Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Газет-журналдарымыздың да тілі қазақша болмай, орысшылаған қазақ тілі болып отыр...

20:50, 09 сәуір 2024 470

Біздің жазушыларымыздың көбі – орысша оқығандар. Олар көбіне қазақшадан да орысшаға жетік. Жетік болмаса да, жетікке ұқсайды, жетік болып көрінгісі келеді.

Сондықтан олардың қазақша жазғаны да орысшаға ұқсап тұрады. Оны жазушының өзі секілді орысша оқығандар ғана болмаса, қара қазақ түсіне алмайды.

Осы кезде бұрынғыға қарағанда, әдебиет жағынан едәуір алға кеттік: басылып шыққан кітаптарымыздың саны бұрынғыдан мың есе артық, газет, журналдарымыздың саны одан да көп. Бірақ дұрысында біздің әдебиетіміз тек саны жағынан ғана алға басқан; сапасына қалғанда... мақтанарлық түгіміз де жоқ деуге болады. Жазушыларымыздың көбі орысша оқығандар болған соң, олардың қазақша жазғаны орысшаға ұқсаған соң, басылып шығып жатқан кітаптарымыздың да, газет-журналдарымыздың да тілі қазақша болмай, орысшылаған қазақ тілі болып отыр. Таза қазақ тілінде басылып шыққан сөз өте аз: олардың да көбі өлеңмен жазылған көркем әдебиет. Оны орысша қазақ тіліндегі көп сөзбен салыстырсақ, жоқтың аз-ақ алды болады. Сондықтан сан жағына сұрапыл алға кеткен әдебиетіміздің сапасы аз емес, мүлде жоқ,– дұрысында, жоқ та емес, қолындағы малы борышынан анағұрлым кем сорлының борышы сықылды болады. Кітаптың біреуінің тілі ғана қазақша да, тоғызынікі орысша қазақ тілі болған соң, бір қазақша кітап пен орысша қазақ тіліндегі бір кітап екеуінің біреуінің пайдасы екіншісінің зиянын өтейді де, қалған сегіз кітап таза зиян болып шығады.

Қазақ тілін іске асыратын болсақ, қазақ әдебиетін күшейтеміз десек, ең алдымен істің санын салмақтамай, сапасын ескеруіміз керек. Ол үшін қазақша деп жазылған сөздердің әлгі кемшіліктерін құрту керек. Оны құрту үшін әуелі сол кемшіліктің қандай екенін білу керек.

Ол кемшіліктің бірі – дыбыс жүйесі жағынан болатын кемшілік. Жазушыларымыздың көбі қазақ тілінің дыбыс жүйесін елемейді: орысшадан алынған сөздерді бұлжытпай, дәл Мәскеу орысының айтуынша жазады:мәселен, «Мәскеу» демей, «Москуа» деп жазады, «коменес» демей,«коммунизм» иә «коммунист» дейді. Осы сықылды сөздердің көбі-ақ ілім кеңесінде тексеріліп, қазақ тілінің дыбыс жүйесінше қабыл алынған; қазақ білімпаздарының сиезінде ондай сөздердің жалпы негізі де ашылып, тиісінше қаулы да шығарылған. Сондықтан қазақша деп жазылған сөздерді қазақша жазып, қазақша айтып үйренгісі келетін кісі оны оп-оңай-ақ үйрене алса керек.

Екінші кемшілік – сөз жүйесі жағынан болатын кемшілік, қазақша жалғау, жұрнақтарды елемегеннен болатын кемшілік. Жазушыларымыздың қазақша деп жазған сөзіне басқа тілдердің жұрнағын жалғап жібереді. Мәселен, «социализм» деген сөз қазақша «сатсиал» деп қабылданған, сондықтан «сатсиал» деп, «сатсиал» жолын жақтайтын кісі «сатсиалшыл» болуы керек еді. Бірақ біздің жазушыларымыз олай демейді, – «сатсиалист» иә «сотсиалист» деп жазады, – қазақ тілінде «ист» деген жұрнақ жоқ екенін елең қылмайды. «Техника» қазақша «технике» болса, «техникті» қазақша «техникеші» деу керек қой, бірақ біздің жазушыларымыз «Техникешіні» де орысшалап, «техник» деп жазады. Әдебиет тілі жалпы халықтың аузындағы тілге де әсер береді,әдебиет бүтін халықтың тілін тәрбиелейді. Біздің жазушыларымыз техникешіні «техник» десе, қазақтың тілін «шы» жұрнағын жоғалтып, «жылқышыны» «жылқ» деп айтқызатын болып тәрбиелейді ғой.

Үшінші кемшілік – сөйлем жүйесі жағынан болатын кемшілік. Біздің жазушыларымыз сөйлем ішіндегі сөздердің алдында айтылатынын артына, артындағысын алдына әкеліп, сөздерін орысша тізеді. «Таймінер жолдас» деудің орнына «жолдас Таймінер» деу де сол кемшілікке келеді. Бұл туралы «Қызыл Қазақстанға» айрықша мақала жазып едім, сондықтан мұның ережелерін қайта айырудың керегі де жоқ болар.

Төртінші кемшілік – жалпы кемшілік. Бұл кемшілік жазушының орысшаны да жете білмегенінен болады иә орысшаға жетіктігі асқынып кетіп, білім буынына түсіп кеткеннен болады. Мәселен, «сорпаны ішемін» демей, «сорпаны жеймін» деушілер бар; «бөркім жарасады» деудің орнына «бөркім жүреді» дейтіндер де жоқ емес; «өзеннен өту» дегенді «өзен арқылы өту» дейтіндер де бар. Со сықылды «сұрады», «ұсынды», «түсіндірді» сықылды қазақша сөздердің орнына орысшалап (иә басқа бір тілмен болса да өзі біледі) «сұрау қойды», «ұсыныс қылды», («ұсыныс кіргізді»), «түсініс берді» дейді. «Сиездің қаулысынша» деудің орнына «сиездің қаулысы бойынша» дейді. Мұндай кемшіліктердің әрқайсысын өз алдына тексермесе, барлығын бір жалпы ережеге сыйғызуға болмайды. Бет-бетімен кеткен былық сөздерде ереже қайдан болсын.

Дұрысында, мұндай кемшіліктерден құтылу үшін дыбыс жүйесі, сөз жүйесіндегі ережелердің де керегі жоқ, тек қана жазушының жазуын қазақша қылып шығаруға ниеті дұрыс болса болады: «түсініс беру» сықылды ерсі сөздердің ерсі екені орысшаға жетік жазушының өзіне де бірден сезіледі ғой.  Сондықтан жазушы сөзін шынымен қазақша жазғысы келсе, орысшаға жетік те, қазақшаға шорқақ екенін көрсетіп қалу сықылды айрықша ниеті болмаса, «сұрау қою», «өзен арқылы өту», «ұсыныс кіргізу» сықылды сорақылық білмегеннен болмайды, – ондай сөздердің қазақша ерсі болатынын білмейтін қазақ болмайды. Сондықтан ондай сорақылықты тілдің заңы жағынан тексерудің қажеті де жоқ.

  Міржақып Дулатұлы

"Орысшылаған қазақ тілі" атты мақаласынан

Дереккөз: Сақ Қ. Алаш көсемсөзі: Тіл мәселесі.– Алматы, 2014

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар