Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Халықты ойлап жатқан бірде-бір құзырлы органды көрмедік» – Ринат Зайытов

27 наурыз 2024 285

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Астанадағы сапасыз үйлер мен тұрғындардың жанайқайын жеткізді. Оның айтуынша, тұрғын үй саласында заңсыздықтар көп. Тіпті бұл тұрғыдан халықтың үні тиісті жерге жетпей қалады.

«Үлескерлердің өз баспанасынан айырылып қалуынан бастап, елордада апта сайын бой көтеретін тұрғын үй кешендерінің сын көтермес сапасына дейін проблема көп. Мысалы, «Азия плюс» тұрғын үй кешенінде тұрғындар, яғни қариялар, кішкене балалармен жүкті аналар, сондай-ақ мүгедектігі бар тұлғалар өз үйлеріне кіретін есігінің, не кіреберісінің болмауына байланысты, күнделікті паркинг арқылы кіруге мәжбүр. Соның салдарынан бір баланы көлік қағып, күні кеше ғана 16 наурызда екі жеткіншек арсыз педофилдің қолына түсе жаздаған фактілері анықталған», - деді депутат.

Оның сөзінше, тұрғындар алаяқтық фактісі бойынша арыз жазса да іс қозғалмаған.

«Онымен бұл мәселе біткен жоқ, бұл үйді тұрғындарға сатар кезде «Бизнес» санатындағы үй деп сатып, бірер жыл өткен соң пайдалануға қабылдау кезінде «Эконом» санатына ауыстыра салулары да мүмкін екен. Сонымен қатар «Успешный дом» тұрғын үй кешенінің тұрғындары да алаяқтық іс әрекеттерге ұшырап отыр. Мәселенің мән-жайын анықтамақ оймен бір емес бірнеше әрекет жасап көрдік. Халықты ойлап жатқан бірде-бір құзыретті орган көрмедік. Тұрғындар алаяқтық фактісі бойынша арыз жазса да іс қозғалмаған. Халықтың пайдасына шешілген сот шешімі орындалмаған. Осындай да біздің заңдар қарапайым халықтың мүддесін қорғауға келгенде неге қауқарсыз бола қалады? Қашқақтап қағаз шығындай бергенше іске көшіңіздер, мырзалар!», - деді Ринат Зайытов.

Сөзінің соңында, Мәжіліс депутаты Астана қаласы әкімдігі және құрылыс саласындағы оларға қарасты басқармалар қызметкерлеріне кешенді тексеру жүргізуді, Сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуді ұсынды.

Сонымен қатар құжаттарға заңсыз қол қойып, лауазымын пайдаланып, заңды бұзған қызметкерлерге шара қолдануыңызды сұрайтынын жеткізді.

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?