Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Халқы әлі митингке шығуда: Құлсары әкімдігі 1,8 млрд теңгеге ойын алаңын салғалы жатыр (ФОТО)

17:57, 21 мамыр 2024 408

Құлсары қаласының тұрғындары бір апта бойы әкімдік алдында түнеді. Олардың талабы, суға кеткен үйлерінің бағалау ақысын шаршы метрге 400 мың теңгеге көтеру. Осы орайда, халқы далада қонып жатқан Құлсарыда 1,8 млрд теңгеге балалар ойын алаңы салынбақ. Бұл туралы Qazaq.today ақпараттық агенттігі хабарлады. 

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Құлсары қаласы әкімі аппараты лот жариялап, 2024 жылы 26 сәуір күні тараптар шарт жасасқан.

Конкурс рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып өткен. Әлеуетті өнім беруші ретінде «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі таңдалған.

Шарт атауында тұрғын емес ғимараттарды / құрылыстарды салу бойынша жұмыстар екендігі көрсетілген. Алайда шарттың техникалық сипаттамасында құрылыс алаңы туралы толық ақпарат жоқ.

«Барлық жұмыстар жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес орындалады. Өнім беруші шарт жасалғаннан кейін жұмыс кестесін ұсынуы тиіс сондай ақ шарт жасалғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде материалдық техникалық базаны растайды», – делінген шартта.

Дегенмен осыған ұқсас инфрақұрылым құрылысы және аулаларды абаттандыру бойынша жарияланған өзге мемлекеттік тапсырыс сипаттамасында ойын алаңы туралы деректерді табуға болады.

Аталған шарт 2024 жылы 30 сәуір күні тікелей бір көзден сатып алу әдісі арқылы бекітілген. Құны – 17 641 981 теңге. Бұл сомаға кәсіпорын авторлық/техникалық қадағалау бойынша қызметтер көрсетуге тиіс.

Онда аталған нысанның бас жобалаушысы – «ВИБО-СТРОЙ» ЖШС екендігі көрсетілген. Қызылорда қаласында тіркелген кәсіпорынның жетекшісі – Марат Атабаев.

Қорытындыда Құлсары қаласы әкімінің 2023 жылғы 16 қаңтардағы №81 шешімімен ауданы 10,7276 гектар жер учаскесі 5 жыл мерзімге уақытша пайдалануға берілгендігі айтылады.

Құрылыс нысаны жайында «Ойын алаңының негізгі мақсаты – балалардың демалысы мен ойын-сауық орны ретінде қызмет ету. Жарқын, қызықты балалар ойын алаңдары баланың бос уақытын әртараптандыруға және оны қызықты өткізуге тамаша мүмкіндік береді. Олар тек ойын-сауық емес, сонымен қатар дамытушылық, тіпті тәрбиелік мәнге ие», делінген.

Сонымен қатар, тапсырыс берушінің құрылыс жүргізу барысында отандық өндірушілердің құралжабдықтарын, материалдарын және конструкцияларын барынша көп қолдануы қажет екендігін атап өткен.

Айта кетелік, Құлсары – су тасқынынан ең көп зардап шеккен өңірдің бірі. Қазір тұрғындар қирап қалған баспана үшін берілетін өтемақы мөлшері мен төлеу мерзіміне наразылықтарын білдіріп, бес күннен бері наразылық танытып жатыр. Олар қираған тұрғын үй үшін өтемақы көлемін әкімдік уәде еткен шаршы метріне 200-240 мың теңгенің орнына 400 мың теңгеден белгілеуді талап етіп отыр. Әрі ақшаны құрылыс компанияларына емес, өздеріне аударуды сұраған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар