dalainside телеграм арнасының жазуынша, көпшілік сияқты Англиядағы жұмыс туралы тик-ток желісінен білген және өзге қазақстандықтар сияқты ол да делдалдарға ақша беріп, біраз әбігерге түскен.
Dalanews.kz Англия фермасындағы жұмыс жайлы Аманқостан, сондай-ақ, 2018 жылдан бері ТМД тұрғындарына Еуропадан жұмыс тауып берумен айналысатын AGRI-HR компаниясының өкілінен мәлімет сұрады. Себебі соңғы кездері арнамызға Англиядағы жұмыс туралы материал жариялауымызды сұраған оқырман саны күрт өсіп кетті.
Сағатына 6 мың теңгеден аламыз
Аманқос Англияға AGRI-HR сайты арқылы досымен бірге келген.
«Алдымен сайтқа тіркелдік, содан соң екі айдан кейін офлайн сұхбаттасуға барып, тағы күттік. Осы аралықта компанияда сот ісі жүріп, біз резервке түсіп қалдық. Сегіз жарым айдан кейін Ware-Farms деген фермаға келдік, орналасқан мекен-жайы Францияға жақын жердегі Аш қаласында. Досым екеуміздің жолымыз болып, осындағы фермалардың ең жақсысына түстік.
Себебі тәулігіне 8 cағаттан бес күн ғана жұмыс істеп, екі күн демаламыз. Жұма күні қысқа жұмыс күні саналатындықтан 7 сағат қана істейміз. Әр жұмыс сағатына 6 мың теңгеден аламыз.
Алғашында қара өрік тердік, кейіннен алмұрт, қазіргі таңда алма жинаумен айналысамыз», – деді ол.
Жұмысқа тұру үшін қанша қаражат қажет?
Аманқостан компания соттылықтың болмауы, денсаулыққа қатысты анықтамаларды сұраған.
«Құжат толтыру барысында цифрлар, аты-жөн жазудан ешқандай қателік болмағаны жөн. Жұмысқа келуіңіз үшін шамамен 600-800 мың теңге аралығында қаражатыңыз болуы тиіс. Оның 155 мыңы визаға, билетіңізге кетеді. Ұшу билетін виза бергеніне орай аласыз. Кері қайту билетін үш ай бұрын алсаңыз арзандау шығады.
Алғашқы уақытта таксиіңіз, тамағыңызға, жүріп-тұрғаныңызға 60 мың теңгедей қажет. Келгеннен соң ферма иелері өздері күтіп алып, тіркеуден өткізеді. Кейіннен жұмыс барысын таныстырады.
Фермамыз кішкентай, қазір он шақты адам бармыз, соның жетеуі қазақ. Супервайзерлеріміз бар.
Айлықты апта сайын береді, караванға айына 150-160 мың теңге төлейміз. Караван дегеніміз дөңгелегі бар бутка, азық-түлік арзан. Екі адам апта сайын тамағымызға 15-20 мың теңге жұмсаймыз.
Айлық аптасына 200-400 мыңның арасында шығады, оған қоса бонустары бар.
Кейде ауа-райы жаңбырлы болып, күн салқын кездері жұмысқа шықпай қалатын күндер болады. Өнімді көп жинаған күндері 90 мың теңгеге дейін алған кездеріміз бар», – деді кейіпкеріміз.
Делдалдарға алданып қалмаңыз, өтінішті өзіңіз де бере аласыз
Жастарға Англия халқының қонақжайлығы, адамдарының ішкі мәдениетінің жоғарылығы ұнағандарын жасырмады.
«Мұнда емін-еркін жүрміз, заңда қатты қатал емес, бастықтары да жақсы. Бізге менсінбеушілік танытып, жақтырмағандарын байқаған емеспін. Табиғаты әдемі, көк көп, ауасы тап-таза. Бес сағат ұйықтасақ да сергек, шаршамай тұрамыз. Тіл жағынан қиындық жоқ, супервайзерлердің басым көпшілігі болгарлар болғандықтан орысша сөйлесе береміз. Ағылшыныңыз жақсы болса бонустар бар, супервайзер болып жүруге де болады.
Мұнда келгісі келетін отандастарыма айтарым, тек ресми сайттар арқылы анкета толтырып, келісімшарт жасаңыздар. Ортадағы жеке кәсіпкер, делдал дегендерге сенбеңіздер.
Олар дәл сол сайттарға сіздің атыңыздан өтініш береді, оны өзіңіз де тегін жасасаңыз болады. Бізде сайтта тіркеуге 90 мың теңге беріп ұрынғанбыз. Миллион табасыздар деп делдалдық қызметтеріне 700 мың теңге алып жатқандар көп…», – деді ол.
Тізерлеп жүріп орамжапырақ тересіз…
Dalanews.kz Аманқостан барған жұмысшылар фермаларда қандай қиындықтарға тап болатынын да сұрады.
«Мұнда өте қиын фермалар да бар, екі күн істеп қашып кеткендерді естіп жатырмыз. Таңғы төрт жарымнан бастап тәулігіне 12 сағаттан жұмыс істетеді.
Осындай ауыр фермаларға түсіп қалған қыз-жігіттер шыдамай елге қайтып кетеді. Супервайзерлер өздерінің бонустарын алу үшін нормадан тыс жұмысқа салып жатады. Тізерлеп жүріп орамжапырақ тересіз, трактор жүріп отырады, сіз оларды кесіп үлгеру керексіз. Норманы орындамасаңыз екі үзілістен кейін сізді үйіңізге қайтарып жіберіп, ертесі жұмысқа шығармай қояды. Жаңбырда, балшық пен лайда да жұмыс істетеді. Орамжапырақ, құлпынай жинайтындар ауа-райына қарамайды.
Бір жақсысы, бізде алманы жаңбырлы күндері жинатпайды. Кей фермаларда таңғы бесте жұмыс басталатын болса, таңғы төрт жарымда тұрып автобусқа дайындалады. Кешкі бесте келіп тамақ жасайды да, ұйқыға жатады. Күн сайын осы режим қайталана береді. «Ақша табу керек, елдегі ипотекаларды жабу керек» деп өзін сындырып алып жатқандар да жоқ емес.
Бір ферма ұнамаса, сізді жіберген компания өкілдеріне жағдайыңызды түсіндіріп басқасына ауысуға болады. Жалпы мұндай қиындықтан қорықпай келе берген жөн.
Бәрі тәжірибе. Оның үстіне қазір өзбекстандықтармен, ресейліктермен бұл жақтағылар жұмыс істемейді. Сондықтан жақсы ақша табуға мүмкіндік қашанда бар»,-деп аяқтады ол әңгімесін.
Жұмысшы фермаға орналасқанша тегін қызмет көрсетеміз
Мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс істейтін Аgri-hr компаниясының менеджері (телефон нөмірі төменде) Dalanews-тің сұрақтарына қысқа және нақты жауап берді .
Сайтқа кез келген кәмелет жасына толған адам өтініш беріп, бағдарлама қатысушысы бола алады. Сондай-ақ, компания қызметіне ақы алатын делдалдар мен жеке меншік фирма өкілі ретінде қызмет ұсынатындарға сенбеуге шақырды.
– Бірінші қадам, ақпаратпен танысып, жұмысқа онлайн өтінімді толтыруыңыз керек. Екінші қадам, жұмысқа қабылдау менеджері телефон арқылы сұхбат жүргізеді және сұрақтарға жауап береді.
Үшінші қадам, жұмысқа орналасу үшін соттылықтың жоқтығы туралы анықтама, денсаулық жағдайы туралы анықтама, фото және шетелдік паспорт қажет.
Төртінші кезеңде, біз өтінім берушіні сұхбатқа шақырамыз.
Сұхбатта құжаттарды, басқа елге баруға жалпы дайындықты тексереміз, саусақ ептілігіне тест өткіземіз.
Бесінші кезең, жұмыс визасын алуға арналған нысанды толтыруға көмектесеміз. Айта кететіні, Ұлыбритания елшілігінде сұхбаттасудан өз бетіңізше өтесіз. Соңғы кезеңде билеттерді сатып алуға көмектесеміз және сапар туралы толық ақпарат береміз, фермаға орналасуыңызға дейінгі кезеңді бақылап отырамыз.
Жұмысқа орналасудың жалпы шығыны
– Жұмыс визасы (Tier 5) – 246 фунт стерлинг (147 мың теңге). Біз өтініш беру процесінде көмектесеміз және визалық агенттікке ақпарат беруге қолдау көрсетеміз.