Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Алғыс айту күні» дәстүрге айналып келеді

13:14, 28 ақпан 2023 265
Елімізде ұлтаралық татулық, қазақстандық тұтастық жиі айтылады. Соның арқасында жүзден астам ұлт өкілі Қазақстан деген үлкен шаңырақтың астында бір атаның балаларындай тату тәтті күн кешуде. Соның ішінде Алматы қаласында да бірнеше ұлт өкілдері өзара түсіністік пен достықта өмір сүруде. Мұндай татулықта жергілікті әкімдік тарапынан ұйымдастырылатын шаралардың маңызы зор! Соңғы жылдары мұндай шаралар қалада жиі ұйымдастырылуда.
Жалпы ұлттар арасын жақындатуға «Алғыс айту» күні де өз ықпалын тигізіп келеді. Тіпті аталмыш мереке қазір қаламыздағы өзге ұлт өкілдерінің де көңілінен шығуда. Соның айқын мысалы «Ұйғыр авази» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ершат Әсметов:

«Барлық мерекелердің ішінде мен үшін Алғыс айту күні - ең маңызды және құрметті күн. Мұны жыл сайын сезініп келеміз. Өйткені алғыс жүректен шығады. Алғыс адамдарды жақындастырады, татуластырады. Бұл мерекенің жыл сайын үлкен мәнге ие болып келе жатқанына қуаныштымын. Бізде алғыс айтатын адамдар көп. Ата-ана, туған-туыс, дос-жараннан басталып, шексіз дархан даласындай жүрегі кең қазақ халқына алғысым зор! Қазақ халқының жүрегіне жүзден астам ұлт өкілдері сыйып кетеді. Бұл - көптеген елдерде жоқ нәрсе. Шет елдерге жұмыс бабымен барғанымызда, бәрі таң қалып: «Осындай көпұлтты мемлекетте адамдар қалай тату-тәтті өмір сүреді?» деп сұрайды. Оған себеп – қазақ халқының, оның айналасындағы барлық ұлттар мен ұлыстардың жүрегінің тазалығы деп білемін. Бүгінгі бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанымызға әрбір қазақстандықтың қатысы бар. Әрбір қазақстандық - осы тату отбасының мүшесі. Қазақстан халқы Ассамблеясының және барша қазақстандықтардың атынан жастарымызды құттықтап, оларға табыс, өркендеу, еліміздің экономикасының дамуы жолында бәсекеге қабілетті болуын тілеймін! Және осы күні бауырымызға айналған қазақ халқына алғысымды айтамын!» - дейді.

Ең бастысы осы күнді еліміздегі барлық ұлт өкілдері ерекше күтетін болған. Алматы қаласында Алғыс айту күніне орай өткізілген брифингте Алматы ұлттық кәріс орталығы төрағасының орынбасары Георгий Кан да «Алғыс күні - мен үшін, Қазақстанның барлық кәрістері үшін және біздің отбасыларымыз үшін бұл өте мейірім мен жылылыққа толы төл мереке. Өйткені 1937 жылы мұнда кәрістер жер аударылған. Олардың арасында біздің әкелеріміз, аталарымыз бар. Бестөбе тауының баурайында жәдігерлерді сақтадық, онда жеркепелерден қалған шұңқырлар, ата-бабаларымыздың бейіттері бар. Сол жерге «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішін орнаттық. Бұл алғашқы алғыс ескерткіші, келіп гүл қоятын монументке айналды. Сол жылдары бізді сенімнен айырылған адамдар ретінде әкелгенде қазақтар біздің аман қалуымызға көмектескенін бала кезімізден еститінбіз. 1937 жылы қалың күзде, қар жауып тұрғанда, қазақтар көмектеспесе, қалай күн көретін едік. Сондықтан бұл - біздің мейірім мен жылылыққа толы төл мерекеміз», - дейді. Өзге ұлт өкілдерінің осы тілегі ақ көп нәрсені аңғартып отыр.

Жыл сайын Алматы қаласында осы атаулы күнге орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай өткізілген іс шаралардың арқасында Алматы қаласындағы ұлттар арасындағы татулық нығайып, бірлік артып келеді.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар