Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов бүгін кулуарда журналистердің сұрағына жауап беріп, жәрдемақы мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Депутат мұқтаж азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру мәселесіне тоқталды.
Оның айтуынша, Президент бүгін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіріп, шешім қабылдауда мұқият болу қажеттігін атап өткен.
– Иә, жаңа Мемлекет басшысы өзі осы мәселе туралы пікірін білдірді. «Артық қыламыз деп, тыртық қылып алмайық». Сондықтан бұл мәселе бойынша нақты зерделенген, алдын ала бірнеше рет санап, одан кейін кесу керек деген тұжырымды барлығымыз естідік.
Тіпті пилоттық режим туралы жаңа ойлар айтылды. Бұған қоса, жалпы Үкіметке осы мәселені мұқият қарап, нақты мұқтаж азаматтарға көмек беру туралы тиісті тапсырмалар берілді. Сондықтан министрлік пен Үкімет тиісті жұмысты ұйымдастырады деп санаймын, – деді ол.
Сонымен қатар депутат ақпараттық жүйелердегі мәліметтердің дұрыстығы мен шынайылығын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.
– Бүгінгі күні Үкіметтің өзінің көзқарасы, бекітілген әдістемесі және Үкімет қаулысымен бекітілген тиісті жүйе бар. Менің түсінуімше, біріншіден, осы жүйеге қажетті өзгерістер енгізіп, екіншіден, алдын ала апробация жасап, үшіншіден, нақты мұқтаж азаматтардың осы көмекті алуына жағдай жасау туралы айтылып отыр.
Төртіншіден, өте маңызды тұсы – ақпараттық жүйелердегі ақпараттардың дұрыс, дәл және таза болуын қамтамасыз ету. Өйткені қазір көп ақпараттық жүйе бар екенін білеміз. Бірақ осы ақпараттық жүйелердегі ақпараттардың шын мәнінде дәл әрі дұрыс болуын қадағалау туралы тапсырма берілгенінің себебі де осы деп ойлаймын, – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында әлеуметтік көмек жүйесін жетілдіру кезінде азаматтардың жағдайын ескеріп, реформаларды жан-жақты саралап, мұқият зерделеу қажеттігін айтқан болатын.
– Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы.
Жалпы, бұл салада өзекті мәселелер аз емес, соған байланысты Үкімет өз ұсынысын, шешімдерін беруде.
Қазір қоғамда осы мәселелер бойынша қызу талқы жүріп жатыр. Азаматтар өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық айтуда.
Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды.
Кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттеліп, азаматтардың жағдайын мейлінше ескере отырып жүргізілуге тиіс.
Әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін, соған қатысты ақпараттық жүйелердің қызметін алдын ала мұқият тексерістен өткізу қажет. Ең дұрысы, ондай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі расталған соң ғана кең ауқымда қолдану керек.
Түптеп келгенде, әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз.
Сондықтан біз адам капиталының сапасын жақсартуға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға баса мән беріп отырмыз.