Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Бұл – облысымыздың мүддесі". БҚО әкімі Қытайларға жалға жер беріп, киік етін өңдейтін зауыт салдырмақшы

06:32, 20 қараша 2023 182
Қытай инвесторлары киік етін өңдейтін зауыт салуды көздеп отыр. Сол үшін олар Батыс Қазақстан облысы әкімдігінен 100 мың гектар жер алу үшін келіссөз жүргізу үсінде. Мұны БҚО әкімінің өзі Нариман Төреғалиев орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді.



Нариман Төреғалив қытай инвесторларынан келетін ешқандай қауіп жоқ деп есептейді. malim.kzтің жазуынша, ол қайта зауыт салынса, облыстағы жұмыссыздық мәселесін шешуге сеп болатынын айтады.

-Қытайдан қорқудың қажеті жоқ. Бұл ұсыныс бойынша әкімдік әлі шешім шығарған жоқ. Жаңа жұмыс орны ашылса, жергілікті тұрғындардың жұмысқа тұруына мүмкіндік болады,- дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Ол өңірге инвестиция салғысы келетін шетелдіктерге Қазақстанның жері берілмейтінін, инвесторлар  тек уақытша жұмыс істей алады деп отыр.

-Мәселе заң бойынша шешіледі. Жер беру рәсімі бойынша жұмыс істейміз. Біріншіден, бізге инвестор тарту керек. Екіншіден, қазір алдымызда үлкен тапсырмалар тұр. Себебі, мемлекетіміз шикізатқа тәуелді болмауы керек. Мұны мемлекет басшысы үнемі айтып жүр. Сондықтан қазір біз етті терең өңдеп, яғни қосымша құнмен жақсы бағаға сатып, облысымыздың экономикасын көтеруіміз керек. Облыс экономикасының көтерілуі өңірдегі барлық мәселені шешуге септігін тигізеді,- деді Нариман Төреғалиев.

Төреғалиев шетелдік инвесторларға қандай талап қойылатынын былайша жеткізді:

«Инвестордың қаражаты болса, өзіне алған міндеттерді жақсы орындайтын болса, келісуге әзірміз. Бұл – облысымыздың мүддесі. Тағы қайталап айтамын, бізде салық базасын көбейту, адамдарды жұмысқа орналастыру ең бірінші кезекте тұрған мәселе. Қазір біз неге ауылдарды іздеп жүрміз? Осы ет комбинаттарын ауылдарда салыңдар деп отырмыз. Ауыл адамдарын жұмыспен қамтысақ, олардың материалдық жағдайы түзеледі. Сондықтан инвестордан қорқудың қажеті жоқ, ол халыққа тек пайдалы болады,- деген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қытай инвесторларынан қорықпау керегін тағы бір мәрте қайталады.

-Жер сатылмайды. Тағы қайталап айтамын, жер инвесторға уақытша ғана беріледі. Зауыт салынған жағдайда, инвестор зауытты арқалап алып кетпейді ғой. Біз осыны халыққа жақсылап түсіндіруіміз керек. Қытай келеді деп қорқудың қажеті жоқ,- дейді Төреғалиев.

Ол Қазақстанда малдың еті мен терісі толық өңделмейтінін алға тартып, қытай инвесторларына бүйрегі бұрып отырғанын көрсетті.
-Сойылған малдың терісін қайда жіберіп жатырмыз? Өңдей алмаймыз. Сүйектерін қайда жіберіп жатыр? Оны да өңдей алмаймыз, пайдаға асыра алмай отырмыз. Кеше инвесторлармен сөйлестім. Оларға «Малдың қаны мен терісі, сирағынан бастап мүйізіне дейін, жалпы сүйектері қайта кетеді? Сіздер оларды өңдейсіздер ме?» деп сұрадым. Олар өңдеуге дайын екенін, технологиясы бар екенін айтты. Бізде үлкен зауыттар салынса, өте пайдалы болады. Малдың қанына дейін өңдейміз. Қаннан мал азығын дайындауға болады. Міне осыларды неге пайдаланбасқа? Терісін де пайдаланады. Егер киік сойылса, оның мүйізінен дәрі жасауға болады. Бәрінің пайдасы бар. Тағы да қайталап айтамын, Қытай инвесторларымен біз әлі келісімге келген жоқпыз. Олар келіп кетті. Қандай шарттары барын айтты. Әзірге нақты ұсыныс болған жоқ», - дейді Нариман Төреғалиев.
Орал қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Махамбет Ихсанғали Нариман Төреғалиевтың пікірімен келіспейтінін, қытай инвесторларына 100 мың гектар жер беруге қарсы екенін айтты.
-Оралда ет өңдейтін онсызда бес кәсіпорын бар. Оның біреуі – «Кублей» зауыты. Қалғандары шағын болса да, ет өңдеп отыр. Егер зауыт салынатын болса, облыста атылған киіктің етін бір жылда өңдеп тауысады. Сосын сиырдың, жылқының етін өңдеуді бастайды. Бұл – бір. Екіншіден, еттің бағасын көтереді. Үшіншіден, өзіміздің бес кәсіпорын банкрот болып, бәленбай адам жұмыссыз қалуы әбден мүмкін. Облыс әкімі «біздің талаптарды орындамаса, олар кетеді, зауыт қалады» дейді. Бұлай халықты алдауға болмайды. Қытай инвесторлары зауыт салатын болса, 100 мың гектар жерді қоршап алып, қарулы күзет қойып, ешкімді кіргізбейді,-дейді Махамбет Ихсанғали.

Ол қытай инвесторлары салық төлеп Батыс Қазақстан облысының бюджетін байытпайды деп отыр.
-Бұдан облыстың бюджеті жақсарып кетпейтіні екібастан белгілі. Жұмыссыздық мәселесі шешіледі деген де бос сөз. Зауыт салынатын болса, ертеңгі күні бірнеше ғана біздің азаматты қарапайым қызметкер етіп алады да, қалғандары қытайдың өздерінің мамандары болады,-деді Махамбет Ихсанғали.

Қазан айында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елде 300 мыңға жуық киікті атуға шешім қабылданғанын мәлімдеген еді. Айналдырған үш аптаның ішінде Батыс Қазақстан облысында 11 мыңға жуық киік атылған.

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар