Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Бұл – орыстардың Қазақстанға келген бесінші легі"

12 қазан 2022 58
Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін елден қашқандардың саны артты. ІІМ-нің 4 қазанда жариялаған мәліметі бойынша 21 қыркүйектен бері елге 200 мың ресейлік келіп, оның 147 мыңы Қазақстаннан шығып кеткен.

Ал 70 мыңға жуық ресейлік Қазақстаннан жеке салық нөмірін (ЖСН) алып, 68 адам Қазақстан азаматтығын алуға өтініш беріпті. Жалпы, орыс халқының Қазақстанға үдере көшуі бірінші рет емес. Бұл жөнінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған айтып берді.

«Ресей бізден 90 жыл кейін мемлекет болып қалыптасты»


– Ресей мен Украина арасындағы соғыс пен Путиннің мобилизация жүргізуі салдарынан елімізге 200 мың ресейлік келіпті. Тарихтан белгілі, бұған дейін де орыстар қазақ жеріне бірнеше себеппен қоныстанған. Тарихшы ретінде осыған кеңірек тоқталып өтесіз бе?

– Біріншіден, қазір бізге келіп жатқан – Ресей федерациясында тұратын халық. Яғни, бұлар тек орыстар ғана емес, олардың арасында Қырым татарлары, башқұрт, татар да бар. Әрине, басым көпшілігі орыс ұлтының өкілдері. Олар мобилизациядан кейін қашып келді. Жалпы, орыстардың Қазақстанда пайда болуы қызық мәселе.

Қазақ мемлекеті мемлекет ретінде 1465 жылдары, ал Ресей 1560 жылдары құрылған. Яғни, 90 жылдан кейін мемлекет болып қалыптасты. Оған дейін Московия деп аталды. 1552 жылы Қазанды, 1556 жылы Қажы-Тарханды (қазіргі Астрахань) алды. Неміс ғалымдары «Қазан мен Қажы-Тарханның құлауы орыстардың Еділ өзенінен өтуіне жол берді» дейді. Сөйтіп, олар Еділ арқылы Шығысқа өтіп, Орал тауына келе бастады. Мұның арасында башқұрт, татар елін басып алды.

1730-1750 жылдары олар қазақ даласына да жетті. Бұл кезде орыстың губернаторлары көбінесе неміс пен поляк ұлтынан болған. Олар қазақ даласына келгенде Еуропаның әдісімен қамал сала бастады. Соның бірі – Петропавл қаласы, Атығай мен Қарауылдың жері. Одан бұрын Оралда, Тобыл қаласында қамал салған. Дәл сондай әскери қамалды 1750 жылдары Өскеменде де салды.



Осылайша, қазақ даласын бірінші әскери шепте қоршап алып, ақырындап ішке ене бастады. Семей, Көкшетау, Атырау қаласына кірді. Көбі әскери казак отрядтары еді. Әсіресе, мұсылман татар көпестері көп болған. Олар Алматы, Семей, Өскемен, Қостанай, Петропавлда қоныстанды. Бірақ орыстар қазақтың жеріне көз салып, Омбы мен Орынбардан арнайы мамандар келіп, геодезиялық жұмыстар жүргізді. Яғни, жерді түсіріп, картасын жасады.

Фото: ғаламтордан

Ресей 1861 жылы крепостнойлық құқық дегенді тоқтатып, шаруаларға бостандық берді. Бұдан кейін олар патшаға қарсы күреске шыға берген соң, билік қулыққа көшіп Сібір, Қиыр Шығыс, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанға қарай мыңдаған, миллиондаған шаруаны жөнелте бастады.

Ал 1905 жылы төңкерістен кейін Ресей федерациясының Петр Столыпин деген үкімет басшысы кезінде жоспарлы түрде миллиондаған орыс шаруалары Сібірге, қазіргі Омбы, Челябі, еліміздің Ақтөбе, Шымкент өңіріне дейін қоныс аударды.

Ең қызығы, оларды алдын ала дайындап, переселен қоры арқылы ақша бөлді. Сөйтіп, орыс халқы қазақ даласында қаптап кетті. Және бұларға ең шұрайлы жерлерді тартып алып беріп отырған. Тіпті, бұларда «Бұл бос жатқан жер екен» деген түсінік қалыптасып, тартып алғанын алып, қалғанын Ресей империясының меншігі ретінде санады. Мұны ғылыми тілде колонизация дейді. Тартып алған жерді өз ұлтына әкесінен қалған мұра сияқты таратып берді. Нәтижесінде Қазақстанда бітпейтін «Сергеевка», «Андреевка», «Николаевкалар» пайда болды. Одан кейін «Новониколоевка», «Новосергеевка», «Новопетровка» деген атаулар шыға бастады.

«Қазақ ешқашан Ресейге өз еркімен қосылған емес»


– Ресей қазақ жерінің біраз бөлігін колонизация арқылы тартып алса да, ақыр соңында Қазақстан Ресей құрамындағы ел саналды...

– Мынандай маңызды мәселе бар. Қазақ ешқашан Ресейге өз еркімен қосылған емес. Бұл – бос сөз. Жалпы, мұсылман, шығыс халықтары ХVІІ-ХVІІІ ғасырда үлкен дағдарысты бастан кешірді. Ресей империясы осыны пайдаланып, сулы, нулы жерлерді тартып алып отырған. Әсіресе, 1901-1910 жылдары Жетісу мен Оңтүстік өңіріне қаптап келген. Бір сөзбен айтқанда, жерімізді аннексиялап, басып алды.

Қазақ ешқашан орыстарға бодан болған емес. Кейін жер де, мемлекет те солардыкі сияқты, қазақ халқын бодандықтан шығарғандай етіп жасады, көрсетті. Тарихқа да солай жазуға тырысты.



Олар қарап жүрмей, қазаққа санақ жүргізді. Ақын Дулат Бабатайұлының «Балаңды алар солдатқа, халқыңды алар санаққа...» деген өлең жолы бар. Осы жағдайды Абай, Құрманғазы, Махамбет, Кенесары, Сырым Датұлы көрді. Кенесары Қасымовтың көтеріліске шыққанда жазған хатында «Келісім бойынша біздің ата-бабамыздың жері біздікі еді. Сендер неге қазақтың шұрайлы жерлерін, Есіл, Нұра, Тобыл бойын тартып аласыңдар?» деген жолдар бар.

1916 жылы Амангелді Имановтың көтерілісі неден шықты? Ол Қостанай өңіріндегі қазақтардың жерін тартып алған орыстарға қарсылық көрсетті. Алматы облысы Қаскелең жақта Бекболат Әшекеев те көтерілісте қол бастады.

1916 жылы 7-8 шілдеде Бекболат Алматының батысындағы Үшқоңырда Жайылмас және онымен көршілес болыстар тұрғындарының басын қосып, Ресей патшасының маусым жарлығын талқылайды. Бекболат ұста дүкендерін ашқызып, қару-жарақ жасатты, жігіттерді соғыс өнеріне үйретті, Үшқоңырға келетін жолдарға тосқауылдар қойылып, жазалаушы отрядтар өте алмайтын берік қамал жасалды.

Верный. Фото: ғаламтордан

1916 жылы 7 қыркүйекте Ресей армиясының Верный қалалық әскери гарнизонының соты Бекболатты дарға асуға үкім шығарды.

1917 жылы орыс революциясы басталған кезде орыстар тағы бізге қарай тым-тырақай қашты. Қазір келіп жатқан ресейліктерге қарап тарихтағы сол уақыт көз алдыма елестейді. Ол кезде шекара жоқ, ешкім қадағаламады.

– Негізінен ресейліктер Қазақстанға қай жылдары көп келді?

– Екінші легі – 1917-1920 жылдар аштық болғанда келді. Сол жылдары Ресейде коллективтендіру саясаты жүргізілгендей болды. Сөйтіп, көптеген шаруалар, оның ішінде орыстар ғана емес, орыстанып кеткен украин, белорусь, поляктарды Қазақстанға қарай жөңкітті.

Келесі легі – 1941-1945 жылдары соғыс кезінде ағылды. Ресей көп зауыт, фабрикаларды Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанға салып, біраз халқын тұрақты түрде қалдырды.

Төртінші легі – 1954-1957 жылдары 3 млн тың игеруші келді. Оларды көшіру үшін де көп ақша бөлді. Арасында түрмеден босаған қылмыскерлер көп болды. Кейін 3 млн-ның 1,5 млн-ы Қазақстанда қалып қойды.



1959 жылы қазақ өз жерінде отырып азайып кетіп, 26 пайыз ғана болса, 65-70 пайызы – орыстар еді. Тек 1980 жылдары бала туу көрсеткіші азайып, орыстар мен басқа ұлттар еліне кете бастады. Себебі, жер өздерінікі емес екенін біледі.

1990-1993 жылдары елімізден 3 млн-ға жуық орыс, неміс, еуропа халықтары еліне оралып, қазақ ұлтының саны көбейе бастады. Ал мына келіп жатқан ресейліктер көші – бесінші лек.

«Бұлар барған жерін көгерте алмайды»


– Қазақстанға келіп жатқан ресейліктер баяғы империялық пиғылды көксейтін сияқты ма, қалай?

– Бұлардың арасында да пиғылы әртүрлі адам бар. Тіпті, қазақтың қандай ұлт, халық екенін білмейтіндер, қазақ пен қырғызды айыра алмайтындар көбі. Бұлар өзі елінен бүлік шықса, жан-жаққа қашуға бейім.

Бұрын 1905-1910 жылдары революцияның алдында бүлік шығып еді, тым-тырақай безіп кетті. Екінші, 1917-20 жылдары Ленин бастаған революция, үшінші 1941-1945 жылдары неміс шабуылдаған кезде де тұра қашты. Бірақ олар барған жерін көгерте алмайды.



Қазір жер көлемі жағынан ең үлкен мемлекет – Ресей. Кезінде Қиыр Шығыс, Сібір, Якутия бәрін алған. Сол жерлерді місе тұтпай, басқаның жеріне көз алартатыны түсініксіз. Өз жері бос жатыр игерілмей. Сол астамшыл пиғыл Украинамен соғысқа алып келді.

Фото: DW

 Әлеуметтік желіде Петропавл қаласының тұрғынымыз деген кәмелетке толмаған екі бойжеткен «Бұл соғыста Қазақстан Ресей жағында. Петропавл – Ресейдің губерниясы. Бұл – Ресейдің жері» деп сұхбат беріп отыр. Осындай іштен шыққан жауларды қалай тезге салуға болады?  

– Туған жерім – Қызылжар өңірі. Сәбит, Ғабит, Мағжан мен Ақан серінің елі. Бұл орыстар «Русский мир» дегенді тауып алған. Әлем бойынша орыстың мәдениетін, тілін насихаттаумен айналысады. Бұлардың мәдениеті еш ұлттан жоғары емес. Бұлар да біз сияқты халық. Бірақ бұлардың миында «Біз мықтымыз. Басқалардан артықпыз. Біздің айтқанымыз орындалу керек» деген шовинистік пікір қалыптасқан.

Қазір Солтүстік Қазақстан облысындағы бұрынғы орыс ауылдары босап қалған. Өңкей кемпір-шал тұрады. Дегенмен, Қазақстанда қазіргі санақ мәліметі бойынша, 2,5-3 млн орыс бар. Оның қаншасы таза орыс екені белгісіз. Бұлар өзі араласып кеткен. Қалай десек те, орыс ұлты жастарының тәрбиесін дұрыстау керек. Ресейдің Украинаға қарсы соғыс бастауының бірінші себебі осы – өздерін жоғары, астамшыл санап, жерін тартып алуға ұмтылуы.

– Сұхбатыңызға рахмет!
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?