Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Назарбаев бәрін, су министрлігін жапты, құртты". Экс су шаруашылығы министрі неге алаңдайды?

11:02, 12 сәуір 2024 642

Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қатысты жағдай күрделі. Мыңдаған адам баспанасы мен мал-мүлкінен әп сәтте айрылып қалды. Адам шығыны да жоқ емес.

1981-1995 жылдары Қазақстанның су шаруашылығын басқарған Нариман Қыпшақбаев елдегі осы төтенше жағдайға пікір білдірді, - деп хабарлайды alash.kz cайты Dalanews.kz-ке сілтеп.

Су саласында ұзақ жылғы тәжірибесі бар маман дәл осы табиғи ресурс мемлекеттің басты күші екенін айтады.

"Ел боламын десең жерің мен суыңа ие бол. Ие бол деген сөз - оны реттеу, жоспарлау, тиісті құрылыстар салу, оларды күту. Су деген жақсы қасиетімен елге қызмет етуі керек. Мемлекеттің негізі - қай мемлекет болсын, менің түсінігімде, жер  мен су. Жері мен суы жоқ мемлекет болмайды.

30 жылда мемлекеттің негізі мұнай деді. Мұнай - таусылатын ресурс. Су, жер - таусылмайтын ресурс. Қазақстанның экономикасының, әлеуметтік жағдайының дұрыс болмауы осы екі ресурсқа назар аудармауда деп есептеймін. 30 жыл Су министрлігін құрмай, былтыр қыркүйекте құрды. Сөйтіп су шаруашылығы мынадай жағдайға әкелді. Не құрылыстары жұмыс істемейді, барлық су маманы қаңғырып кетті. Облысқа, ауданға барсаң, "су жағдайы не болып жатыр?" деп сұрайтын адам жоқ. Қайда кетті? Осыны құртқан - біз. Су министрлігін жойдық, облыстық, аудандық су шаруашылығын жойдық. Оның орнына Астананың маңайында керек емес конторларды құрып алып отырмыз. Қазіргі кезде осы тасқынмен кім айналысып жатыр? Мынау судың иесі кім деп сұрау керек қой. Жаңадан келген министр жүгіріп жүр, әлі бір жыл болған жоқ келгеніне. Осыған дейін кім жауап берді? Назарбаев бәрін, министрлікті жапты, құртты", - деді ол Ara Media-ға сұхбатында.

Инженер, гидротехник осы салада мамандар қаңғырып кеткенін айтты.

"Министрлікті күшейту керек. Су шаруашылық мекемелерін облыстық деңгейде, аудандық деңгейде күшейтуіміз керек.

...Су мамандары қаңғырып кетті. Оны да бірнеше жыл айттым. Астанада отырып егіс егу, Астанадан отырып егістікті суару дегенді түсінбеймін. Бәрі ауылда, облыста болу керек. Канал сонда, су сонда, жер сонда, шаруа қожалықтары да сонда.

Су маманы сонда болу керек. Астананың маңайында соның бәрін жинақтау деген ауруға ұшырады. Ел ақылдасатын мамандар табылмай жатыр", - дейді ол Assyltas TV-ға берген сұхбатында.

Айта кетейік, кейінгі мәліметтерге сүйенсек, су тасқыны басталғалы бері азаматтық қорғаныс қызметтері 99 869 адамды, оның ішінде 36 591 баланы қауіпсіз жерлерге жеткізді. Уақытша орналастыру пунктеріне 6 586 адам, оның ішінде 3 197 бала орналасты.

Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар жарияланды. 

Одан бөлек 9 миллион текше метр еріген қар суы шығарылған, 1,6 миллион қапшық және 1,2 миллион тонна инертті материал төселді. Авариялық-құтқару жұмыстарына 34 272 адам, 4 мың техника, 17 әуе кемесі жұмылдырылған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар