– Нұрсұлтан Назарбаев билік басына келгелі бері, Қазақстандағы демократия түгелдей «жемократияға», депутаттардың көпшілігі «жепутатқа» және қазақ тілін тебетін «тепутатқа» айналып кетті. Рас, билік басына Тоқаев Назарбаевтың қолдауымен келді. Ол ащы шындық. Ғаламторда бірнеше жүз адам мені «есі ауысқан», «алжыған» дей келіп, санасыз есекке, тек тамақ үшін ғана егесіне еркелейтін мысыққа теңепті, – деді Шаханов.
Сондай-ақ, ақын 2015 жылы Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында өткен үлкен жиында әлемнің барлық басты тілдеріне аударылған, Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған «Ғасыр айрығындағы сырласу» шығармасы «ХХІ ғасырдың ең озық, парасатты кітабы» деп бағаланғанын еске алды. Бірақ бұл туралы қазақстандық БАҚ хабар таратпаған. Шахановтың айтуынша, Н.Назарбаев баспасөздерде, телеарналарда оның атын атамауға тапсырма берген.
– Менің 1988 жылы, сонау Кеңестер Одағы кезінде «Ислам дінінің қалдығы» деген атпен қоғамдық, мемлекеттік деңгейде талқылауға тыйым салынған Наурыз мерекесін, сол кезгі Қазақстан басшысы Г.Колбинмен жағаласып жүріп тірілткенімді, елімізде орыстың тілі мемлекеттік тіл боп қабылданып кеткенде, шалақазақ депутаттардың бәрі «тамаша болды» деп бір-бірімен құшақтаса, қуанысып жатқан тұста, мінбеге қайта шығып, «Бүкіл қазақ халқын көтереміз, мұның соңы екінші Желтоқсанға ұласады» деп қорқытқанымда, амалы таусылып, үрей құшағында қалған Назарбаев менің ұсынысымды қайта дауысқа салдырып, өзі бірінші боп қол көтерді. 2015 жылы Қытай Халық Республикасының Шаңқай қаласында 150 мемлекеттің өкілдері қатысқан үлкен жиында және онда өткен конкурста, әлемнің барлық басты тілдеріне аударылған Шыңғыс Айтматов екеуміз бірлесіп жазған «Ғасыр айрығындағы сырласу» («Құз басындағы аңшының зары») атты кітабымыз «ХХІ ғасырдың ең озық, парасатты кітабы» деп бағаланды. Бірақ, ол туралы Қазақстанның бірде-бір басылымы, телеарнасы жұмған аузын ашқан жоқ. Себебі Н.Назарбаев баспасөздерде, телеарналарда менің атымды атамауға тапсырма беріп қойған, – деді ол.