білім-өнерін, шаруа тұрмысын.

Осы рет, осы мағнамен 18 һәм 19-ыншы ғасырда атақты роман шығарушылар: Англияда Валтер Скот, Чарлз Диккенс, Теккерей, орыста Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Толстой һәм басқалар.

Толстой өзінің данышпандық һәм хакімдік жағынан «Соғыс һәм татулық» деген роман жазып шығарғандығымен бүтін жер үстіндегі адам баласына атағы жайылды. Мұнда Толстой алуан-алуан адамның мінез-хұлқын бірін қалдырмай тізіп, адам өмірінің жіңішке қылдай жерін суреттеп көрсетеді. «Соғыс һәм татулық» романында бар: патша да, министр де, төре де, офитсер де, салдат та, кәсіпшілер де, саудагерлер де, байлар да, қызметшілер де, егінші де, мұғалім де, шәкірд те, би де, жесір де, еркек те, әйел де, бала да, кәрі де, жас та. Осылардың бар өмірі, мінез-құлқы, әділдік-зорлығы, артық-кемі, күшті-әлсізі, бәрі де көз алдыңа келіп тұрғандай елестейді.

Романды түсініп оқыған адам, әлгі айтқанның бәрін көреді, сондықтан роман - өмір айнасы.

Қазақта роман бұрын жоқ еді. Біздің арамызда қазақша бірінші роман шығарған Мир Яқұб Дулат. Оның «Бақытсыз Жамал» деген романы 1910 жылы басылып жарыққа шықты. Басқа халықтарда, жоғарыда айтқанымыз секілді, неше ғасырдан бері тамыр жайып, күннен-күнге, жылдан-жылға ілгері басып, сабасына толып тұрған кезінде, біздің қазақта ең бірінші көзімізге көрінген романды озық жұрттардікімен салыстыруға болмайды, біз өз бойымызға лайықтап, мұны қазақ әдебиетінде тәуір қызметке санаймыз.

«Бақытсыз Жамалда» қазақтың хазіргі жайынан біразы көрінеді. Мұнда қазақтың қай жерінде болса да, малға қызығып я партияға қызығып қыздарын жастай күйеуге беру жайы бар, ысырапқа ақша шашып, жақынымен араздасу, қызын сүймегеніне жылатып ұстап беру, бұған шыдай алмаған қыз теңін көксеп қайғыға бату бар. Ата-анадан күдер үзген соң, өз теңімен қашар бар, ахырында хорлық көру бар.

Мұнда бар: шала сауатты молла да, жаңа мұғалім де; бар мұнда ақсақал да, би де, болыс та, тілмаш та, орыс та, өтірікке куәлік бергіш указни молла да. Мұнда бар һәр түрлі әйелдер, бозбалалар, ойын-сауықтар. Осылардың мәрхәмәті, зорлық-зомбылығы, қазақтың рәсімі көрсетілген.Мұнда партия да, партияға құмарлар да, ел арасын бұзушы қулар да, барымта да бар. Қабағын салбыратып, еңсесі түсіп, топтан мұңайып Сәрсембай келе жатыр...

Енді біз түсіндік, роман көпке арналған кітап екенін; көптің кітабы болса, һәрқайсысымызға тиісті, міндетті романды тесе қарап, телміре оқып, мінез-хұлқымызды түзеп, романнан халіміз жеткенше тәрбие алу керек.

Төрт аяқты аңдар мен тәрбиесіз тағы өскен адамдар бірінің етін бірі жейді. Негір халқы үй ішінен семізі өлсе қуанып, арығы өлсе, жеуге келмейді деп күйініп қалады екен. Біздің елу басылар, болыс-билеріміз семізді жығып, арықты семіртіп жеп жүрген жоқ па? Мұның негірден басқалығы қанша?

Міні, сондықтан өнер-білім керек, онан да керегірегі тәрбие. Қанша оқысақ та, тәрбиеміз кем болса, хасиетіміз аз.

Арыс ұлы.

«Қазақ» газеті, 1914 жыл, №48

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. XIII том.-Астана, 2018
 

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар