Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Соғыс іргемізде тұр. Өз баламды әскери колледжге бердім": Мәжіліс депутаты геосаяси ахуалға қатысты ойын ашық айтты

19:00, 30 қараша 2024 596
Мәжіліс депутаты, белгілі заңгер, адвокат Абзал Құспан Alash.kz ұлттық порталына қазіргі геосаяси ахуал, көрші елдер арасындағы қақтығыстың Қазақстанға тигізер қаупі, еліміздің қорғаныс қабілеті, әскердегі жағдайға байланысты пікір білдірді. 
 
-  “Соғыс қаласақ та, қаламасақ та іргемізге келіп тұр” деген пікіріңіз қоғамда алаңдаушылық тудырды. Бұл ойыңызбен не айтқыңыз келді? Ресей мен Украина қақтығысы Қазақстанға қандай қауіп-қатер төндіруі мүмкін?
 

- Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін соғыстың сұмдықтары туралы көптеген фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылып, өлеңдер арналды. Мектепте оқып жүргенімізде соғыс ардагерлерімен жиі кездесіп, соғыста болған жағдайлар туралы әңгімелерін еститінбіз. Ардагерлер сөздерін әрдайым «Жер бетінде енді соғыс болмасын» деген тілекпен аяқтайтын. Бұл тілек дастархан басындағы батадан бастап, радиодағы хабарларға дейін айтылып жататын. Соғыстың қайталанбайтынына деген сенім берік еді. 

Алайда, бүгінгі жағдайды бәріміз көріп отырмыз. Көрші елдер арасындағы қақтығыс үшінші жылға ұласып, соғыс қимылдары күннен күнге өршіп бара жатыр. Бұрын «қолдануға болмайды» деген қарулар қазір күшейіп келеді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін атом қаруы тек қорғаныс үшін, соғысты болдырмауға бағытталған тежегіш құрал ретінде қолданылатын еді. Енді, мінекей, күні кеше Ресей қандай жағдайда атом қаруын қолдануға болатындығы туралы концепциясын өзгертіп, шарттарды жеңілдетіп, қару қолдануға дайындығын ашық көрсетіп жатыр. Бұған қоса, Таяу Шығыстағы Палестина-Израиль мәселесі, еврейлер мен арабтар арасындағы қақтығыс дінаралық соғысқа ұласып кетпесе екен деген қауіп бар. Осының бәрін көріп, біліп отырып, еліміздің қорғаныс қабілетін қалай күшейтпейміз?  Бұл жерде менің алаңдаушылығымды туғызып отырған мәселе - міндетті түрде біздің жерімізге соғыс келеді деген сөз емес. Бірақ кез келген жағдайда дайындық маңызды. 

Менің бір алаңдайтыным, статистикаға сүйенсек, жыл сайын елімізде 18-27 жас аралығындағы азаматтардың тек 3 пайызы ғана әскерге шақырылады. Қалған 97 пайызы қару ұстауды, әскери тәртіпті білмейді. Заманауи соғыс құралдарын қолдану, командир бұйрығын орындау, қарапайым әскери жиынның тәртібінен бейхабар. 

Ал егер ертең осы соғыс жағдайы біздің жерімізді де шарпыса ше? Сонда ол жастар не істейді? Иә, патриотизм біздің қанымызда бар. Жауынгерлік рух табиғатымызда бар нәрсе. Бұны ешкімге дәлелдеудің де қажеті жоқ. Әрине, соғыс бола қалған жағдайда елді, жерді, Отанды қорғап жастарымыз шығады. Бірақ сенің құр патриоттығыңнан не пайда?! Егер сен қазіргі заманауи құралдарды пайдалана алмасаң, қарапайым әскери жиын дегеннен хабарың болмаса... Командирдің бұйрығына бағынуды білмесең. Жастарымыз осындай ережелерді білмейтін болса, әскери дайындықсыз құр патриоттықпен елді қорғау мүмкін емес. Бұл жерде тікелей Қазақстанға қауіп-қатер төніп тұр дегеннен гөрі, бүгінгі әлемдік ахуал барша адамзат баласына қауіп төндіруде дегеніміз жөн. Ал адамзаттың бір бөлігі ретінде Қазақстан да бұл қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. 

- Әскерге барғысы келмейтін жастардың саны артып келе жатқанын айтыпсыз. Әскердегі жұмбақ өлімдер мен әлімжеттік жағдайлары ата-аналардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Әскери қызметтің беделін көтеріп, ер-азаматтар Отан алдындағы борышын өтеуге өз еркімен өтеуге асығатындай сенімділікті қайтару үшін қандай өзгерістерді енгізу қажет деп санайсыз?

- Әскердегі өлім мәселесіне көпшілігі үстірт қарап жатыр. Кейбір БАҚ кәдімгідей соны сүйіншілегендей жазады. Осы мәселе мені қатты алаңдатады.

Иә, әскерде өлім-жітім бар. Бір-бірінің денесіне зақым келтіру фактілері бар. Бірақ, қазіргі жағдай бұрынғыдан да өзгеше. Мәселен, беделді деп жүрген БАҚ ақпаратты жан-жақты тексермей, зерттемей «дедовщина», «әлімжеттік фактілері» деп көрсетеді. Қазіргі армияда дедовщина жоқ. Дедовщина дегеніміз екі жылдық армияда болады. Бір жыл бұрын келіп әскери қызметін өтеп жүрген азамат келесі жылы өзінен кейінгілерге күш қолданады. Бұл - СССР кезінде жолға қойылып, күні кешеге дейін болған нәрсе еді. Кейін армия бір жылдық қызметке көшті. Әскерге келетіндер - өзінің замандастары, қатарластары. Ер адам болған соң кейде бір-біріне қол жұмсау фактілері болып тұрады. Бұл - күнделікті өмірде кездесетін жағдай. Мен мұны ақтап жатқан жоқпын. Әрине, дұрыс емес. Барынша бұл әрекеттерді шектеу керек. 

Осы әскердегі жағдайды зерттеп жүрген заңгер ретінде айтайын, проблема неден туындайды? Қазіргі жастардың көбі ерке-шолжаң, тәртіпке бағынбайды. Жоғары шенді офицерлердің бұйрығына бағынбау жиі кездеседі. Өзара азаматтардың арасындағы төбелес салдарынан осындай өлім жағдайлары орын алып жатыр. Взвод құрамында командир күндіз сарбаздардың қасында болғанмен, түнде өз үйіне кетеді. Түнде сарбаздар өздерімен өздері қалады, осы сәттерде оқыс оқиғалар болып жатыр. Оны жоққа шығара алмаймыз. 

Бұл мәселелерді шешу үшін идеологиялық бағытта жұмыс жүргізе беруіміз керек. Балаларды әскерге жіберер алдында психологиялық тұрғыдан дайындау қажет. Сондай-ақ орта буындағы әскери кадрларды дайындау мәселесін қатаң жолға қою керек. Мен заңгер ретінде офицерлік құраммен сөйлесіп, бұл мәселенің себебі неде жатқанын зерттедім. Қазіргі жастардың арасында бұйрыққа бағынбау жағдайлары жиі орын алып жатыр. Мәселен, кім біреуге қол жұмсап, өзі істі болып, сотталып жатқысы келеді. Барлық жағдайды бір себеппен түсіндіру оңай емес. 

Негізінен біз бір нәрсені ашық түсінуіміз керек. Қазіргі таңда Қазақстан армиясының күшеюіне айналамыздағы елдердің ешқайсысы мүдделі емес. Ол - түсінікті жағдай. Әсіресе, империялық пиғылдағы елдер сәл бір кемшілігіміз болса, соны асыра көрсетіп, біздің елдің қорғаныс қабілетін әлсіретуге тырысады. Олар біздің кіріптар болғанымызды қалайды. "Бізді қорғаңыз, не айтсаңыз да істейміз" деп екі қолымызды көтеріп отырғанымызды қалайды. Артықшылығымызды көрсетпейді. Әйтпесе, БАҚ-та әскерге барғандардың бәрі тек қана өліп жатыр деген ұғым бар. Бұл жағдайды ескеруіміз қажет. 

Өз тарапымыздан қорғаныс саласына көптеген өзгерістер енгізіп жатырмыз. Депутаттық корпус зерттеу жүргізіп, сарбаздардың психологиялық ахуалын бақылауда. Қандай жағдай болмасын біз өз әскерімізді күшейтуіміз керек. Бонапарттың  «Өзінің армиясын асырамаған ел өзгенің армиясын асырайтын болады» деген атақты сөзі бар. Сондықтан бұл нәрсені ешқашан да ұмытуға болмайды.

Осыдан бірнеше ай бұрын маған қарсы ақпараттық шабуыл ұйымдастырылғанда, маған «Балаларды күштеп әскерге алып кетуді қолдайсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Мен "қолдаймын" деп жауап бердім. Өйткені, бұл - әр азаматтың Конституциямен бекітілген міндеті. Бұл мәселені өзіміздің қазақтілділер жан-жақты зерттеп, байқамайды ғой. Ешқайсысына өкпелемеймін. Ренжімеймін. Оларға манипуляция жасап отырған күштер бар екенін біз анық білеміз. Сол кезде айтқым келді, бірақ айта алмаған бір мәселе бар. Мен өзімнің ұлымды осы орта буынды әскери мамандарды дайындайтын әскери колледжге бергелі жүргенмін.

Ол кезде маған «Сен өз балаларыңды армияға берер ме едің? Болашақ мамандығы әскери саламен байланысты болғанын қалар ма едің?» деген сұрақ қойылды. Мен "иә" дедім. Бірақ, мінекей, деп дәлелдейтіндей ол кезде балам оқуға түскен де жоқ. 15 жасар ұлым Қалижан жазда емтиханын тапсырып, қазір Астана қаласындағы С.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжінде оқып жүр. 3 жылдан кейін орта буын әскери маманы болып шығады. Ары қарай егер өзі қаласа өзі әскери саладағы оқуын жалғастырады.

Ағайындарымның бәрі де әскер қатарында қызмет етті. Ешқайсысын әскерден алып қалуға тырыспадым. Өзім бес баланың кенжесімін. Екі ағам, екі апам бар. Ағаларымның да, апаларымның да балалары барлығы дерлік армия қатарында болды, қызмет етті.

Әскерге барғандардың бәрі міндетті түрде мүгедек болып оралады, таяқ жейді, оқыс оқиғаға түсіп қалады деген ұғым дұрыс емес. Оқыс оқиғаға адам қарапайым өмірде де түсіп жатыр. Мәселен, Талғардағы оқиға оқыс жағдайы ма? Оқыс жағдайы. Атырауда бір ер азамат базардың ішінде кетіп бара жатып, өзге адамның көлігін есігін сырып кетіп еді, сақалды адам шықты да ұрып өлтіріп тастады. Ол да оқыс жағдайы. Ер адамдар көп шоғырланған жерде күш көрсету, әлімжеттік болмай тұрмайды. Не істейсің енді... Өмір сондай. Бірақ, біз не істей аламыз деп қарап отырған жоқпыз. Депутаттық корпус Қорғаныс министрлігімен бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл бағытта үлкен өзгерістер болады. Біздің негізгі мақсатымыз біреу - әскерімізді күшейту. Біздің қорғаныс қабілетіміз ешбір елден кем болмауы керек.

Сұхбаттасқан Зарина ӘШІРБЕК

Alash.kz ұлттық порталы

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар