Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бір футбол клубына жылына 1,5 млрд теңге, ал ұлттық спортқа небәрі 150 млн теңге» - Спорт министрлігі бізге ұлттық спорт керек екенін түсінуі тиіс – Аманжол Әлтай

21:00, 16 қыркүйек 2024 642

«Бір ғана футбол клубына жылына 1,5-2 млрд теңге бөлінсе, ұлттық спортқа небәрі 150 млн теңге бөлінеді. Көшпенділер ойындарынан кейін ҚР Туризм және спорт министрлігі ұлттық спорттың бізге керек екенін және оның жастарымыздың рухты, намысты тұлға болып қалыптасуына оң ықпал ететінін терең түсінеді деп сенемін». Бұл пікірді Мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтай ALASH.KZ ұлттық порталына берген сұхбатында айтты.

ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСЫМЫЗДЫ АЙШЫҚТАЙТЫН ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

- Мұндай ауқымды іс-шаралар өзімізді тану үшін, қазақтың ұлттық болмысын әлемге таныту үшін маңызды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 89 мемлекеттен өкілдер келіп, қаншама туристер осы дүбірлі доданы тамашалады. Біріншіден, бұл бастама ғасырлар бойы ата-бабамыздан қанымызға, сүйегімізге сіңген ұлттық болмысымызды айшықтайтын ұлттық спорттың қайта жаңғыруына жол ашты.

СПОРТ МИНИСТРЛІГІ ҰЛТТЫҚ СПОРТ БІЗГЕ КЕРЕК ЕКЕНІН ТҮСІНЕДІ ДЕП СЕНЕМІН

- Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін спорт саласында ұлттық спорттың кенже қалып отырғаны ақиқат. Қаржыландыру кезінде де ұлттық спортқа жеткілікті қолдау көрсетілмей келеді. Көшпенділер ойындарынан кейін Туризм және спорт министрлігі ұлттық спорттың бізге керек екенін және оның жастарымыздың рухты, намысты тұлға болып қалыптасуына оң ықпал ететінін терең түсінеді деп сенемін. Байқасаңыздар, бір апта бойы бірнеше ұлттық спорт түрінен керемет жарыстардың дүбірі қызды. Бәйге, көкпар, қазақ күресі, жамбы ату, ат үстіндегі аударыспақ – мұның бәрі нағыз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлардың жұлдызы жарқырайтын аламан ғой.

АТҚА МІНГЕН ҚАЗАҚ БАЛАСЫНЫҢ ЕЛІНЕ, ЖЕРІНЕ ДЕГЕН ҚҰРМЕТІ АРТАДЫ 

- Біздің сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз шұғылданған ұлттық спорт қазіргі телефонға телмірген қоғамда өсіп келе жатқан балаларымыз үшін өте қажет. Атқа мінген қазақ баласының ішкі болмысы, рухани санасы қалыптасып, тарихына, еліне, жеріне деген құрметі артады. Біз осынау ұланғайыр даланы тегіннен-тегін жуас болғанымыздан емес, намысшыл, мықты ұлт болғанымыздан сақтап қалдық. Осы қасиеттерімізді болашақ ұрпаққа жеткізу үшін халықаралық деңгейдегі осындай жобалардың маңызы зор. Бұл іс-шараның елімізге оң нәтиже беретініне сенемін.

ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНДАРЫН ҚАЛАЙ ТАНЫСАҚ, ҰЛТТЫҚ СПОРТ САҢЛАҚТАРЫН ДА СОЛАЙ ТАНЫТУЫМЫЗ ҚАЖЕТ

- Ақпарат саласының кемшіл тұстарының бірі – ұлттық спорт жұлдыздарын насихаттаудың жеткіліксіздігі. Біз телеарналар, баспасөз, әлеуметтік желілер арқылы ұлттық спорттың қазіргі өкілдерін кеңінен таныта беруіміз қажет. Ұлттық спортқа арналған арнайы бағдарламалар дайындалып, үнемі халыққа көрсетіліп отырса, оларды көпшілік тани бастайды. Бұл Мәдениет және ақпарат министрлігінің маңызды міндеттерінің бірі. Болашақта бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінуі керек.  Олимпиада чемпиондарын қалай танысақ, ұлттық спорт саңлақтарын да сондай деңгейде танытуға тиіспіз. Осы бағытта жұмыс жүргізілсе, тек жекелеген спортшылардың танымалдығы артып қана қоймай, жалпы ұлттық спорттың дамуына да оң ықпалы тиеді. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі ойындарға қатысатын ұлттық спорт жұлдыздарын іріктеу кезеңдері ашық әрі әділ өтуі қажет. Бармақ басты, көз қысты емес, шын мықтылардың шыққаны жөн. Бұл – ел намысы. Алдағы уақытта осы мәселелер кешенді түрде шешімін табады деп сенеміз. 

БІР ҒАНА ФУТБОЛ КЛУБЫНА ЖЫЛЫНА 1,5-2 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНСЕ, ҰЛТТЫҚ СПОРТҚА НЕБӘРІ 150 МЛН ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ

- Қазіргі таңда ұлттық спортқа небәрі 150 миллион теңге шамасында қаржы бөлінеді. Бұл өте аз. Мысалы, бір ғана «Ордасы» футбол клубына жылына 1,5-2 миллиард теңге бөлінеді, бұдан бөлек демеушілер де қолдау көрсетеді. Бір футбол клубына бөлінетін жылдық қаражат ұлттық спортқа бөлінетін қаржыдан 10-20 есе көп. Бұл әділетсіздік. Біз мұны түзетуіміз тиіс. Алдағы уақытта ұлттық спортқа қатысты арнайы заң қабылдауымыз қажет. Әріптесім Қазбек Әлішевпен бірге ұлттық спорт туралы заң жобасын дайындауға ниеттіміз. Егер қолдау болса, Туризм және спорт министрлігімен бірлесе отырып, бұл заңды қабылдап, ұлттық спорттың дамуын заңнамалық тұрғыдан қолдауға және қорғауға мүмкіндік алар едік.

ТУРИСТЕРДІ БІЗДІҢ ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСЫМЫЗ ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ, ОСЫ БАҒЫТТА АРНАЙЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА ҚАЖЕТ 

- Халықаралық деңгейде қарасақ, туристерді ең алдымен біздің ұлттық болмысымыз бен ерекшелігіміз қызықтырады. Біз өзіміздің рухани мұрамызды көбірек көрсете білуіміз қажет. Елімізде алғаш рет өткізілген тарихи іс-шара - осының айқын көрінісі. Дегенмен біз қазіргі кезде этнотуризмді дамыту үшін кешенді түрде жасалынған нақты алгоритм көріп отырған жоқпыз. Бұл бағытта ұзақмерзімді мемлекеттік бағдарлама қажет. Туризм және спорт министрлігі осы мәселені қолға алғаны жөн. Бізде менеджмент жағы әлсіз, өзгелер бізді танымайды. Қазақстанға келгісі келетін шетелдіктер ғаламтордан біз жайлы мағлұмат іздегенде, көңіл толатындай қазақтілді ақпарат таппай жатады. Біз осыған мән беріп, өзгелерді қызықтыра білуіміз қажет. Туризм арқылы мемлекеттік кірісті негізгі көзге айналдырған мемлекеттер аз емес, олар жоқтан бар жасап отыр. Ал біз барымызды лайықты дәрежеде көрсете алмай отырмыз. Мәселен, Ұлт ұясы Ұлытауда Жошы хан кесенесі бар. Әлем Жошы ханның біздің жерімізде жатқанын білмейді. Егер білгенде, бұл елімізге туристердің көптеп келуіне ықпал етер еді. Бізде әлемді қызықтыратын көптеген қасиетті орындар бар, бірақ біз өзіміз сакралды жерлерімізді әлі дұрыс бағаламай келеміз.

Әңгімелескен Зарина ӘШІРБЕК

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар