Азаттыққа ұмтылған Алаш Орда автономиясы ұлттық мемлекет ретінде құрылғанда еліміздің жағдайы қандай болар еді? Alash.kz ұлттық порталы бұл сұрақтың жауабын алаштанушы, абайтанушы ғалым Сұлтан Ыбырайдан біліп көрді.
- Қазақ даласын дүр сілкіндірген Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы мен Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстардың Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысымен ұқсастықтары мен айырмашылықтары қандай? Осы қозғалыстарды Тәуелсіздікке жол ашқан тарихи қадамдар деп бағалауымызға бола ма?
Ұқсастығы қазақтың тәуелсіздікке, дербестікке, елдікке ұмтылуы. Айырмашылығы күрес тәсілдері мен мақсат қоя білуде жатыр. М. Әуезов «Зар заман ақындары» деген еңбегінде жазғандай «Бұрынғы ақындар зарыменен бодандықты айтып көрсеткенімен, жырлағанымен одан шығудың анық жолын көрсете алмады, ал Абайдың олардан айырмашылығы ғылым-білімге жол сілтеді, өнер үйренуге шақырды, сол арқылы еркіндікке жетуге болатынын түсіндірді».
Ескі жолмен жаңа заманда, XX ғасырда өркениет көшіне ілесу мүмкін емес екендігі айқындалды. Абайдың шапанының етегіне жармасып өскен Алаш арыстары ендігі күрес ғылым-білімді игеру, халықты жалпы сауаттандыру үшін мектептер, жоғары оқу орындарын ашу, кітаптар шығару, технология үйрету арқылы елге, жерге ие болуға, экономиканы дамытып, өзінің күштік құрылымдары бар, «жапон үлгісіндегі» ұлттық тілі, мәдениеті басым, әділеттілікке негізделген жаңа заманға сай мемлекет құру деген мақсат қойды.
Бұл қозғалыстар сөзсіз Тәуелсіздікке жол ашқан тарихи қадамдар, талпыныстар. Тақыр жерге шөп шықпайтыны секілді, бұрынғылардың арман-мұрат, қарекетінсіз Тәуелсіздікке жету мүмкін емес еді. Бірақ саяси қағаздағы тәуелсіздік пен шынайы санадағы тәуелсіздік екі түрлі. Біз өкінішке қарай әлі ел тәуелсіздігінің қадіріне жете қойған жоқпыз.
- 1917 жылы құрылған Алаш Орда автономиясы мен 1920 жылы құрылған Қазақ (Қырғыз) автономиялық социалистік республикасының ұстанған бағыттарындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар туралы не айтар едіңіз?
- Қазақ (Қырғыз) автономиялық социалистік республикасы деген «әлеуметтік теңсіздік» деген утопиялық идеяға негізделген, іс жүзінде ұлтты жоюға арналған жаңаша үлгідегі совет империясының құрамындағы қуыршақ мемлекеті еді. «Формасы ұлттық, мазмұны социалистік» деген желеумен «советтік ұлт» жасау эксперименті болатын. Ол империяның құлап қалуының өзі жалпы ол идеяның жасанды екендігінің көрсеткіші.
Ал Алаш Орда автономиясы мен жалпы Алаш идеясы өзінің өміршеңдігін көрсетті, арыстарын жойып, кітаптарын өртеп қолдан жойса да ол идея қайта оралды. Әлі де сыртқы және ішкі күштер бөгет болғанымен еркіндік деген ұмтылыс идеясы қазақ ұлтының атында да тұр. Алаш Орда автономиясының мақсатын жоғарыда айттық.
- Егер Алаш Орда автономиясы ұлттық мемлекет ретінде құрылып, дербестігін сақтап қалған жағдайда, қандай өзгерістер орын алар еді? 1921, 1932 жылдардағы ашаршылық пен 1930-1953 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің алдын алуға мүмкіндік болар ма еді? Бұл тарихи жағдай бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен даму бағытына қалай әсер етер еді деп ойлайсыз?
- Егер Алаш Орда автономиясы ұлттық мемлекет ретінде құрылып, дербестігін сақтап қалған жағдайда түркі-мұсылман жұртында үлкен тектоникалық өзгерістер болатын еді. Бірінші сол Әлихан бастаған Алаш арыстары аман-сау қалар еді. Аштықтар, репрессиядан аман өтіп, бүгін санымыз елу, алпыс миллионға жетіп, ішкі рыногі бар, көршілер санасатын, дүние мойындаған, экономикасы, ғылым-білімі, технологиясы дамыған, ұлттың сапасы мен тілі мен мәдениеті сақталған ел болар едік.
Әрине өткенді басымызға жазған тағдыр деп қабылдап, ендігі жерде ұлттың бірлігін дәріптеп, өткеннен сабақ алып, шынайы тәуелсіздікке жетуге күш салуымыз керек. Тәуелсіздік әлі де қауіпте. Ақылдың биік көрсеткіші өзгере білуде. Ұлт ретінде ұйысып, жақсы жаққа қарай өзгере білсек, Әлихан көсем атпақшы «Қазақ Қияметке дейін жасай береді»...
- Cұхбаттасқаныңызға рақмет! Алаш рухы мәңгі жасасын!
Cұхбаттасқан Зарина ӘШІРБЕК
Alash.kz ұлттық порталы