Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бүгін – Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні

05 наурыз 2024 427

Бүгін, 5 наурыз - қазақты өз алдына дербес ел қыламын деп ұлт мүддесі жолында азаттықтың ақ таңы үшін қасық қаны қалғанша күресіп өткен Алаш қайраткері, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 158 жыл толды.

«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!»,- деп XX ғасырдың бас кезінде қазақтың алғашқы ұлттық-демократиялық партиясы – Алаш партиясының негізін қалаушы әрі жетекшісі, Алаш Орда үкіметінің тұңғыш төрағасы болған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1866 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында (бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында) дүниеге келген.

Беделді халықаралық ЮНЕСКО ұйымы «бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп мойындаған Әлихан Бөкейхан – ғұлама ғалым, энциклопедист, мамандығы бойынша ормантанушы, агроном әлі заңгер, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, публицист, журналист әрі аудармашы ретінде танылды. 

ҰЛТ КӨСЕМІНІҢ БЕС ҰСТАНЫМЫ 

Алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, Әлихан Бөкейханның бес ұстанымы болды:

Бірінші ұстанымы – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен «жер, жер және жер» болуы керек. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейханның ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі керек.

Екінші ұстанымы – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. Әлихан Бөкейханның сөзімен айтсақ, «қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс».

Үшінші ұстанымы – Әлихан Бөкейханның жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек. Яғни, мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуі тиіс болған.

Төртінші ұстанымы – қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек дегенге сайды. Бұл идеологиялық ұстаным болатын.

Бесінші әрі ең басты ұстанымы - ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек еді.

1937 жылы 27 қыркүйекте Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханға «халық жауы» деген жалған айып тағылып, Мәскеудегі Бутырка түрмесінде ату жазасына кесілді.

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?