Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазақстан Мәскеудегі терактіден сабақ алуы керек» – Айдос Сарым

27 наурыз 2024 179

Еліміз Мәскеуде болған лаңкестік шабуылдан сабақ алуы тиіс. Бұл туралы бүгін Мәжіліс депутаты Айдос Сарым айтты.

Ол Мәскеу маңындағы «Крокус Сити Холл» концерт залында болған теракті туралы айтап келіп, премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.

«Өткен аптада Ресей Федерациясы Мәскеу маңында орналасқан Красногорск қаласындағы «Крокус Сити Холл» концерт залында террористік акт болды. Салдарынан жазығы жоқ көптеген бейбіт тұрғын қаза тапты. Парламент Мәжілісінің депутаттары қаза тапқандар мен жараланғандардың отбасына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейді. Біз, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен тілектеспіз», - деді Мәжіліс депутаты.

Оның пайымдауынша Қазақстан Мәскеудегі терактіден сабақ алуы керек.

«Олжас Абайұлы, біз, Қазақстан болған оқиғаны жан-жақты зерделеп, сабақ алуы керек деп санаймыз. Оқиғаларды талдау барысында трагедия құрбандарының үштен бірі тікелей террористік шабуылдан қайтыс болған, ал қалған адам шығыны оқиға орнында болған өрт пен дүрбелеңге, күш құрылымдары мен іс-шараны ұйымдастырушылардың бірлесіп әрекет етпеуінен болды. Орталық және жергілікті атқарушы органдар Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесінде мемлекет басшысы берген тапсырмаларды сөзсіз орындайды деп сенеміз», - деді Айдос Сарым.

Тіпті Үкіметтің қандай мәселелерге назар аударуы керектігін айтты:

Біріншіден, салынып жатқан мәдени-бұқаралық және спорт ғимараттарын салу және міндетті түрде мемлекеттік қабылдау мәселесіне мемлекеттік бақылауды күшейтуге назар аударуымыз керек.

Екіншіден, қазір еліміз бойынша мәдени-бұқаралық, спорттық іс-шараларды өткізу мен регламенттеу алгоритмдерін қайта қарау, оларды ұйымдастырушылардың құқық қорғау органдарымен және шұғыл көмек көрсету қызметімен өзара іс-қимыл тетіктерін неғұрлым нақты белгілеу қажет. туындаған жағдайда нақты жоспарлар болуға тиіс.

Үшіншіден, адамдар жиі баратын мәдени-спорттық ғимараттар мен залдарға олардың терроризмге қарсы, өртке қарсы және өзге де қауіпсіздігі, олардың қажет сигналдық және өртке қарсы жабдықтармен қамтамасыз етілуі тұрғысынан аудит жүргізу, олардың жұмыс күйінде болуын тексеру керек.

Еске салсақ, биыл 22 наурыз түні Мәскеу маңындағы «Крокус Сити Холл» концерт залында камуфляж киген бірнеше адам жұртқа оқ жаудырған болатын. Ресей тергеу комитетінің мәліметінше, терактіден 139 адам қаза тауып, 180 адам запа шеккен.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?