Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Коронавирустен" кем емес: әлемге тағы бір індет төніп келеді

13:25, 07 қазан 2024 554

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) дабыл қағуда: Марбург вирусының жаңа пандемияға дейін өсу әлеуеті бар. Егер шынымен құрықталмай, әлемге тараса, оның қырғыны "коронавирустен" зұлмат болуы ғажап емес.

Жаһандық ұйымның зәресін алып отырғаны вирус жұққан адамдардың 88%-ын өлтіріп тынады. Оған қарсы вакцина бірде-бір елде әзірге жоқ.

Бастапқыда бұл вирусқа Шығыс Африкадағы шамамен 13 миллиондай халқы бар Руанда мемлекетінің тұрғындары шалдыққан. Артынша оны Германия тұрғындары жұқтырған деген күдік туындады. Сырқаттардың бірі Бельгияға сапарлағаны анықталыпты.

Вирустың симптомдары Эболаны "имитациялайды": адамдарды кенеттен күшті безгек қысады. Бұлшық ет ауруын, қарында құрысу-спазма тудырады. Іш өту (диарею), қан құсу қатар жүретін көрінеді. Оның соңы науқастың өлімімен аяқталуы мүмкін.  

Вирустың "Марбург" аталуы Германиямен байланысты: оның қоздырушысы алғаш рет 1967 жылы немістің осы аттас қаласында анықталды. Сонда орналасқан зертхананың бірнеше қызметкері сынақ-эксперимент жүргізілген жасыл маймылдармен контакті кезінде белгісіз бір вирусты жұқтырып алған екен. Маймылдар Марбург зертханасына африкалық тағы бір ел – Угандадан әкелінді.

Құзырлы органдар вирус жұқтырғандарды шұғыл түрде оқшаулап, қалада карантин жариялап, індеттің таралуының алдын ала алыпты. Содан кейін бұл вирус туралы 1975 жылға дейін ақпарат құралдарында ешқандай мәлімет жарияланбады. Сол жылы Марбург вирусы Африкадан ешқайда жоғалмағаны, Кенияда, ізінше Конгода індет ошақтары пайда болып жатқаны белгілі болды. Жұқтыру деректері 2017 жылы – Угандада, 2023 жылы – Танзанияда тіркелді.

Ең ірі ушығуы 2005 жылы Анголада болды: 200 анголалық сырқаттың 173-і жан тапсырды.  

Вирус 60 жылдан астам уақыт өткеннен кейін Германияға қайта орала жаздады. Economic Times хабарлауынша, таяуда Гамбург қаласында өмірге қауіпті осы вирусты жұқтырды деген күдікпен екі адам медициналық тексеруге алынды. Оның біреуі – студент-медик бұған дейін Руандада, Марбург вирусына шалдыққан сырқаттарды емдеп жатқан ауруханада жұмыс істеген.

Марбург вирусына тән симптомдары пайда болып, сұрапыл безгек қысқан қос сырқат Гамбург қаласына жеткен пойыздың жолаушылары болған. Салдарынан, қала вокзалы, пойыз құрамы ішінара карантинге жабылды. Абырой болғанда, жүргізілген талдау-анализдер вирус барын растамады.  

Bfm орыстілді радиосы Кенияда гид болып жұмыс істейтін экс-қазақстандық Александрға сөз берді. Бұл ел Руандамен шектеспейді. Бірақ іргелес Танзанияда, Угандада індет ошақтары болған.

"Біз Руандадағы жағдайдың өрбу барысын мұқият бақылап отырмыз. Жаңалықтарда Марбург вирусының таралып жатқаны туралы ескертіп жатыр. Осы және басқа вирустар Эбола тобына жататыны айтылып жүр. Ендеше олар ковид сияқты ауамен берілмейді. Тек инфекцияланған адаммен тығыз байланыста, мысалы, қол алысқанда, басқасында жарасынан, жарақатынан шыққан қанмен, терімен, сілекейімен, басқа да бөліністермен беріледі", – деді Александр.

Вирустың жұғу мүмкіндігі симптомдары пайда болған кезде күшейетін көрінеді. Салдарынан, дертке шалдыққандардың үлкен бір бөлігі – ауруханаларда пациенттерді күтіп-бағатын медициналық қызметкерлер.

Бұл ауру өте қауіпті болғандықтан, оның бой көрсеткені туралы алғашқы мәліметтер анықтала салысымен, жергілікті және халықаралық эпидемияға қарсы құрылымдар қатаң шаралар қабылдайды. Сырқаттарды ғана емес, олардың аралас-құралас болған ортасын, елді мекендерді оқшаулайды.

Дегенмен, вирустың Руандадан Еуропаға кетіп қалу ықтималдылығы карантин шараларында кінәраттың барын паш етсе керек. Оның үстіне кениялық гидтің айтуынша, Руанда – "Африкалық Швейцария" деп  дәріптеледі. Қара құрлықтың өзге елдеріне қарағанда, Руандада өмір сүруге қажетті инфрақұрылым, соның ішінде медициналық ұйымдар біршама жақсы дамыған екен. Континенттегі "денсаулық сақтау инфрақұрылымы жетілген" деген мемлекет вирусты ауыздықтай алмаса, халықаралық қоғамдастықтың жағдайы қиын болмақ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) дүрлігіс туғызбау үшін әзірге Марбург безгегінің жаһандық қаупі төмен екендігін хабарлады. Бірақ жер-жаһанда жаңа пандемия тудыруға қабілетті екенін жоққа шығармады.

"ДДҰ бағалауынша, Руандадағы Марбург вирусының қозуы ұлттық деңгейде – өте жоғары, өңірлік деңгейде – жоғары, ал, жаһандық деңгейде – төмен қауіп-қатер тудырып отыр", – деді ДДҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Женевадағы брифингте.

Сонымен бір мезгілде, Дүниежүзілік денсаулық сақтау министрлігі өзіне мүше елдерді, соның ішінде Қазақстанды жаңа жаһандық эпидемияның басталу қаупі туралы сақтандырды.

ДДҰ ажал себетін індеттің Руандада отыз шақты адамнан табылғанын дәлелдеді. Сырқаттармен контакті жасаған 300 адам табылмай жатқан көрінеді. Ұйым соның ішінде вирус жұқтыруы мүмкін кем дегенде бір адамның Руандадан кетіп қалғанын айтып, алаңдап отыр. ДДҰ мамандарын мазалайтыны, қазіргі кезде  Марбург вирусы емделмейді және оған қарсы вакцина да жоқ.

Қазан айының басындағы жағдай бойынша Руанданың Денсаулық сақтау министрлігі елдің 30 ауданының жетеуінен, соның ішінде ел астанасынан вирус жұқтыру деректерін тапты. Жұқтырғандардың 70%-дан астамы – медициналық ұйымдардың қызметкерлері. Оның ішінде Кигалидегі ауруханалар бар.

Марбург вирусы геморрагиялық безгек туғызады, өзін жұқтырған жанның онының тоғызына дейінгісіз өлтіріп тастайды. Індет ауру адаммен тікелей контакт кезінде беріледі. Симптомдарына қызудың қатты жоғарылауы, қатты бас ауруы, әлсіздік, бұлшық еттердің ауыруы, іш өту-диарея, қарынның ауруы, жүрек айнуы және басқасы жатады.

"Берлинский телеграф" журналының бас редакторы Александр Бойко осы вирусқа қатысты Германияда дүрбелең болып жатқанын хабарлады.

"Өйткені қазіргі кезде күз күшіне мініп, адамзатты көптеген аурулар меңдей бастады. Германияда жұртшылықтың арасында егде жастағылары көп болғандықтан, кез келген вирус қоғамның сол бөлігіне қатты соққы болады. Марбург вирусының симптомдарына қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қауіптенген адамдар өз бойынан ұқсас нышандарды тапса, ауруханаға жүгіреді, әзірге вирустың таралғаны расталмады", – деді ГФР тұрғыны А.Бойко.

Алматылық турагенттіктің өкілі, менеджер Гүлнәз Сарыбай жалпы, Африка, соның ішінде Руанда қазақстандықтардың жаппай баратын аса танымал туристік бағыты саналмайтынын айтады. Табиғаты, қоршаған ортасы адамға мейірімді Ұлы даланың тұрғындары үшін Африкадағы көптеген вирус "аса қауіпті" саналады. Бұл құрлыққа сапарлаушы қазақстандықтардан ақылы түрде түрлі вакцина салғызу талап етіледі.

Сондықтан турфирмалар Руандаға да саяхатты әр адамның сұранысына қарай, жеке-индивидуалды әзірлейді. Негізінен, африкалық елдерге, Руандаға саяхатшылар қысқа мерзімге, екі-төрт түн қонуға ғана барады екен.

"Мысалы, туркомпаниялар Алматы–Кигали–Нюнгве–Вулканос маршрутін ұсынады. Африкаға, әсіресе, Руанда еліне кіруі үшін турист бірқатар індеттерге, мысалы, сары қызбаға (желтая лихорадка) қарсы егілгені туралы сертификатын көрсетуі шарт. Мың шоқы елі аталатын Руанда тамаша пейзаждарымен, жанарды жаулайтын көркем тропикалық ормандарымен, "инстаграмдық" аспалы көпірлерімен саяхатшыларды тартады. Климаты да жұмсақтау. Онда Жер бетінен жойылып бара жатқан тау гориллаларының патшалығы орналасқан. Бұған қоса, ондағы ұлттық парктерде сирек кездесетін "алтын маймылдар", шимпанзелер, приматтар, әсем құстар, пілдер, леопардтар, өзгесі өріп жүр. Біз бүгінде бұл елге баруға кеңес бермейміз, себебі, Африкада жаңа вирустар өршіп жатыр", – деді Гүлнәз.

Ол Марбург вирусы жаһандық пандемияға ұласып кетпейді деп үміттенеді. Өйткені пандемиядан, шекаралардың жабылуынан ең көп зардап шеккен саланың бірі – туризм болды. Медицина қызметкерлері сияқты турфирма өкілдері де әлемдегі эпидемиологиялық ахуалды, халықаралық өзекті жаңалықтарды қадағалап отыруға тиіс.

Заң бойынша туристерге оның баратын еліндегі саяси, экономикалық, эпидемиологиялық ахуал туралы егжей-тегжейлі ақпарат беру туркомпания өкілдеріне жүктелген.

Дереккөз: inbusiness.kz

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар