Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Су тасқыны орын алған аймақтарда жер беру туралы шешім шығарған әкімдер жазаға тартылуы қажет - Абзал ҚҰСПАН

15:33, 30 сәуір 2024 927

«Табиғи апатқа кінәлілердің жауапкершілігі міндетті түрде көтерілетін болады. Су тасқыны орын алған аймақтарда жер беру туралы шешім шығарған басшылық қызметтегі жергілікті әкімдердің барлығы да тиісті жазаға тартылуы қажет». Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі заңгер Абзал Құспан Alash.kz ұлттық порталына берген сұхбатында айтты.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕКТІГІ ЖАЙЛЫ НАҚТЫ АЛГОРИТМ ЖОҚ

«Өкінішке қарай, елде орын алған су тасқыны Қазақстанда бірінші рет болып жатқан жоқ. Бір айға жуық уақыт бойы Орал қаласында болдым. Осы уақыт аралығында заң шығарушы билік өкілі ретінде табиғи апаттың негізгі себептерін анықтау мақсатында әрі болашақта мұндай жағдайды болдырмау үшін не істей аламыз деген мәселені жан-жақты зерттедім. Апат салдарынан зардап шеккен жергілікті халықпен, атқарушы билік өкілдерімен, жұмысқа тартылған құтқарушылармен кездесіп, тиісті құжаттарды сұратып, бірқатар өзекті мәселе заңдық тұрғыда реттелуі тиіс деген қорытынды жасадық. Мәселен, аймақтық деңгейде осындай төтенше жағдай жарияланған тұста не істеу қажеттігі жайлы нақты алгоритм әлі күнге дейін қалыптаспаған. Жергілікті халық осындай төтенше жағдай кезіңде кімге, қайда, қалай хабарласу керектігін де білмейді. Мысалы, бізде Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Аққозы ауылы суға кетіп қалған кезде екі күн бойы ешқандай көмек барған жоқ. Тек екі күннен кейін бірақ оларды тікұшақпен эвакуациялауға тура келді», - дейді Абзал Құспан.

САЯЖАЙ ҚОҒАМДАСТЫҚТАРЫН РЕТТЕЙТІН ЗАҢ ҚАЖЕТ

«Заңнамалық тұрғыда реттеуді қажет ететін тағы бір өзекті мәселе -  өз беттерінше салып алған бөгеттер, дамбылар, су қоймалары, шлюздер, осылардың көпшілігінде меншік иесі дұрыс белгіленбеген. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Ұзынкөл ауылында орналасқан су қоймасы осы ауданның балансында екен. Негізінде осындай ірі-ірі су қоймаларын, гидротехникалық құрылымдарды «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК балансына беруіміз керек. Тағы бір өзекті мәселе - Орал қаласының айналасын қоршаған 150-ден астам саяжай қоғамдастықтары бар екен. Ал Қазақстанда осы саяжай қоғамдастықтарын реттейтін заң жоқ. Бұл тек Орал қаласының емес, барлық елімізге ортақ мәселе. Айта берсең, осындай заңдық тұрғыда реттеуді қажет ететін жұмыстар өте көп»,- дейді Мәжіліс депутаты.

БҰЛ ЖАҒДАЙ БІЗДІҢ ҰЛТ БОЛЫП ҰЙЫСА АЛАТЫНЫМЫЗДЫ КӨРСЕТТІ

«Осындай сын сәттерде кімнің-кім екендігі көрінеді. Кім бір орында ойбайлап, отыра береді. Кім шын мәнінде халқына, еліне нақты көмек қолын созады. Осы мәселелердің ара-жігі ашылады. Белгілі бір дәрежеде бұл сынақтың болғаны да жақсы. Бұдан да үлкен сынаққа тап болсақ не істер едік?! Мысалы, бір мемлекет бізге соғыс ашса не істейміз? Соғыс жағдайында халықты қалай мобилизациялаймыз? Егер осындай сынақтар болып тұрмаса... Зардап шеккен аймақтарға көмектесіп жатқан волонтерларымызға қарап, көңілім көтеріліп, еліміздің ертеңіне деген үмітім оянады. Неге? Өйткені, небір мықты-мықты қазақтың азаматтарын көремін. Ел басына күн туған шақта жан-жақтан келіп, қолынан келгенше қол ұшын созып жатыр. Әшейінде теледидардан ғана көретін отандастарымыз күн демей, түн демей жұмыс істеп жүр. Бұл - әлі де болса Ұлт болып ұйыса алатынымыздың белгісі. Осындай қиындықтар осыны дәлелдей түсті»,- дейді Абзал Құспан.

ТАБИҒИ АПАТҚА ТЕК ҮКІМЕТ ПЕН ЖЕРГІЛІКТІ АТҚАРУШЫ ОРГАН ҒАНА КІНӘЛІ

«Су тасқыны салдарынан зардап шеккен халық эвакуациялау пунктерінде жатыр. Ертеңгі күндеріне алаңдаулы. «Қиналып жүріп, кредитпен салған үйімізді қайтадан қалпына келтіре ме? Шығын өтеле ме?» деген көңілдерінде алаң бар. Халқымыздың қаншама мүлкі суға кетті, адамдардың өзі қаза тауып жатыр. Бірақ, бұған табиғаттың ешқандай кінәсі жоқ. Бұл табиғи апатқа тек Үкімет пен жергілікті атқарушы орган ғана кінәлі. Біз 30 жыл бойы қайталанып келе жатқан осы қателігімізден сабақ алуымыз керек. Су деген үлкен ризық, үлкен байлық. Алла Тағаланың бізге берген осы зор нығметін пайдалана алмай отырған біздер де кінәліміз. Болашақта бүкіл әлемді су мәселесі күтіп тұр. Соның ішінде Орта Азия елдерінде, әсіресе Қазақстанда тұшы сумен қамтамасыз ету мәселесі қашан да өзекті. Қазіргі жағдайда біз суды жан-жаққа ағызып әлек болып жатырмыз. Суды ұқыптап, шаруамызға тиімді пайдалануымыз қажет. Ақылды адам өзінің жіберген қателігінен өзі сабақ алады. Одан да ақылды адам өзгенің қателігінен сабақ алып, оны болдырмауға тырысады. Осы апатты жағдайдан үлкен сабақ аламыз деген үміттемін»,-деді Мәжіліс депутаты.

ЕШБІР ӘКІМ ЗАҢСЫЗ ЖЕР БЕРУМЕН АЙНАЛЫСПАУЫ КЕРЕК   

«Менің мамандығым - заңгер. Соның ішінде қылмыстық заңнама саласының маманымын. Табиғи апатқа кінәлілердің жауапкершілігі міндетті түрде көтерілетін болады. Мен қазір олардың аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйын. Тиісті растаушы құжаттарды күтіп отырмыз. Бұл жерде барлық аймаққа тән ортақ мәселе бар. Неге суға кеткен өңірлерде заңсыз жер бөлінген? Жергілікті әкімдер ПДП-ны (проект детальной планировки) бекітіп жіберген. Қызығын тура мағынасында жергілікті атқарушы билік өкілдері көреді екен. Ал қасіретін, зардабын қарапайым халық тартады. Бюджет халықтың қазынасы ғой. Неге солардың қателігі үшін халық өз есебінен бюджеттен шығын өтеуі қажет? Елде орын алған осы апатты жағдайдан кейін заңсыз жер берген әкімдердің жауапкершілігі туралы мәселе өзектеле түседі. Ендігәрі ешбір әкім, ешбір атқарушы билік өкілі осындай заңсыз жер берумен айналыспауы керек. Су тасқыны орын алған аймақтарда жер беру туралы осындай шешім шығарған басшылық қызметтегі жергілікті әкімдердің барлығы да тиісті жазаға тартылуы қажет. Оны міндетті түрде қадағалайтын боламыз»,- дейді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

ЕШҚАНДАЙ ШАРА ҚАБЫЛДАНБАСА, БИЛІККЕ ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ ТӨМЕНДЕЙДІ

«Өзі жауапкершіліктің үш-ақ түрі бар. Тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық. Ең әуелі осы апатқа кінәлілерге қатысты қылмыстық жауапкершілік мәселесін қарастыру керек. Егер қылмыс құрамы жоқ болатын болса, онда сыбайлас жемқорлық сипатымен, не болмаса басқа да тәртіптік жолмен жазаланулары қажет. Оның ішінде қызметтен босату, сөгіс беру және т.б. кіреді. Бірінші кезекте барлығы қылмыстық тұрғыда толық тексерілуі тиіс. Мен шешім қабылдайтын адам емеспін. Бірақ халықтың үнін жоғары жаққа жеткізе алатын және тікелей оның орындалуын талап ете алатын үлкен мүмкіндігі бар алаңшада отырған депутат ретінде халық мәселесін көтеру - біздің парызымыз әрі міндетіміз деп білемін. Әр нәрсенің шегі бар. Бұл апатты жағдай шегіне жеткенін білдірді. Дәл осы кезде тағы ешқандай шара қабылданбайтын болса, онда жалпы билікке деген халықтың сенімі төмендейді. Оның салдары қандай болатынын бәріміз де білеміз. Егер билік өзінің реформасын ары қарай жалғастырғысы  келетін болса, өз қызметін ары қарай ұстап тұрғысы келетін болса, тиісті шараларды қабылдауға міндетті. Жоғары билік осы апатты жағдайдан дұрыс қорытынды жасап, тиісті шараларды қабылдаймыз десе, іске асырады. Ал егер тиісті нәтиже шығармаса, халықтың  сенім білдірмеуінен билік легитимділігін жоғалтып алуы мүмкін»,- дейді Абзал Құспан.

ҚАЛА, АУДАН ӘКІМІ БОЛЫП ҚҰРЫЛЫСТАН ХАБАРЫ БАР АДАМДАР КЕЛГЕНІ ДҰРЫС 

«Үкіметтің алдында кадрға қатысты мәселені де көтерітін боламыз. Менің ойымша, облыс әкімі қызметіне жалпы саясаттан хабары бар адам тағайындалғаны жөн. Ал қала, аудан әкімі болып құрылыстан хабары бар адамдар келгені дұрыс деп есептеймін. Өйткені, өзім құрылысшыларды адвокат ретінде көп қорғадым. Қазіргі мына жағдайда осындай кадрлардың қажет екенін өз көзіммен көріп отырмын. Ал енді жеке өзіме келетін болсақ, әкімдікке бару ерте деп есептеймін. Өз басым осы күнге дейін әкім болу туралы ойламаған едім. Бізде әлі де болса тәжірибе жеткіліксіз. Себебі, мен осы уақытқа дейін тек қана прокуратура, адвокатурада істеп, негізінен бір жақты қылмыстық істермен айналысқан адаммын ғой. Бүгінгі күні Мәжілістегі менің орным да, тәжірибем де заң шығарушы органға әлдеқайда көбірек қажет. Бұл жерде мәселелерді көтергеннен бөлек нақты Мәжілістің өзі айналысатын заң шығарушы органның жұмысы бар ғой. Сондықтан заң шығарушы органда нақты өз орнымда отырған адаммын деп есептеймін»,- дейді Мәжіліс депутаты.

ПАРЛАМЕНТТІК БАҚЫЛАУ ТУРАЛЫ АЙТЫП КЕЛЕ ЖАТҚАНЫМЫЗҒА БІРАЗ УАҚЫТ БОЛДЫ

«Бүгінде Мәжіліс қабырғасында бастап жатқан бірқатар жұмыстарымыз бар. Алдағы жоспарларымыз бар. Жоғарыда атап өткенімдей, бізге Төтенше жағдай кезіндегі нормативтік-актілерді жетілдіру керек. Саяжай қоғамдастықтарының қызметін реттейтін Заң шығару керек. Осы жағынан мен елге көбірек пайдалымын деп ойлаймын. Су тасқынынан зардап шеккен халықпен етене араласып, болашақта дұрыс қорытынды жасайтындай көптеген пайдалы ақпараттарға ие болдым. Сондықтан, біздің алдымызда тұрған міндет – осы апатты жағдайда барлығын өзіміздің көзімізбен көрдік, қолымызбен ұстадық, енді сол құжаттарды рәсімдеп, дәлелдеп, тиісті әр түрлі ведомстволарға, Үкіметке, министрліктерге, құқық қорғау органдарына жолдап, солардың алдарында мәселені дәлелдеп, дәйектеп жеткізу. Парламентте басқадай мүмкіндік жоқ. Парламенттік бақылау туралы айтып келе жатқанымызға біраз уақыт болды. Бірақ әзірге басқа дамыған елдердегідей Парламенттік тергеу функциясы жоқ», - деді Абзал Құспан.

БЫЛТЫР ОСЫ АПАТТЫ ЖАҒДАЙ БОЛМАЙ ЖАТЫП ҮНДЕУ ТАСТАП, ДАБЫЛ ҚАҚТЫҚ

«Былтыр су тасқынының алдын-алу бойынша халыққа түсінікті болсын деп шағын видеоролик жасап, үндеу тастаған едік. Ол кезде мен қандай да бір биліктің өкілі болып табылмадым. Сайлауға қатысып жаттық. Бұл видеороликті түсіруіме негізгі себеп - Су ресурстары комитетін басқарған Ислам Әбішевтің адвокаты болдым ғой. Ол бұл апатты жағдай болмай жатып, тергеу изоляторында отырғанында осы жайлы жиі айтатын. Сәйкесінше «әр ауылда бөгет салуымыз керек, әр ауылда қар суын жинап алатын шағын су қоймаларын салуымыз керек, ол әрі су апатынан құтқарады әрі жаз мезгілінде су жоқ кезде ауыл шаруашылығына да өте пайдалы» деп ұсынысымызды айтып, бөгет салудың жолдарын көрсеткен едік. Бөгет салу қиын емес. Тиын-тебенге жасалатын жұмыстар. Бір ғана трактормен шағын ауылға бөгет соғуға болады. Ал енді оны істемесек, оның зардабы еселеніп келеді дедік. Енді биыл осыған бәріміздің де көзіміз жетіп отыр. Былтыр осындай апатты жағдай болатыны жайлы дабыл қақтық. Алайда оған құлақ асатын ешкім болған жоқ», - дейді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

ӘР АУЫЛДА ШАҒЫН БӨГЕТТЕРДІ САЛУДЫ ҚАЙТАДАН ҚОЛҒА АЛУ КЕРЕК

«Сол кезде бізде Батыс Қазақстан облысы,Теректі ауданы, Ұзынкөл ауылындағы су қоймасы жарылады деген қауіп болды. Сол үндеуімізде су тасқынының алдын-алу үшін бөгет салып, оның үстіне міндетті түрде тал-теректерді егіп тастаған дұрыс дедік. Соны Ұзынкөлде көрдік. 80 млн текше шаршы метр суы бар Ұзынкөл су қоймасы қанша су басса да, жарылмай қалды. Неге жарылмай қалды? Себебі үстінен теректер өскен екен. Теректердің тамырлары өте тереңге кетеді. Қанша су кетіп жатса да, теректердің тамыры суды ұстап қалды. Енді қазір іс жүзінде көрдік. Тал өспейтін дамбыларды оп-оңай бұзып кете салады. Петропавлда құм салған қаптардың барлығының тас-талқанын шығарып, бұзып кете барды. Міне, әр ауылда осындай шағын бөгеттерді салуды қайтадан қолға алу керек. Мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарлама ашу керек деп есептеймін»,- дейді Абзал Құспан.

ГИДРОТЕХНИК МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУ ҚАЖЕТ

«Бізге гидротехник мамандар қажет емес деп СССР кезіңдегі ең мақтаулы оқу орындарын жауып тастадық. Мұндай апатты жағдайларды ендігәрі болдырмау үшін бірінші кезекте бізге білікті гидротехник мамандарды дайындау қажет. Екінші кезекте бұрын салынған су жүйелерін, каналдар мен арықтарды, бөгеттердің барлығын қалыпқа келтіру керек. Үшіншіден, жаңа су қоймаларын салу керек. Осы өзекті мәселелердің оң шешімін тауып, іске асуына біз де жұмыстанатын боламыз», - дейді Мәжіліс депутаты.

Әңгімелескен Зарина ӘШІРБЕК,

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар