Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

1 наурыз – алғыс айту күні: Неліктен бұл мерекені осы күні атап өтеміз

23:00, 29 ақпан 2024 823

1 наурыз Қазақстанда Алғыс айту күні – мейірімділік, достық және сыйластық мерекесі тойланады. Мереке 2016 жылдан бері тойланып келеді. Мереке Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне орайластырылған – 1995 жылы 1 наурызда ҚХА құру туралы жарлыққа қол қойылған болатын.

Бұл күн қазақтардың ынтымақшылдығы мен достастығының символы, қонақжайлылығының көрсеткіші ретінде атап өтіледі. Себебі, Кеңес үкіметі кезінде көптеген ұлт өкілдері Қазақстанға жер аударылған еді. Сонда республика халқының интернационалдылығы көптеген өзгерістер мен толықтыруларға ұшырады, және бүгінгі таңда Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері өмір сүреді.

Қазақ атам заманнан кеңпейілдігімен, өр жомарттығымен аты шыққан дана халық. Қазақстан сонау зобалаң заман жылдарында тағдыр тәлкегіне ұшыраған талай ұлтты өз бауырына басып, өзім деп қабылдаған ел. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін талай қиындықты бастан кешсе де, басына күн туған өзге ұлт өкілдеріне қамқор бола білді.

Тарихтың терең қойнауына зер салсақ, Қазақстанның осындай көпұлтты ел болып қалыптасуына өзге ұлт өкілдерінің қазақ топырағына жер аударылып келуі мен бейбіт халықтың Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан жеріне көшірілуі себеп болды. 20 ғасырдың басында отарлау саясаты ерекше күшейген еді. Сол жылдары Қазақстан жеріне 4 миллионға жуық орыстан бөлек, украин, өзбек, қырғыз, белорус, балқар, шешендер мен ингуштар, 34 мыңнан астам поляк, 100 мыңнан астам кәрістер күштеп ұжымдастырылды.

Ұлы  Отан соғысы да өзге ұлт өкілдерінің қазақ жеріне көшірілуіне, халық құрамының күрт өзгеруіне себеп болды. Бірақ, Қазақстан одан жаман болмады. Әр қиындықтың артында, бір жақсылық жатады дегендей, бүгінде еліміз сан түрлі тілдер мен мәдениеттер тоғысқан көпұлтты мемлекетке айналды. Қазақстан діңгегі берік ел болды. Біз бір мемлекет астында 130-дан астам ұлт-өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан бірден-бір елміз. Қазақстанның әрбір азаматы оны мақтанышпен айта алады.

2016 жылы 14 қаңтарда елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының отырысында 173 жарлыққа қол қойып, 1 наурызды елімізде алғыс айту күні ретінде жариялаған еді. Алғыс айту күні күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні.

Жалпы, 20 ғасырдың басында қазақ жеріне бес жарым миллионнан астам адам жер аударылған. Сол жылдары қазақ халқы қуғын-сүргінге ұшыраған орыс, кәріс, украин және поляк сынды ұлттарға көмек қолын ұсынған. Сол себепті де этно-мәдени орталықтардың өкілдері бүгінде алғыс айту күні қазақстандықтарды бір-біріне жақындастырып, біртектілік пен біртұтастықты нығайта түседі деп санайды. Елге жер аударылғандарға көмектесені үшін қазақтардың өздері де қуғын-сүргінге ұшырауы мүмкін еді. Бірақ, қазақ халқы соған қарамастан қауіп-қатерге бас тіккен. Мысалы, Алжир лагерінің қарауылына білдіртпеу үшін жала-жабылып сотталғандардың әйелдеріне тас атқандай болып, құрт лақтырып, оларды аштықтан құтқарған.

Бұл күн өте өзгеше болуы керек. Адамдар бір-біріне мейірімділік танытып, қадам жасаған сайын істеген ісіне, қасындағы жарына, жолдасына, баласына алғыс айтудан бастауы керек. Сондай-ақ, Ата заңымызда дініне, тіліне, шыққан тегіне қарамастан Қазақстанда мекен ететін барлық ұлттардың тең екендігі жазылған. Сондықтан мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктелгені анық. Мұндай міндетті еліміз өзге этнос өкілдерінің мемлекет құраушы ұлтқа деген шексіз құрметі мен алғыс сезімі арқасында ойдағыдай іске асыруда.

Алғыс айту күні қуғын-сүргінге ұшырап, аласапыран заманың тауқыметін тартқан халықтың рухани игілігі. Кеңпейілділігі мен қайырымдылық дәстүрлеріне терең тағзым. Қазақстан халқының бұл мерекені тойлауы жарасымды. Себебі, біздің елде 130-ға тарта ұлт пен ұлыс бірлікте, ынтымақта өмір сүруде.

Қазақ кең болсаң, кем болмайсың деген әрқашан. Сол мінездің арқасында өзінің ғана емес, өзгенің де көңілін тауып келеді. Кішпейілділік, кешірімді болу, алғыс айта білу секілді қазақ қасиеттер де бойымызға дарыған. Сондықтан, көктемнің алғашқы күні алғыс айту мерекесінде ең алдымен айналамыздағы адамдармен жақын болуымыз керек.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар