Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Отбасындағы ұрыс та суицидке итермелейді

10:42, 20 маусым 2023 257
НЕСКО жанынан құрылған балалардың құқығын қорғайтын ЮНИСЕФ ұйымының мәліметінше жыл сайын әлемде балалар мен жасөспірімдер өлімі көбейіп барады. Әсіресе еліміздің оңтүстік облыстары оның ішінде Түркістан, Алматы облыстарында балалар арасындағы суицид дерегі көбейіп барады. Қоғам болып күресетін қатердің қалай қауіптілігін сейілте аламыз? Оқу-ағарту министрлігі осы жылы «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаудың, суицидтің алдын алудың және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған Балаларды қорғау кешенді жоспарын бекіту туралы» Үкімет қаулысын әзірлегені белгілі. Үкіметтік қаулы қабылдау деңгейіне жеткен суицидтің балалар арасындағы белсенділігін азайту қашанда өзекті. Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, зорлық-зомбылыққа, психологиялық қысымға ұшырамауына өріс ашу мақсатында іске асырылатын қаулының маңыздылығы жоғары. Енді осы қаулыда балалар арасындағы суицидтің алдын алып, қайғылы оқиғаларды болдырмаудың қарекеті қайткенде іске асырылады деген сауал қашанда маңызды. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын кешенді жоспар ауқымды төрт бөлімнен тұрады. Осы төрт бөлімнің ішінде «Оқушылардың педагогикалық қолдауға құқықтарын жүзеге асыру, балалардың суицидтік және аутоагрессивті мінез-құлқының алдын алу және түзету» деп жазылған. Осы қаулыда жазылғандай алдағы үш жылда өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылғандар, басқа да зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың мәселесін оңынан шешіп, медициналық көмек түрлерін ұзақ мерзімге көрсету мақсатында арнайы оңалту орталықтарының желісін құру ұсынысы да қамтылды.

«Бұл қаулының жүзеге асыра отырып, қоғамда суицидтік көңіл-күйді азайтып, қатердің алдын алу шараларын күшейтудің бастауы деп қабылдауға болады. Балаға тәрбиені талбесіктен беру керек. Қазіргі таңда балалар мен ата-ананың арасындағы байланыс алшақтап бара жатқандай әсер етеді. Себебі қоғамынң талабына сай әкесі де шешесі де жұмыс істейді. Күні бойы жұмыста болады, кешкілік уақытта да басқа шаруаға айналып баласының тәрбиесіне баса көңіл бөле алмайтындар да бар. Дей тұрғанмен де педагог маман ретінде балаға қашанда ата-ананың мейірімі мен тәрбиесі аса қажет екенін есімізден шығармасақ екен. Суицидтің алдын алып, қоғамда көбеймеуіне сеп болатын ұлттық тәрбиені ақсатып алмауымыз керек. Мемлекетіміз де жат әдет, жаман қылықтан арылып, ұрпағымыздың салиқалы болып қалыптасуына айрықша көңіл бөліп жатыр», – дейді Алматы қаласындағы №98 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Мөлдір Ерназарова.

Жоғарыда біз атап өткен қаулыда балалар арасындағы суицид мәселесін азайту мақсатында ата-ана болу мәселесі жеке-дара қарастыру ұсынылған болатын. Ата-аналық құқық пен олардың жауапкершілігіне деген жүктеме де арта түседі. Бірнеше жылды қамтитын кешенді жоспарды жүзеге асыру арқылы біз кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесінің азаюына әрі мұндай әрекеттердің орын алмауына күш саламыз. Қаулыдағы ата-аналардың құқығы мен жауапкершілігін күшейтудің маңыздылығы зор. Себебі отбасындағы ата-анасының арасындағы ұрыс, тұрмыстық жанжал басқа да әрекеттер балаларға, әсіресе өтпелі кезеңдегі жасөспірімдердің психологиясына өте қатты соққы болып тиеді. Сондықтан да педагог маман Мөлдір Ерназарованың пікірімен келісе отырып, әрбір ата-ана тәрбие талбесіктен басталатынын жете ұғынуы тиіс демекпіз.

Көшім Есім

 

 

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар