Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Театрда жаңа қойылым сахналанды

09:36, 06 маусым 2022 306
Биыл Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық драма театры 95-маусымын үлкен  абыроймен аяқтады. Көрерменімен уақытша қошатасар алдында «Премьерар апталығы» арқылы жеті бірдей жаңа спектакльдің тұсауын кесіп халыққа ұсынды. Өнерсүйер қауым театрдың жаңа қойылымдарына ерекше ықылас білдірді. Әсіресе театр сахнасында мемлекетшіл тұлға  Мұстафа Шоқайдың қасіретті тағдыры, мұң-шерін көрсететін «Менің Мұстафам!..» драма-диалогы көрерменнің көңілінен шықты.

Қойылым Мұстафаның сүйікті жары Мәрияның естелігі арқылы баяндала отырып, тұлғаның барлық болмысын, күрескерлік тағдырын көрсете білген.  Тұлғаның жарының рөлін сомдаған актриса Күнсұлу Шаяхметова «Қазіргі таңда көрерменнің талғамы өзгеріп кеткен. Біз арзан күлкіге үйірміз. Көп нәрсеге жеңіл қараймыз. Тарих қойнауына үңіліп, көрерменнің  көзайымына айналу шынын айтқан кезде  өте қиын, өте ауыр. Мен ол ауырлықтан қашқаным жоқ. Менде тек бір ғана мақсат болды. Қазақ халқының азаттығы үшін жанын құрбан еткен Мұстафа Шоқайдың асыл жары Мәрия апайымыздың рөлін жақсылап ойнап шығуды мақсат еттім. Спектакль қалай шықты, мен рөлімді алып шыға алдым ба, жоқ па, білмедім. Ол жағын көзіқарақты көрермендеріміз айта жатар», – дейді. Театр маусымын осындай айрықша қойылыммен жапқан ұжым «халық қалай бағасын береді» деп алаңдаулы.  Қойылымды тамашалап отырып, актрисаның шеберлігіне халық тың сүйсіне қарағаны, алаш қайраткерлерінің тағдырына үңіле қарағаны байқалады.

«Рөльге екі жыл бұрын бекітілдім. Карантиннің кезінде құлағыма жастанып жатып сөздерін жаттадым. Моно-спектакльде бір өзің тіршілік етесің, ол өте қиын. Халықты сендіру қажет. Мәрия апайымыз 80 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қойылым ол кісінің жастық шағынан бастау алып, өмірінің соңғы кездеріне дейінгі уақыттарды бейнелейді. Сол себептен ынта-ықыласыммен ол кісінің жан-дүниесін ұғынуға тырыстым. Мәрия анамыздың қолымен жазылған хаттарын оқыдым, фото суреттерін өз көзіммен көрдім», – дейді актриса Күнсұлу Шаяхметова. Тұлға тағдырына театр сахнасы арқылы қарауды мақсат еткен ұжымның басты мақсаты орындалғандай. Өйткені Мұстафа Шоқайдай тұлғаның өмір шындығы театрда әлдеқайда жақын көрсетілген деп бағалаушылардың қатар көп болып отыр.

Бұдан бөлек, театр мұражайында Мұстафа Шоқайға арналып көрме ұйымдастырылуы театрға келген көрермендердің де айрықша көңілінен шықты. Көрмеге қойылған тұлғаның суреттері мен шығармаларына үңіле қарап, танысуға ниет білдіргендердің қатарының көп болуынан соны ұқтық. Алматыдағы мәдениет ордаларының бірі Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық драма театры Мұстафа Шоқайдай тұлғаға жаңа қырынан бір қарауға көрерменін өзінше тартқанын байқадық.

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар