Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлт көсемі: Халыққа қадірсіз сорлы жастар «мен орысша білемін» деп болыс бола қалды...

23:16, 20 сәуір 2024 495

Степной положениенің 70-інші ыстатиясында айтылған: «гүбернатр болыс,кандидатты бекітпесе, не қайта сайлау шығарады, не өзі қалаған кісіні болыс я кандидат қояр» деп.

Еуропа жұрты тастан қалса, ендігі сайлауда тағы жарысам деп азаптанбай, тас өткен соң, сайлауды, таласты қойып, шаруаға айналады. Оларда сайлау рәсімі осындай ақылға ұнамды жолда болады.

Біз сияқты үлгісіз, рәсімсіз жұрт тастан қалса, не қылады? Төрдегі басын есікке сүйреп, бытып-шатып, оттап, дүниеде жоқ пәлені тасы озғанға жабады.

Үкімші халықтың көбіне сүйенсе күшті болады. Көп қойған тасы озған болыстың үкімі жүреді.

Закон сайлауды халықтың көбіне береді. Қазақ жұрты адам болатын болса, осы закон арқылы өз тізгінін өзі алып жүретін жөні бар.

Мұндай әділ һәм жұртқа пайдалы законның қадірін білмей, сорлы қазақ сайлау аяғын бітпейтін дау қылады. Болыс көп сайлаған болмай, бөтен елден орыс жетелеп әкелген бұралқы болды. Мұның сөзін тыңдаған адам жоқ, мұның болыстығында не қасиет,бұл болыс болған елде не береке?!

Өстіп жетелеп қойған бұралқыдан бүлік болатынын правительствоөзі де білетін.

1905-інші жылда 16-ншы июнде бір закон шығады, мұның орысша аты мынау: «Высочайше утвержденное 16 іюня 1905 года мненіе Государственного Совета» (Правовой вестникъ, №136, 25 іюня 1905 года).

Осы законның алтыншы бөлігінде айтылған:ішкі министр 70-інші ыстатияны өзгертуге тиісті орнына закон жобасын кіргізсін: Ақмола, Семей, Жетісу, Орал һәм Торғай губернатрлары қазақ болысын бекітпесе, қайта сайлау шығарсын деп.

1905-інші жылы жұртқа жақсылық жазы жайылып келе жатқанда қазаққа бұралқы болыс болмасын, болыс сайлаумен болсын деген закон шыққан.

Қазақтың қай бір облысында өткен сайлауда орысша хат білмейтін кісі болыс болмайды деп қазақтың бұрыннан болыс болып жүрген қадірлі кісісін жолдан қалдырды. Қазақ болысы орысша хат білсін, орысша хат білмесе тасқа тусуге жарамайды деген закон бүгінге дейін жоқ. Сөзін адам тыңдайтын халыққа қадірсіз сорлы жастар «мен орысша білемін» деп болыс бола қалды.

Бұл жас болыстың бұрынғы бұралқы болыстан несі артық?..

Халық пайдасын білетін, жөн, жол көрген, әділ кісі, жұрт сөзін тыңдап, құрметтеген кісі болыс болатұғын жөні бар ғой!

Орысша хат білу тілмаштарға құл болмас үшін ғана керек қой!

Бай айтты деп, орысша білем деп болыс болған жастардың орысшасы иттің жорғасындай орысша еді-ау! Бұл орысша білетін жортақы жас болыс мырзаларда не кінә бар? Үлгісіз, рәсімсіз өскен, алдында көргені қаптама өсек, өтірік жала.

Үндістан моллалары сабақты тақтайға жазып, міні қара дейді екен. Бұғып, еңбектеп жүріп жұрт пайдасын «Қазаққа» нұсқалап жаздым.

Талапты аға-іні, халыққа қызмет қылатын болсаң, осыны құлаққа тақ!

Қыр баласы.

«Сайлау» мақаласынан

«Қазақ» газеті, 1913 жыл, №17. Орынбор

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. VIII том.-Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар