Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ахмет Байтұрсынұлы: Хүкімет қолайлаған жоба халыққа да қолайлы болар ма? Болмас па? Оны халық айту тиіс

23:15, 23 шілде 2024 417

Қазақ туралы шығатын жаңа закон жобасы газетамыздың 75-ші нөмірінен басталып, 79-шы нөміріне шейін басылып бітті. Сол жоба жасалғанда не мақсұт, не мəніспен жасалғандығын айтқан хүкіметтің баяндамасы бар. Осы баяндаманы Газетада басып, жұртқа естіртпекшіміз.

Ондағы мақсұтымыз мынау:

Жаңа закон шығару, ескі законды жаңалау бір мақсатпен істелмекші. Степной положениені қалдырып, жаңа закон шығаруға хүкімет жоба жасап отыр. Бір законды қалдырып, екінші закон шығаруында, əрине, мақсұт һəм мəніс боларға тиіс. Егерде закон жалғыз ғана жұрт игілігі үшін шығатын болса, хүкімет қазаққа айтар еді: өзіңе пайдалы боларлық закон жобасын өзің жасап, закон шығаратын орынға, яғни Г. Думаға депутатың арқылы кіргіз деп. Оны істемей, жобаны хүкіметтің өзі жасап отыр. Олай ететін себебі: халыққа керек игіліктен басқа хүкіметтің көздейтін өз мақсаты да бар. Хүкімет өзі жасаған жобасын өз мақсатына қолайлап, көздеген мақсатына сондай жолдармен жетерлік етіп жасайды. Хүкімет қолайлаған жоба халыққа да қолайлы болар ма? Болмас па? Оны халық айту тиіс.

Міне, хүкімет жасаған жобасын газетаға басып, жұрт алдына салдық. Жоба бойынша қазаққа не істелетіні мəлім болды. Бірақ оны олай, мұны былай етпекші болғанда не мақсат, не мəніс бар? Оны жобада айтылғанынан топшылап түйіп, мұның мақсат, мəнісі мынау екен деп, нақ үстінен түсіп, тура жүре алмайтындар болар. Сондықтан закон жобасының баяндамасын да жұрттың құлағына салуды қажет деп білдік.

Жоба баяндамасы біз Россияға қарағаннан берілі қазақ туралы шыққан закондардың қысқа ғана тарихы. Сонан берілі қандай закондар шығып, қалай олар өзгеріліп келеді? Ол өзгерістер не үшін болған, яғни не мақсат, не мəніспен өзгерілген һəм енді тағы не үшін өзгерілмекші? Осы баяндамадан қазақ турасындағы закондардың өзгеріліп келе жатқан бағыты (беті) қандай екенін білуге болады. Бетін білген соң, мақсат, ниетін түзу түсінуге жақсы. Əуелі, шығатын законның жобасын біліп, екінші, жоба жасаудағы мақсат, ниетін танып, үшінші, қазақ турасындағы закондардың өзгеріліп келе жатқан бағытын (бетін) біліп, түсінгеннен кейін, жаңа законжобасының жұртқа қолайлы, я қолайсыз жерлерін лақпай дұрыс байқауға болар деп ойлаймыз.

Баяндама

Ақмола, Семей, Орал, Торғай облыстары туралы шығатын жаңа закон жобасының баяндамасында мына сөздер жазылған:

Тарихи справка

Осы күнгі дала облыстарындағы, яғни Ақмола, Семей, Орал, Торғай облыстарына қараған қазақтар бұрын үш бөлім еді. Ол бөлімдері Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз атанған. Əр жүздің өз алдына ханы болған. 1731-ші жылы 19-шы февралда қатын патша Анна Ионованың грамотасымен (жарлығы) Кіші жүз қазағы түгелімен, Орта жүз қазағынан бір аз ғана бөлегі Россия қол астына кіреді. Бұл кірген қазақтардың ішкі істерінің билігін ханына, билеріне, жұрт ағасы адамдарына беріп, Ресей қазақты сыртқы жауынан қорғайтын ғана болады.

Сонан соң, қазақпен шекаралас жерлерден қорғандық дуандар салады, айырбас-сауда жүре бастайды. Қазақтардың ісі пограничный порядок жолымен қаралып тұрады. Россияның саясында тұрған қазақтардың тыныштығын көріп, басқа қазақтар да Россия қолтығына кіруге Кіші жүздің жолына түседі.

1782-ші жылы Ұлы ханды қазақ хан көтерсе де, бекітуін орыс патшасы бекітеді һəм өзіне қараған қазақтарымен Омбы, Семей дуандарының аралығындағыбосжерлерде көшіпжүруге рұқсат етеді. Бұл – Орта жүздің орысқа қарағаны. 1819-шы жылдан бастап Ұлы жүздің қазақтары Ресейге қарай бастайды. 1819-шы жылы 18-ші январда Ұлы жүз ханы Абылай өзіне қараған 55 мың 462 жан елімен орыс патшасының қол астына кіруге тілеп, ант береді.

Сонан 1820-шы жылдарға шейін, яғни жүз жыл шамалы, Орынбор, Сібір қазақтары пограничный порядок жөнімен Россияға қарап тұрады. Ханды көтеруші қазақ, бекітуші Россия патшасы болады. Россия өзінің бекіткен ханын сүйемелдейді, қолдайды. Қазақтармен шекара жерлерге қорғандар салып, бекінеді. Бірақ қазақтың ішкі ісіне қол салып кіріспейді.

Жүз жылдай сол қалыпта билеп келіп, сонан соң жақынырақ билегісі келеді. 1822-ші жылы 22-ші июнде Сібір өлкесі губернияларға, облыстарға бөлінеді. Сонда бір облысы Омбы облысы атанады. Омбы облысына қараған жерге Орта жүздің қазағының да жерлері кіреді. Басқа қазақтардан айыру үшін Омбы облысына қараған қазақтар Сібір қазақтары деп аталады. Омбы облысы төрт округке бөлінеді. Омский, Семипалатинский, Петропавловский, Усткаменогорский округтары деп аталады. 1822-ші жылы 22-ші июлде Сібір уставы шығады. Бұл устав бойынша округтар болысқа, болыстар ауылға бөлінеді. Округтарға, ру жігіне қарай, 15-тен 20-ға шақты болыс қараған. Болысқа, ата жігіне қарай, 10-нан 12-ге шақты ауыл қараған. Ауылға 50-70 шамалы үй қараған. Ауылды билейтін старшиналар болған, оларды үш жылға халық сайлаған. Болысты сұлтандар билеген, олар сайлаусыз төре задына қарайболған. Округты аға сұлтандар билеген. Оларды сұлтандар билеген. Оларды сұлтандар өз араларынан үш жылға сайлап шығаратын болған. Əр округада окружный приказ мекемесі болған. Окружный приказдың председателі аға сұлтан болған. Онан басқа төрт заседатель болған, оның екеуі губернатордың ұйғаруымен қойылған орыс чиновниктері болған, екеуі старшиналар мен билер екі жылға сайлап шығарған халықтың қадірлі, инабатты адамдарынан болған. Округалардан жоғарғы істер губернаторға қараған. Қазақ хандықтары жоғалған.

Сот істері екі топқа бөлінген: 1) Уголовный істер, 2) Даушар істер. Уголовный істер мынау болған: патшаға берген антын бұзу, кісі өлтіру, талау, тонау, барымта. Бұлар окружный приказда қаралып, областной соттың сынауына түсетін болған. Басқа дау-жанжалдардың бəрін де қазақтың қадірлі билері бітірген. Қазақтан Ресей хүкіметі жасаққа мал алатын болған. Түйеден басқа малдың жүзден бірін жасаққа алған. Ол үшін қазақ малының есебін үш жылда бір алмақшы болған. Жасаққа алған жылқы лау жұмысына жұмсалған. Басқа малдар əскер азығына жұмсалып, артылғаны сатылған. Онан алған ақша патшалық қазынасына түскен. Мұнан басқа лау салығы жұртқа тегіс түсетін болған.

1822-ші жылғы уставта Ресей хүкіметі қазақ еліне Ресей ісінің тəртібін кірістірсе де, уставтың жетіспеген жерлері көп болған. Бірақ ондай жерлерін қазақ ісін басқарушы хакімдер Россияның жалпы законының жөнімен істеуге рұқсат еткен. Сондықтан қазақ ісі турасындағы Сібір уставында айтылмаған істерді хакімдер сельский обыватель положениесінің жолына қарай атқарған. Сөйте-сөйте қазақ туралы істелген істер Ресей қол астындағы басқа сельский обыватель правосындағы жұрттардың ісіне жақындай берген.

Қазақ ісі қараған мекемелердің кей ұйғарған я ұнатқан істері закон болып, бекіліп те кеткен. Мысалы, 1854-ші жылы 19-шы майда бекілген Сібір комитетінің положениесі бойынша бұзық адамдарын қазақтар приговорлап, хүкімет қолына беретін болған. Сол положение бойынша билерді халық сайлап, хүкімет бекітетін болған. Жер туралы да 1854-ші жылғы 19- шы майдың положениесі көп өзгеріс кіргізген. 1822-ші жылғы Сібір уставы бойынша жер округаның мүлкі еді. Елді билейтін окружный приказ еді. 1854-ші жылғы положение əр болыс, əр ауыл өз қарамағындағы жерді өзі билейтін етеді. Құты, қыстау салып, орнығып, егін еккен жеке үйлер қора басына жер меншіктейтін етеді. Сібір комитетінің 1858-ші жылы 3-ші июнде бекітілген положениесі бойынша мұжықтардың обществосына жер жалдау туралы берілген праволар қазақтарға да берілген. Онан кейін 1861-ші жылы 4-ші апрельде шыққан законде волостной управительдікке қандай адам жарайтындығы, қалай сайланатындығы ашылған. Бұл закон бойынша волостной управительдікке төрелерден басқа қаралар да жарайтын болған.

1866-шы жылы 21-ші ноябрде мұжық туралы шығарған паспорт (билет) положениесін қазаққа да кіргізген.

1865-ші жылы көшпелі башқұрттарға мұжық положениесін жүргізіп байқайды. Мұжық положениесі башқұртқа закон болып жүріп кеткен соң, қазаққа да жүргізуге ықтималы барлығы байқалады.

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

«Закон жобасының баяндамасы» мақаласынан, 1914 жыл

Дереккөз: А.Байтұрсынұлы. Алты томдық шығармалар жинағы. IV том. - Алматы, 2013

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар