Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ана тілі – халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы; һаман өсіп, өніп, түрлене беретін, мəңгі құламайтын бəйтерегі

19:25, 04 маусым 2024 413

Мектепте оқылатын пəндердің біріне бірдей керекті бəрін қаусырып, орын алатын пəн ана тілі екендігіне дау жоқ. Ана тілін жақсы меңгеріп алмай,  өзге пəндерге түсіну мүмкін емес. Ана тілі – халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы; һаман өсіп, өніп, түрлене беретін, мəңгі құламайтын бəйтерегі. Жүректің терең сырларын басынан кешірген дəуірлерін, дүниеге көзқарасын, нанымын – айманын, қайғысын, қуанышын, қысқасы жанының барлық толқындарын тұқымынан тұқымға жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы – сол халықтың тілі.

Ана тілін меңгеру  –  сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге бала тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой фəлсəфасін де меңгереді.

Бала  оқытуды тілден бастайды. Бастауыш мектептің көбінесе, айналдыратын оқуы  –  тілдің мүшелерін нық білдіріп, баланың тілін байыту. Орта дəрежелі мектепте үнемі тілді жаттықтыру, дағдыландыру керек. Əр сабақ, əр пəн бір жағынан өзіне хас мақсұтын көздесе, екінші жағынан тіл түзетуге, тіл сабағының міндетін атқаруға тырысу керек.  Бала сөйлегенде, жазғанда, тілді дұрыс қолдандыруға  –  əр оқытушының, əр мектептің міндеті. Осы соңғы пікір туралы бұл кезде хатта мынадай мəселе қозғалып отыр. Баланы тілге жаттықтырудың мағынасы: баланы сөйлеуге, басқалардың сөзін ұғуға,  өз бетімен жазуға, оқуға төселдіру. Бірақ бұл мағынасыз əдеттендіру, құрғақ төселдіру емес, тілге жаттығумен бірге адам ойлауға да жаттығады. Сөз, сөйлем, əңгіме дегенміз – жазуша,  не ауызша кісінің өзі айтқан ойы, не басқалардың сөзі арқылы жасайтын ақылымыздағы жасырын ой. Сөз бен ой бірінен-бірі айырылмайтын қайнаса біткен нəрсе. Сөз – ойдың айнасы. Ойсыз сөз – сөз болмайды. Ой жетілу мен тіл жетілу қатар жүреді. Тілді ойдан бөлек жетілту мүмкін емес. Олай болса, тілді жеке пəн ретінде оқыту дұрыс емес. Дұрыс еместігі мынадан тағы байқалады.

Мұғалім тіл сабағында сөйлеуге, жазуға, оқуға, қысқасы, əңгімеге жаттықтырады екен. Ал басқа пəндерді оқытқанда не істемек? Физиканы, жағрафияны, тарихты оқыту дегеніміз осы пəндердің құбылысы туралы əңгіме ету емес пе? Ендеше, тілге төселдіру ғой. Есеп үйрету – сан туралы ойлау ғана емес, есеппен айтылған ойды ұғу, ұққанын айта білу ғой. Тереңірек қарасақ, əр пəннің ісі баланың ойын қозғау, ойлағанын ауызша, иə жазумен сыртқа шығару. Олай болса, тілсіз оқылатын, ұғылатын пəн жоқ екені анық.

Біреудің ойын ұқпай, өз ойын айта білмей, ешбір білім табу мүмкін емес. Бұл даусыз. Ендеше, ойға төселмеген жас баланың тіл ережелерін дағдыландыру, машықтандыру жұмыстарын ұғуы да қиын.

Тіл оқытушы мұғалім өз міндеті тілге машықтандыру деп ұғады, тіл үйретуге керекті ойдың əр тарауын қозғайтын мағлұматтар іздеумен оның жұмысы жоқ. Жаратылыс пəнін оқытушы мұғалім міндетін балаға білім беру деп ойлайды, тілге төсілдіру оның жұмысы емес. Мұнан шығатын нəтиже: тілге жаттығатын бар мағлұмат тіл оқытуында болмайды. Жаратылыс оқушы, мағлұматтары көп болса да, ұқтыра алмайды, үйткені тілге төсілдіре алмайды. Сөйтіп, екеуі де көздеген мақсатына жете алмайды. Тілді өзге пəннен бөлек оқыту баланың тілін де, білімін де жетілдіре алмайтындығын сезіп, бұрынғы мектептер басқа пəндерді көбейтуге тырысқан. Ондай шара жүкті бұрынғыдан  да ауырлатқаннан басқа түк пайда берген жоқ.

Бұдан шығатын қорытынды мынау: білім тану жолы мен тіл үйрену жолын айыру дұрыс емес. Сондықтан ана тілін өз алдына пəн ретінде оқыту ақылғада, табиғатқа да жанаспайды.

Жоғарғы айтылғандардан қорытып, іс жүзінде қолдануға мынаны ұсынамыз:

  1. Басқа пəндерден тіл оқыту айырым болмасын, қайта өзге пəндер тіл үйренуге керек етсін.
  2. Жан дүниесінде тіл үйрену басты жұмыс емес, жанама жұмыс болғандықтан, бала əуелі тəжірибеге талпынып, нəрсемен танысып, сонан кейін сол нəрсе туралы сөйлесін, тыңдасын, жазсын, оқысын, тілге үйренсін.
  3. Баланы тілдің əр түріне машықтандырғанда белгілі жүйе қолданылсын. Жазу, оқу тыңдаудан, сөйлеуден соң келеді. Сондықтан əуелі баланың көрген – білгені туралы əңгіме құрып, сонан кейін оқуға, жазуға үйретілсін.
  4. Бала əуелі өз бетімен сөйлеуге, жазуға төселіп, сонан кейін үлгілі сөздерге еліктеуге мүмкіндік берілсін.
  5. Əңгіме үшін берілетін мағлұмат кітаптағы даяр заттар бола бермей, баланың тəжірибесінен, көрген-білгенінен алынсын. Кітаптан өмірге емес, өмірден кітапқа қарай жылжысын.

Жүсіпбек АЙМАУЫТҰЛЫ

"Ана тілі" мақаласынан

Дереккөз: Сақ Қ. Алаш көсемсөзі: Тіл мәселесі.– Алматы, 2014

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар