Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алыптың аты өшпесін

08:30, 16 мамыр 2022 261
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы қарт Қаратаудың етегінде Жаманбай ауылдық округіне қарасты Кеңес ауылы орналасқан. Ауылға бұл атау Кеңес өкіметі орнап, жаппай ұжымдастыру саясаты кезеңінде берілген.

Мыңнан аса тұрғын ғұмыр кешіп жатқан шағын ауылда тіркелген 170 үй бар. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Талап кеңшары құрамынан бөлініп шығып, жеміс-жидек шаруашылығымен айналысатын кеңшар болып қалыптасты. Қойнауы қазынаға толы қарт Қаратаудың етегіндегі осынау шағын ауылдан республикамызға танымал күйші, композитор Әлшекей, белгілі дирижер, Қазақстанның халық артисі Төлепберген Әбдірәшев, тағы да басқа азаматтар өсіп жетілген.

Ынтымағы жарасқан ауылдықтар туған жерден түлеп ұшқан азаматтарының есімін ел есінде қалдыру мақсатында елді мекендегі орта мектепті Төлепберген Әбдірәшев атына бергізді. Өзін осы ауылдың төл перзенті санайтын Мұхтар Әлиев ағамыз 1998 жылы алғашқы мешіт үйін салдырып, жерлестерін қуантты. Кейінірек күрделі жөндеуден өткізілген бұл мешіт үйі талай ауылдық жастарды имандылық жолына баулып, туған жерін қадірлейтін, елін сүйетін ұрпақтарды тәрбиелеп өсіруде. Елден жырақ жүрсе де туған жерін жадынан шығармаған Мұхтар ағамыздың өмірбаянына біршама тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.

Танымал ғалым 1933 жылы өмір есігін ашқан. Еңбек жолын 1950 жылдан Шымкент облысына қарасты Темір ауылындағы 7 жылдық мектепте оқытушы болып бастаған. Алматы қаласындағы Мемлекеттік медицина институтын 1957 жылы емдеуші-дәрігер мамандығы бойынша бітірген. 1957 жылдан Шымкент облысы Темір ауылындағы бөлімшелік ауруханада хирург әрі бас дәрігер, 1958 жылдан Алматы мемлекеттік медицина институтында клиникалық ординатор, 1960 жылдан Республикалық клиникалық аурухананың хирург-дәрігері қызметтерін атқарды. 1961 жылы Онкология және радиология ҚазҒЗИ-ға кіші ғылыми қазметкер болып орналасты. 1963 жылдан Алматы екінші қалалық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, Алматы мемлекеттік медицина институтының аспиранты атанды. 1969 жылы Алматы дәрігерлердің білімін жетілдіру институты кафедрасының меңгерушісі қызметіне келіп, доцент атағын алды. 1976 – 1980 жылдар аралығында Алматы мемлекеттік медицина институты хирургия кафедрасының меңгерушісі болды. 1978 – 1982 жылдар аралығында ҚазКСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас хирургі, 1980 – 1985 жылдары Ә. Н. Сызғанов атындағы Клиникалық және эксперименталды ҚазҒЗИ-дың директоры қызметін абыроймен атқарды. 1982 – 1987 жылдары ҚазКСР Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды. 2001 жылдан Ә. Н. Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығының құрметті директоры болды.

Ол 1966 жылы медицина ғылымдарының кандидаты атанып, 1974 жылы «Қосылысқан сәулемен зақымданған жағдайдағы күретамыр ақаулығы» атты тақырып бойынша докторлық дәрежені қорғап шықты. 1976 жылы профессор, 1988 жылы ҚазКСР ҒА-ның, 1992 жылы Халықаралық шығармашылық академиясының, 1995 жылы Халықаралық ақпараттандыру академиясының, 1996 жылы Нью-Йорк ғылым академиясының, 1996 жылы ГФР Медициналық білім беру академиясының академигі атанды.

Қазақстан Республикасы хирургтері ғылыми мектебінің жетекшісі болған ғалым 800 ғылыми еңбек жазып, артына 58 монография, ғылыми-танымдық және оқу кітапшаларын қалдырды. ҚР мен КСРО пәтенттеген 151 өнер табыстың авторлық куәлігінің иегері. 1983, 1985 жылдары 11-, 12-шақырылған ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы ХVІ, ХVІІ съездерінің делегаты, 1986 жылы ҚКП ОК мүшелігіне кандидат, 1990 жылы КОКП ХХVІІІ съезінің делегаты, Халық депутаты қызметтерін де атқарды. 1978 жылы КСРО-Франция Достық қоғамдастығы Қазақ бөлімінің төрағасы, 1988 жылы Ә. Н. Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығы жанындағы медицина ғылымдарының докторы ғылыми атағын беру диссертация кеңесінің төрағасы, 1978 – 1982 жылдары Бүкілодақтық хирургтер қоғамының басқарма мүшесі, 1988 – 1989 жылдары ҚазКСР ҒА төралқасының мүшесі болды.

Атақты академик атқарған істеріне орай мемлекет тарапынан әртүрлі сыйлықтарды да қанжығасына байлады: ҚазКСР Мемлекттік сыйлығының (1988), ҚР Мемлекеттік сыйлығының (1999), «Мамандық өмір» халықаралық сыйлықтың (2004), «Платина Тарлан» сыйлығының (2005) лауреаты атанып, «Абылай хан» алтын медалінің (1998), «ХХІ ғасырдың 500 негізін салушылар» (Кембридж, Англия, 2001), «1941 – 1945 ж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Астана» (1998), «ХХІ ғасырдың 2000 көрнекті интелектуалдары» медальдарымен, «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен (2001) марапатталған. Бұлардан да бөлек «Халық Қаһарманы» (1995), «Жыл адамы» (2001), «Әлемнің көрнекті интелектуалдары», «Медицина облысында көрнекті кәсіби жетістіктері», «Әлем азаматы», «Әлем елшісі», «Көрнекті көшбасшы» (2003) атақтарына ие. Хирургияны дамытудағы көрнекті үлесі үшін құрметті халықаралық дипломның дипломанты (2002), Балтимор қаласының Құрметті азаматы және Кентуки штатының Құрметті полковнигі (1998) болған.

Республика көлемінде ғана емес, әлемдік медицина саласына қосқан толағай табысты еңбектері оны Тәңіртау сынды құзар шыңлы алып тұлғаға айналдырды. Осылайша шағын елді мекеннен түлеп ұшқан түлек ел мақтаныш тұтатын бәйтеректей биіктей берді. Ғұмырының көп кезеңі ауылынан жырақта өткен Мұхтар Әлиұлының да өмірден өткеніне жеті-сегіз жылдың көлемі болып қалды. Қайда жүрсе де өзінің шыққан жерін ұмытпай, бүйрегі бұрып тұратын Мұхтар ағамыз берісі республикаға, арысы әлемге танымал ғалымға айналған жан екені даусыз.

Қазақстан Республикасы Медицина ғылым академиясының ірге тасын қалап, академик атанған Мұхтар ағамыздың алдағы уақытта 90 жылдық мерейтойы жақындап келеді. Сол себепті де ел мақтанышына айналған алып тұлғаның есімін халық жадында мәңгі қалдыру мақсатында өзін төл перзенті санайтын ауылға беру азаматтық іс болары хақ. Оның үстіне бұл күндері саяси мәні ескірген ауылдың «Кеңес» атауын ауыстыру да заман талабы. Алыптар алыстаған сайын асқақтай түсетіні шындық. Асқақтай түскен алыптарды аласартпай, ұрпақтар жадында ұлықтай беру біздің борышымыз болуы тиіс. Бұл ұсыныс-пікірді ауыл тұрғындары қуана қолдарына сенімдімін.

Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
ҚР Мәдениет саласының үздігі.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар