Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Хиджабқа тыйым десе онда тақияға да салынуы керек: Ермұрат Бапидің "заңы" қоғамды екіге бөлді

18 маусым 2024 203

Депутат Ермұрат Бапи қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салу керек деген пікір айтқан болатын. Халық ойы екіге бөлініп, бірі жақтаса, бірі даттауда. Осы орайда желі қолданушысы Ораз Әлімбеков халықты даурықпауға шақырды. Депутаттың айтқаны жай дақпырт әңгіме деді. Бұл туралы Alash.kz ұлттық порталы Sn.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Депутат халықты шатастырды: хиджаб па, никаб па? Сәләфизмді не қыламыз? Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бір топ депутатпен бірге қоғамдық орында діни киім киюге тыйым салатын заң дайындап жатқанын айтып, «заң қабылданғаннан кейін қоғамдағы хиджаб, никаб және басқа да діни киімдер мәселесі шешіледі» деп мәлімдеген соң діни радикалдардың қылығынан әбден зәрезап болған қауым тақиясын аспанға атып, «алақайлап» қуанып жатыр екен. Депутаттың бұл мәлімдемесіне кейбіреулер жоңғарды жапырып қырған Қабанбай батыр тіріліп келгендей әсерленіпті. Кейбіреулер сәләфизмге тыйым салуға билік шындап кіріскендей шабыттаныпты. Шындығында, мұның бәрі құр даурықпа әңгіме. Депутат қоғамдық ойға манипуляция жасап, жұртты алдаусыратып отыр. Бапи үшін оның себебі бар, деп жазды ол. 

Желі қолданушысы бұлай деуіне бірнеше себеп барын айтып, оларды тізіп шықты.  

Біріншіден, Ермұрат Бәпидікі – «ұялған тек тұрмастың» кері ғой. Естеріңізде болар, сәләфизмге тыйым саламыз деп даурыққан депутаттардың бір осы еді. Сол кезде саясаттанушылар мен заңгерлер «сәләфизмге тыйым сала алмайды» деп кесімді пікір айтқан. Сәләфилердің де, биліктегілердің де көңіл-күйіне қаныққан, проблеманы ішінен білетін Бекболат Тілеуханның өзі «сәләфизмге тыйым сала алмайды» деді ғой. Солай болып шықты да. «Үйітіп жібереміз, бүйітіп жібереміз» деп пұтқа толған сол депутаттар жеме-жемге келгенде сәләфизмге тыйым салуға қауқары жетпей ұятты болып қалды. Сәләфизмнің «екі аяғын бір етікке тығуға» дәті жетпеген Мәжілістің өкілі енді келіп мұсылман әйелдердің бас киіміне тыйым салу мәселесін айтып аңқау жұрттың көңілін ауламақшы.

Екіншіден, Ермұрат Бәпи никабқа хиджабты қосып халықты шатастырып отыр. Қоғамдық орындарда никаб пен паранжа киюге тыйым салатын заң шығаруға болатын шығар. Себебі, кез келген заң қоғамның, мемлекеттің қауіпсіздігі немесе дамуы үшін жазылады. Никаб пен паранжа киген адамды көзбен немесе көру құралы арқылы идентификациялау (жынысын, жас шамасын, келбетін анықтау) өте қиын. Хиджаб немесе паранжа оранып қару асынған терроршы те кеңқолтық киімнің ішінде жүре беруі мүмкін. Сондықтан Өзбекстан мұсылман әйел киімінің осы екі түріне тыйым салды. Қазақстан соны қайталайын деп жатыр.

Ал хиджаб қазақтың кимешегі секілді бас киім ғой. Айырмашылығы – хиджабты бүлдіршін қыздан бастап кие береді, қазақтың салт-дәстүрі бойынша кимешекті күйеуге тиген әйел киіп бастайды. Егер қоғамдық орында хиджаб киюге тыйым салатын болса, онда кимешекке, орамалға, тақияға, қалпаққа, кепкіге, шіләпіге, тымаққа, бөрікке тыйым салу мәселесі көтерілуі мүмкін. Қандай бас киім кию — әрбір адамның құқығы. Әрине, «мектеп формасы – мектеп тәртібі» деген желеумен оқушы қыздарға хиджаб киюді шектеуге болатын шығар, бірақ басқа жерде олардың да киім кию қалауына қарсы шара қолдану мүмкін емес. Сондықтан, депутат Ермұрат Бәпидің популистік мәлімдемесін жүрекке жақын алмаңдар, достар. Менікі ойжору ғой… Анығын Ақорда біледі, деп жазды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?