Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қыруар қаржының қайда кеткені белгісіз". Жер сілкінісіне қатысты ескерту болмағаны үшін қылмыстық іс қозғалды

09:40, 05 маусым 2024 425

Алматы прокуратурасы қаңтар айында болған жер сілкінісі кезінде бейғамдық танытқандардың әрекетіне, яғни сейсмикалық ескерту жүйесінің уақытында қосылмағанына қатысты қылмыстық іс қозғады. Сонымен қатар, жер сілкінісі кезінде дабыл қағу, алдын ала ескерту жүйесіне миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгені айтылды, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы. 

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласы мен Қазақстанның оңтүстік шығысында 23 қаңтар мен 4 наурыз күндері жер дүмпуі тіркелді. Қала тұрғындары болған табиғат құбылысынан секем алып, шошынғаны белгілі. Олар ескерту жүйесінің жұмыс істемегеніне наразы. Соған орай, сотқа дейінгі тергеу абайсыздық бабы бойынша жүргізіліп жатыр:

“Алматы қалалық прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі "Абайсыздық" бойынша қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Алматы қаласының арнайы прокурорлар басқармасы жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің барысы туралы өзге де мәліметтер жария етілмейді”, – деді Алматы қалалық прокуратурасының аға прокуроры Райымбек Шәрібаев.

Орайы келгенде айта кетейік, Президент те өз сөзінде жер сілкінісі кезінде жайбарақ қалғандардың әрекетін сынаған еді. "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері де бұл кілтипанға қатысты өз бетінше тексеру жүргізіп жатыр. Олардың айтуынша, ескерту жүйесін іске қосу, қызметін жүргісу ісінің өзі бюджетке бір миллиард теңгеден астам шығын әкелген. Қоғам бірлестігі өкілдерінің айтуынша, қаржы дұрыс жұсалмаған және қажетті талаптарға сай емес. 

“Мердігердің айтуынша, бір швейцариялық сейсмикалық датчик құны 11 миллион теңгеден сәл асады, оған қоса шағын серверлік қорап, коммуникациялық құрал-жабдықтар шамамен 2-3 миллион. Құрылысқа 7-9 миллион кетті делік. Болжамымыз бойынша оның құны 20 миллионнан аспайды. Дегенмен құжат бойынша 40 миллион делінген”, – деп мәлімдеді "Әділдік жолы" РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов.

Қазіргі уақытта шаш_етектен шығын әкелген ескерту жүйесінің есебі сұралып жатыр. Қоғам белсенділері ішкі мемлекеттік аудит департаментінен ақшаның не үшін жұмсалғаны туралы есеп беруді талап етті. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар