Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Елімізде насыбайға толық тыйым салу ұсынылды

14 наурыз 2024 409

Мәжіліс депутаты Амантай Жарқынбек Қазақстанда насыбай сатуды мүлдем тоқтатуды ұсынды. Ол бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдады.

Оның сөзінше, бүгінде кез келген адам, оның ішінде мектеп оқушылары насыбайды еркін сатып ала алады.

«Өкінішке қарай, бұрын оны тек ересек ұрпақ қолданса, қазір жастар, тіпті қыздар да оған тәуелді. Олардың саны жыл сайын артып келеді. Оның үстіне бұл жағымсыз әдет тіпті спортшылар арасында да қалыпты жағдайға айналғанын қалай түсінуге болады?», – деді депутат Амантай Жарқынбек.

Мәжілісмен бұл өнімнің құрамы күмәнді екенін айтып, оны пайдалану денсаулыққа зиян келтіретінін ескертті. 

«Насыбайды тұтыну адам ағзасын қатерлі ісікке, бедеулікке әкелетіні ғылыми тұрғылан дәлелденген. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, насыбай тарту ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеліп соғады», – деді депутат.

Депутат енді «насыбайдың таралуын түбегейлі тоқтату қажет» деп есептейді.

«Елімізде заңмен шектеу қойылғанымен, оны жүзеге асыруда әлсіздік танытып отырмыз. Сондықтан ұлт денсаулығына нұқсан келтіретін, ұрпағымызды улап жатқан қазақ халқына жат әдеттен арылуымыз керек. Арнайы органдар өскелең ұрпақты улап жатқан сауда нүктелеріне қатысты шешім қабылдап, кешенді шаралар қабылдауы керек», – деді Амантай Жарқынбек.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?