Алматы қаласында да бұл мәселе өте өзекті болып отыр. Біз бұған дейін оңтүстік астанамыздың Алатау ауданындағы салынып біткен, межелі мерзімінде пайдалануға берілген мектептер туралы жазған болатынбыз. Дегенмен де бұл мәселе әлі де өзекті болған соң қайт айналып соғып отырмыз.
Шаһар басшысы Ерболат Досаев Президент Жарлығы бойынша қалалықтармен кезекті кездесуінде мектептердегі орын тапшылығы, үш ауысымдық оқи жүйесінің ауырлығы жайында арнайы тоқталып, баса айтып өтті. Шаһар басшысы Алатау ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде салынып біткен, әлі де құрылысы жүріп жатқан мектептердің жай-жапсары туралы айтқан болатын. Алматы қаласы бойынша үш ауысымдық оқу жүйесі №196 мектепте ғана. Рахат-Мәдениет шағын ауданындағы осы мектепте оқушы көптігінен орын тапшылығы туындап, балалар үш ауысыммен оқуға мәжбүр болған еді. Бұл мәселе де түпкілікті шешімін тапты. Шағын ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасының негізінде зәулім мектеп бой көтерді. Алматы қаласындағы мектептерде оқушыларға орын тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуді президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып, тиісті орындарға тапсырма берген болатын.
Мектептердегі орын тапшылығы турасында қала басшысы Ерболат Досаев: «Алматы қаласы бойынша үш ауысыммен оқытуға мәжбүр болған тек жалғыз мектеп осы №196 білім ошағы еді. Енді міне, мемлекетіміздің қолдауымен жаңа мектеп ашылып, үш ауысыммен оқытудың мәселесін түпкілікті шешіп берді. Жақын күндері Нұркент пен Дархан шағын аудандарында салынып біткен жаңа мектептер де пайдалануға беріледі. Одан бөлек Саялы-2, Зерделі, Самғау шағын аудандарында да мектеп құрылысы басталып, жүргізіліп жатыр. Бұл дегеніңіз, Саялы-2 шағын ауданында 550 орындық мектеп бой көтеріп, Зерделіде де 550 балаға арналған мектеп салынады деген сөз. Самғау ықшам ауданына мектеп салу мақсатында Ұлттық Ұланға тиесілі жер телімінен 2,5 гектар учаскені бөліп беру жөнінде келісім жасалды. Сол орынға алдағы уақытта нақтырақ айтқанда келер жылы 1500 балаға арналған заманауи үлгідегі мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз», – деген болатын.
Қала әкімдігінің қолдауының нәтижесінде бой көтерген жаңа мектептің директоры Бүркітбаева Гүлмира Жолдасбайқызы білім ошағы турасында былай дейді. «Алматы қаласы, Алатау ауданы «№196 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2022-2023 оқу жылы ескі «Рахат» ықшам ауданы Байжанов -1 мекен жайынан «Мәдениет» ықшам ауданы А.Сулейменов 15-те бой көтерген жаңа ғимаратқа орналасты. Мектеп қазіргі заман талабына сай жабдықталып салынған. Мектеп 3 қабаттан тұрады. Мектептің жалпы аумағы –19874,7гектар жерді алып жатыр.
Мұғалімдердің заманауи оқыту әдістері мен формаларын пайдаланып сабақты жоғарғы деңгейде жүргізу үшін мектеп толығымен қазіргі талапқа сай жабдықталған. Оқу ғимаратында барлығы 86 кабинеттен тұрады, оның ішінде 76 оқу кабинеті 2 жатын бөлме, 1 ойын бөлмесі, 3 зертхана, 3 жеке зертханалық кабинеттер бар. Балалардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. Мектеп ауласында оқушыларға арналған футбол және ойын алаңдары да салынды.
Бастауыш сынып 5-7 сыныптар және 8-11 сыныптарға арналып 3блокқа бөлінген. А блогында бастауыш сынып оқушылары мен мектепалды даярлық тобы білім алуда. В блокта 5-7 сынып оқушылары оқиды. С блокта жоғары сынып оқушыларына арналған сыныптар жасақталған. Пәндер бойынша жаңа заманауи зертханалық және компьютерлік сыныптар берілген.
2022-2023 оқу жылы «№196 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2022 жылы 05 қыркүйек күні 1-10 сынып аралығы 55 сынып жасақталынды, мектепалды даярлық тобы -3. Жалпы оқушылар саны 1216: 1-4 сынып аралығы 624, 5-9 сынып аралығы 581, 10 сынып жаратылыстану-математикалық бағытта 11 оқушы. Мектеп алды даярлық топтарында - 50 бала.
Оқушылар саны күннен күнге көбейуде. Қазіргі таңда бастауыш сыныпта 705 оқушы, 5-10 сынып аралығында 643 оқушы, жалпы 1348 оқушы білім алуда.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына және «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1-наурыздағы №205 Жарлығына сәйкес, Алматы қаласы Білім басқармасының 2017 жылғы 10 тамыздағы №285 бұйрығы негізінде ерекше білім қажеттілігі бар балаларды инклюзивті білім беру 4 оқушыға ұйымдастырылған.
Денсаулығына байланысты 5 оқушы үйден оқытылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтарындағы №64 Қаулысымен бекітілген және 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158 бұйрығы 10-қосымшасының негізінде әлеуметтік қорғалмаған білім алушылар мен күн көрісі төмен отбасылардан шыққан білім алушыларға төмендегі көп балалы, толық емес отбасы, аз қамтылған отбасы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы балаларды және қамқорлыққа алынған балаларды 5-10 сынып аралығындағы 2022 жылдың қыркүйек айының 1-нен бастап күніне бір мезгіл мектеп асханасынан ыстық тамақ 56 оқушыға ұйымдастырылған.
Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 2022 ж бала жылы болып саналды. Жергілікті басқару есебінен 2022-2023 оқу жылында барлық 1-4 сынып оқушылары қыркүйек айының 1-нен бастап тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген
Мектепте жоғары білімді 94 мұғалім оқушыларды білім нәрімен сусындатып, шәкірт тәрбиелеп келеді» деді.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы әсіресе әлеуметтік саланы жаңғыртуда өзінің тиімділігін көрсетіп келе жатқан жоба. Экономистер бұл жобаның кезінде Ұлыбритания елінен бастау алып, Еуропа құрлығына таралғанын, жақсыны көрмекке деп 2000 жылдардың басында елімізге де келгенін айтады. Бұл бағдарламаның ең ұтымды тұсы, мемлекетке жекелеген кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың тікелей қолдау-көмегін көрсетуіне үлкен дәліз ашып отыр. Қазынадағы қаражаттан азаматтарға қажетті әлеуметтік маңызы зор нысандарды, мекемелерді салуға үнемі мүмкіндік ола бермейді. Мұндайда мемлекет тиісті жер телімін бөліп, компаниялар, жекелеген кәсіпкер азаматтар өз қаражатына сол жерге қажетті нысанды салып береді. Бұл екі тарапқа да тиімді болып ұзақ және орта мерзімдік уақытта екі жақтың да әлеуетіне сай жұмыс атқарылады. Тиімділік дегеннен шығады, бұған дейін елімізде қандай да бір әлеуметтік нысан салынатын болса, алғашқы қазығы қағылғаннан, соңғы шегесіне дейін мемлекет тікелей жауапты болып өзі қадағалап, күш жұмсайтиын қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің арқасында бұл тығырықтан да жол табылды. Аталған бағдарламаның нәтижесінде міне, Алматы қаласында үш ауысыммен оқытудың да мәселесі шешіліп, бірнеше мектептер салынып, білім саласының сапасы артуына септігін тигізіп отыр. Демек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті Алматы қаласында өзін толықтай ақтап келе жатқан жоба деп айтуға болады.
Қуан Есім