Қазақстанда мектеп формасына қойылған талаптарды бірнеше рет бұзған оқушылардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова жеткізді. Дегенмен, мектеп киімінің болмауы баланы сабақтан шеттетуге себеп саналмайды. Оқушының сырт келбеті бекітілген талапқа сай келмеген күннің өзінде де оның сабақтарға қатысуға толық құқығы бар.
Белгіленген ережелерді сақтау міндеті ең алдымен оқушының ата-анасына жүктеледі. Тәртіп алғаш рет бұзылған жағдайда оларға ескерту беріледі. Ал заңбұзушылық қайталанса, 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, яғни 21 625 теңге айыппұл өндіріледі.
Шынар Ақпарованың айтуынша, ата-аналардың бұл жауапкершілігі Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 49-бабында нақты бекітілген.
Бұдан бөлек, мектеп формасына қатысты нақты талаптарды әрбір білім беру ұйымы өзі айқындайды. Оқу орындары мұндай шешімдерді ата-аналар қауымдастығы мен қамқоршылық кеңестің пікіріне сүйене отырып қабылдайды.