Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алаш көсемі Әлихан «біздің жол – сонау Руссо, Дидродан келе жатқан демократия жолы» деп анық таңдау жасады

17:55, 15 қыркүйек 2024 830

АЛАШТЫҢ САЯСИ ФИЛОСОФИЯСЫ

Саясаттану мен философия тұрғысынан Алаштың саяси философиясы деп жазу, бәлкім қате де шығар. Сонда да, Алаштың саяси ойының бағыты туралы бір нәрсе айта кетсек.

Алаш дегенде біз ұлтшыл Алашты көреміз, қазақтың қамын жеген, сол жолда бас тіккен Алашты, аяулы, зиялы, шетінен өнерлі, шетінен қайраткер толқынды көреміз. Алаш туралы көбіне көп қалыптасқан таным осы. Бірақ, Алаштың саяси философиясына, дәлірек айтсақ, Алаш қай саяси философияны жөн көрді дегенге көп тоқталмаймыз.

Әлихан әу баста жазған: «қазақ ішінен не татар үлгісіндегі партия шығуы мүмкін, не кең мағынасындағы батысшылдар партиясы тууы мүмкін» деп. Алаш осы кең мағынадағы батысшыл бағытты ұстады. Оған «Қазақ елінің уставы» да, «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы да, Әлихан бастаған азаматтардың мақалалары мен съездегі шешімдері де дәлел бола алады.

Олар неге батысшыл болды? Өйткені, 1917 жылғы революцияға дейін Ресей империясындағы ең мықты университеттің бәрі Рим құқығынан бастап, оқуын батыс программасымен оқытты. Яғни, алаштың көзі ашық азаматы Еуропаның ақыл-ойымен сусындап өсті.

Екіншіден, Алаш көсемі Әлихан да «біздің жол  –  сонау Руссо, Дидродан келе жатқан демократия жолы» деп анық таңдау жасады.

Әлиханның 1917 жылдың 1 желтоқсаны күні жариялаған үндеуін қараңыз:

«Ульянов-Ленин, Халық Комиссарлары Төрағасы, Николай патша сияқты жеке-дара билеуге көшті, ешкімнің алдында есеп бергісі келмейді, халықтың басқарушыларды бақылауын буржуазиялық сандырақ деп есептейді.

Демократия шетел сөзі, ол елді халықтың өзі басқаруын – халық билігін білдіреді. Большевиктер халық билігін буржуазиялық сандырақ деп есептейді.

Шаруалар, жұмысшылар мен солдаттар, есте сақтаңдар, большевиктер үкіметтің халық алдындағы жауапкершілігін, сөз бостандығын, баспасөз бостандығын, жиын бостандығын, жалпыға ортақ тікелей, жасырын дауыс беруді, азаматтар мен депутаттарға қол сұқпауды, халық билігін буржуазиялық сандырақ деп санайды» /орысшадан аударылған/ дейді.

Демократиялық қоғамның бәр құндылығы осы екі-үш абзацта тұр.  Сол кезде қалың елдің үні болған «Қазақ» газетіне де мән берсеңіздер. Міржақып газеттің эмблемасы /суретте/ туралы: «Түндік күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Еуропа жағында күшті болған себепті қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын деген мағына еді» дейді...

Міне, Алаштың еуропашылдығы, саяси-философиясы осы бағытта еді.

Сурет дизайнері: Ержан Орынбасар

Алаштанушы, журналист Болат Мүрсәлім

Facebook парақшасынан

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар