Алматыға ЛРТ салынса..
Алматы қаласына да жеңіл рельсті трамвай (ЛРТ) салу қажеттігі көптен бері айтылып жүр. Бірақ халықытң көкейіне күдік ұялатып тұрған жайт Астана қаласындағы "сақалды құрылысқа" айналған ЛРТ-нің кебін құшпаймыз ба деген күмән. Бұл мәселе жуырда қала басшысы Ерболат Досаевтың жұртшылықпен жүздесуінде де айтылды.
Жалпы Алматы қаласына жеңіл рельсті трамвай желісі қажет, тіпті кезек күттірмей қолға алатын шаруа. Бірақ қыруар қаржыны талап ететін құрылысты жүзеге асыру қала бюджетіне ғана емес, мемлкет қазынасына да оңай салмақ болғалы тұрған жоқ. Қайтпек керек, деген сауалға шаһар басшылығы бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатынын айтты. Яғни қазір талқылауға ұсынылған ЛРТ жобасы келесі жылдың көктеміне қарай қолға алынуы мүмкін. Құрылысы басталатын болса, ел қазынасынан қаржы салынып біткенше ешқандай қаражат бөлінбейді. Яғни мердігер компания өз қаражатына салып, тапсырыс беруші орган талапқа сай қабылдап алғаннан кейін ғана әкімдік қаржысын аударып субсидия негізінде жүзеге асырады.
Жалпы оңтүстік астанамызда ЛРТ құрылысы 2017 жылдан басталып, 2021 жылы яғни былтырғы жылы іске қосылады деген де жоба-жоспар болған. Бірақ бюджеттен бөлінген қаражаттың басым бөлігі метрополитен құрылысына жұмсалып жатқандықтан қысылтаяң шақта ЛРТ құрылсын қоса қабат іске қосу қазынаға да ауыр болады деген пікір айтушылар да табылды. Қазір тіпті мегаполис тұрғындарының арасында жеңіл релісті жүрдек көліктің жолы салынуына қарсы пікір айтушылар да бар. Мәселен, жуырда шаһар басшысына "Ашық диалог" порталы арқылы сауал жолдап, қалаға мұндай құрылысты бастау тиімсіз деген уайымын жеткізген қала тұрғынына Ерболат Досаев былай деп жауап қатты. "Алматы секілді еліміздегі ең ірі пегаполиске ЛРТ әбден керек. Әлемнің дамыған, ірі қалаларын алып қараңыз, қай-қайсында да тұрғындар метро мен жеңіл рельсті көлік, жылдам жүйткитін автобус, троллейбусқа жиі мінеді. Жүрдек көлік ауқымы үлкен қалаларда магисральді көліктің негізгі қуаттысы болып саналады.
Алматы қаласына ЛРТ не үшін қажет, маңыздылығы қаншалықты? Міне, тұрғындардың көкейіндегі күптің ойлардың бір парасы осыған саяды. Алматыда жасыратыны жоқ, автобустар да, троллейбустар да жеткілікті, жүрдек қоғамдық көлікті де і іске қосудың күні келді. Шаһарымызда жоғары технологиялы, қауіпсіз және жайлы жерүсті көлік жүйесін іске қосу көп деңгейлі интеграцияланған қоғамдық көлік жүйесін құруда маңыздылығы өте жоғары. Метро бағыты мен оның стансаларына баратын автобус бағыттарының кестесі біріктірілгеннен кейін жолаушылар үшін қоғамдық көлікпен жету уақыты айтарлықтай қысқарады. ЛРТ-ға көп адам сыйып кетеді, мұның пайдасы автокөліктерді жүргізушілердің де қатары сирейді де, қала ішіндегі көлік кептелісінің азаюына серпін береді. Жеңіл рельсті трамвай Төле би көшесінің ортасымен жүріп отырады". Қала әкімі жуырда Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде де ЛРТ тақырыбын айналып өткен жоқ. Мегаполис басшысы ауқымды құрылыстың жоба құны келесі жылдың көктемінде нақтыланатынын да атап өтті.
Алматы қаласына ЛРТ не үшін қажет дегендердің көкейіндегі уайымы құрылысы аяқсыз қалмай ма деген сауалға жауап әлгіндей. Бұл ауқымды жоба тек мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жүзеге асырылады. Қалаға күн сайын 600 мыңнан астам көліктің сырттан кіріп, қаланың іргесінен қатынайтындардың да ағыны көп екенін ескерсек, ЛРТ жобасы адамдардың барыс-келісіне айтарлықтай оң әсерін тигізері даусыз. Қалай болғанда да оңтүстік астанамыз ЛРТ салуға сұранып-ақ тұр, қажеттілік те аса маңызды болып отыр. Енді тек жоба сәтімен жүзеге асырылса болды.
Қуан Есімбай