Ақтөбе облысы Қобда ауданына қарасты Әлия Молдағұлова ауылында күтпеген оқиға орын алды: бір түнде тоғыз отбасы бар малынан, жем-шөбінен және шаруашылық мүлкінен айрылып қалды, деп Alash.kz ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өрт салдарынан әп-сәтте адамдардың жылдар бойы жинаған еңбегі күлге айналып кетті. Шаруашылық қора-жайлары, мал азығы, тіпті малдары да жанып кетті. Ауыл тұрғындары құжаттарын алып, тілсіз жау үйлеріне жетпесе екен деп жалбарынып, құтқаруға асықты.
Өрт 54 жастағы Серік Меңдіғариннің ауласынан басталған. Ол санаулы минутта барынан айрылғанын айтады.
"Алғаш болып көршілер хабар берді. Келгенімде бәрі лапылдап жанып жатты. Үш мың түк шөп түгел күйіп кетті. Жел отты күшейтіп, көрші үйлерге жеткізді. Гараждағы көлігім де жанып кетті, тек қаңқасы қалды", – дейді ол.
Зейнеткер Жанна Жұмалина үшін бұл жеке қайғыға айналды: өртте бұзауы мен төрт күшігі жанып кетті.
"Түтін аспанға көтерілді, бүкіл аула от ішінде қалды. Қораға бару мүмкін болмады. Тек үй өртеніп кетпесе екен деп тіледім. Құжаттарды, бағалы заттарды алып үлгердік. Бүкіл көшемізбен өртті сөндірдік. Көршілер көмектеспегенде, үйімізден де айрылатын едік", – дейді ол.
Ал Карлығаш Тағанова оттан балаларын аман алып қалуды ғана ойлаған.
"Қорқыныштан қан қысымым көтерілді. Балаларыма: "Қолдарыңа ілінгенді алып шығыңдар!" деп айғайладым. Қарасам, өрт алтыншы үйге жетіп қалыпты. Өрт сөндірушілер кеш келді, бірақ түні бойы сөндіріп, кезекшілік етті", – дейді ол.
Өрттің аумағы 1100 шаршы метрді қамтыды. Қора-жайлар, жем-шөп, техника, мал түгел жанып кетті. Тоғыз отбасы тіршілігінің негізгі көзінен айрылды.
Қазір ауылда күйік иісі басылмай тұр. Адамдар үйінділерді аршып, бір түнде өмірлері қалай өзгеріп кеткеніне сенер-сенбесін білмей жүр. Оқиға орнында әлі де құтқарушылар кезекшілік етуде, арнайы техника өртенген қалдықтарды шығарып жатыр.
Билік көмектесеміз деп уәде етті: облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан әр отбасыға 1 миллион теңгеден беріліп, шөппен қамтамасыз етілетінін айтты.
Алайда ауыл тұрғындары "Қанша ақша берсе де, біз жоғалтқан дүниемізді қайтару мүмкін емес" дейді.