Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жалаң акциялардан гөрі қоқыс сұрыптауды, өңдеуді үйрететін челлендждердің көп болғаны дұрыс». Экологиялық білім білгірі Гүлбаршын Сатанқызымен сұхбат

10:26, 08 қараша 2024 104

Alash.kz ұлттық порталында елдегі экологиялық мәселелердің жай-жапсары жайында ақпарат беріп, ой-талқы жүргізу жосынын жалғастырамыз. Бүгін қоршаған ортаның ластануына байланысты NARXOZ university Гуманитарлық мектебінің «Экология, қоршаған орта және тұрақты даму» білім беру бағдарламаларының білгірлері, арнаулы зертхана мамандары Сатбаева Гүлбаршын Сатанқызы және Салимбаева Расима Аменқызымен сұхбат құрдық. Сұхбатта экологиялық мәселелердің маңызы тарқатылды, ғаламдық және жергілікті ауқымдағы экологиялық проблеманы шешудің жолдары ғылыми таяныш тұрғысынан талданды.

Алматының құбылмалы ауа райы аспанды түнертіп, қоңыр күздің салқыны үдеген күні сұхбат құру мақсатымен таңсық жерге табан тіредік. Бізді жүзі жылы, ашары ашық Гүлбаршын мен Расима есімді апайларымыз күтіп алды. Олардың жымиғанына қарап университеттің барша қызметкерлері қонақжай секілді көрінді. Іші жарық, керегесі кең, іргелі жаңа оқу орны алғаш келген қонаққа ерекше әсер қалдырады екен. Зертханалық кабинетке кіре салысымен бірден көңілімізге тұнған көп сұрақты қойып, айналамыздағы құралдармен танысуды бастап кеттік. Біздің кейіпкерлеріміз де шешіле сөйлеп, сырбаз сырдың тиегін ағытты. 

 

зертхананың ішкі көрінісі

— Мынандай мол мүмкіндіктерге жол ашқан зертханалармен таныстыра кетсеңіздер, о баста қандай мақсатпен ашылды, қандай бағытта жұмыс істейді?

— Аталмыш зертханамыз экологиялық білім алатын студенттердің білігін практикалық тұрғыда орнықтыру, кәсібилігін ұштау мақсатында ашылды. Мұнда біз тек теориялық әдіске сүйеніп қана қоймай, практикалық жұмыстармен де айналысамыз. Арнаулы білім беру бағдарламасы аясында студенттеріміз «Баламалы энергия көздері» дисциплинасын меңгеріп шығады. Пән әр шәкірт үшін таңдау негізінде жүреді. Сабақ барысында сарқылмайтын энергия көздерін пайдалануды, мақсатты қолдануды үйретеміз. Сондай-ақ  қоршаған ортаның болашақтағы ең өзекті мәселелерін назарға алып, зерттеп-зерделеуге ден қоямыз. Алғашында университетіміз экономикалық бағытта ғана білім берді, ал қазір экологияға қатысты мамандықтардың да қатары толығып жатыр. Биыл алғаш рет эколог мамандарымыз түлек атанбақ.  

— Экологиялық білім берудің қандай ерекшеліктері бар? Дәрістерде экологиялық мәселелерді зерттеу жұмыстары кеңінен жүргізіле ме? 

— Иә, «Жануарлар және өсімдіктер экологиясы» пәні бойынша елдегі топырақ құрамын, қара жердің құнарлығын, гумус түрлерін зерттейміз. Әр өңірден келген студенттеріміз туған жерінің топырағын бірге әкеліп, біздің зертханада «сынға алады», тәжірибеге пайдаланады. Осының арқасында елдегі бисофералық қабаттың алуан түрлілігін және тіршілік қабатындағы проблемаларды нақтылы анықтай аламыз. Сондай-ақ баламалы энергия көздерін пайдалануды үйрету үшін гидропоникалық әдіске сүйеніп, түрлі дәнді-дақылдар өсіреміз. Шүкір, былтыр алғашқы өнімімізді алдық. Көп жағдайда зертханамыздағы практикалық сабақтармен ғана шектелмей,  «далалық әдіс» бойынша университет аумағынан да тыс алаңдарға шығамыз. Осылайша әр білім алушының кәсіби түрде шыңдалуына шама-шарқымыз келгенше қолдау танытып жатырмыз.

 

гидропоникалық әдіспен зертханада өсірілетін дәнді-дақылдар

— Біз де «далалық әдіс» арқылы ел аумағына шығып, негізгі сұрақтарға көшсек. Елдегі экологиялық жағдайдың қазіргі көрінісі қандай? Бұл мәселелерді шешу тек көгалдандыру жұмыстарын жолға қоюмен шектеле ме? 

— Бүгінде кез келген экологиялық мәселе ғаламдық деңгейге көтерілді. Аталмыш жағдаймен күресте біздің елдегі жағдайды, бір-біріне ұқсамайтын  кілтипандарды сөз етсек болады. Шыны керек, еліміздегі экологиялық жағдай аса мәз емес, экологиялық құлдыраудың зардабы әлеуметтік және экономикалық әлеуетімізге де өз залалын тигізіп жатыр. Сондықтан, бір ғана көгалдандыру процесімен экологиялық мәселелерді тұтас шеше аламыз дегенге сену қиын. Біздегі күрделі жағдайдың шешімін табу жолында тың әдістерге мұқтаждық бар, экологиялық түйіткілді шешуге жаңа бетбұрыстар қажет деген тұжырымға өз басым келісемін.

— Мемлекетіміздегі басты экомәселе қандай?

— Білесіздер, республикамыз бірнеше аймақ пен облыстан тұрады. Тіршілік тармағындағы бірнеше сфералық қабат түрлі климаттық өзгерістерге ұшыраған. Өңірлеріміздегі жағдай да сан алуан, бір-біріне ұқсай бермейді. Мысалы есебінде Алматы қаласын алайық. Қазір оңтүстік астанамыздағы басты ушыққан мәселе — атмосфера ауасының шектен тыс ластануы. Мұндай жағдай еліміздің өзге де ірі қалаларында байқалады. Cебеп — біз тыныстайтын ауаға шектен тыс улы газдардың, зиянды элементтердің бөлінуінен болып отыр. Салдарынан қала тұрғындары зардап шегіп жатыр. Атап айтқанда,  таза ауадан, таза ауыз судан тарығып, денсаулығына зиян келіп жатыр. Мұндай проблемамен күресте халықтың қол қусырып қарап отырмағаны жөн, әрбір адамның айналасын таза ұстауға ұмтылуы, экологиялық мәдениетті сақтау жолында әрекет етуі маңызды. Қоршаған ортамыз қоқыс қалдықтарынан тазарса, мәселенің бір түйінін шешеріміз анық. Сондықтан біздің қоғам үшін халықты экологиялық тәрбиеге үйретудің маңызы зор.

зертхана құралдары

— Соңғы 5 жылда тек еліміз бойынша ғана емес, әлем бойынша электрокөліктер, жанармайсыз қатынайтын транспорт түрлері кеңінен қолданысқа енді. «Ауаны тазартамыз» деген желеумен өзге мәселелерді ушықтырып алмаймыз ба?

— Ғалымдардың зерттеу нәтижелеріне сенсек, мұндай көлік пен транспорт түрлерінің өндірісі зиянды қалдықтарды мөлшерден тыс, өте көп бөледі екен. Алайда қолданысқа енер болса, электромобильді транспорт түрлері жанармаймен жүретін көліктерге қарағанда ауа үшін аса зиян бола қоймас. Басқа да дамыған, дамушы елдер секілді бізге де электр энергиясымен қатынайтын көліктерді көптеп қолданысқа енгізген дұрыс. Бірақ, алдымен, жауапты орган өкілдері аталмыш транспорт түрлері үшін жол жүру ережелерін бекітуі керек. Себебі, мұндай көліктерді кәдеге жарату барысында басқа да жол-көлік оқиғаларының ушығуына бей-жай қарай алмаймыз. 

— Еліміз демекші, біздегі әр мезгіл, әр маусым сайын болатын экочеллендждер, науқандар қаншалықты жағдайды жақсарта алады? 

— Бір өкінер тұсы,  мұндай науқандар, экочеллендждер тек қоқыс жинаумен ғана шектеледі. Көпшілік үшін айналаны таза ұстау талабы осылай атойлата үнделгенмен, насихаттағанымен, халық санасында «қоршаған ортаны ұдайы таза ұстау», «ұдайы қоқыстан тазарту қажет» деген сынды түсінік қалыптастыруға жеткіліксіз. Балаларымызға, замандастарымызға қоқыс сұрыптауды, айналамызды таза ұстауды үйрету арқылы келешекте бұл мәселенені жөнді шеше аламыз. Тазалық акцияларын ұйымдастырғаннан гөрі қоқыс түрлерін сұрыптауды, қайта өңдеуді үйрететін челлендждердің көп болғаны дұрыс емес пе?..

сұхбаттың сәулелі сәттерінен

— Қоқысты қайта өңдеп, пайдаға жарату ісі кеңінен қолданысқа енді, трендке айналды деген пікірмен келісесіз бе?

— Көптеген әлем елдері жарамсызсыз қоқыстың өзін пайдаға асырып, өңдейді. Қазақстан да мұндай тәжірибеге енді-енді мән бере бастады. Тек бір мәселені сөз ете кеткен жөн... Бір өкінерлігі, біздің мемлекетте мұндай өңдеу процесіне дейінгі сұрыптау кезеңі толық жүзеге аспай жатады. Сұрыпталмаған қоқыс түрлері жарамды, кәделі дүние жасауға, қайтара өңдеуге кедергі келтіреді. Мұндай мәселелердің шешімін тапқан «Recycle» қоқыс өңдеу зауытының қызметі көпке үлгі. Зауыт жарамсыз қалдықтарды үш топқа бөлу арқылы қайтадан пайдаға асырады. Жалпы, қалдықтар «қайта өңдеуге жарамды», «тек биоөңдеуге жарамды» және «өңдеу үшін артық шығын қажет ететін» болып бөлінеді. Мұндай өңдеу зауыты - елімізде жалғыз. Қоқыс түрлері сұрыпталатын полигондағы жұмысқа келсек, үрдістің бәрі адамның қол күші арқылы жүзеге асады. Мұндай ауыр жұмысқа екінің бірі келісе бермейді. Сондықтан біз айтқан «сұрыптау кезеңі» автоматтандырылса, қоқыс өңдеуге дайын тұрған кәсіпорындардың тасы өрге домалар еді. Бізге мен атаған проблемаларды жүйелеу керек. 

— Бұрындары мектеп бағдарламасында «экология» секілді арнаулы пәндерді оқитынбыз. Қазіргі заманның талабын ескерсек, ұлттық білім жүйесінде мұндай маңызды пәндер қалай оқытылуы керек? 

— Әрине, мұндай пәнді оқыту аса маңызды. Бұл қоғамға бала кезден экологиялық сауатын қалыптастыруға себеп болар еді. Біздің ата-бабаларымыз да ертеден табиғатпен тығыз байланыста болған. Өз балаларына тәрбиенің асылын беріп, жан әлемін қалай таза ұстаса, сыртқы айналасын да дәл солай саф күйінде сақтауды міндеттеген. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, қазір кішкентай бүлдіршіндеріміздің өзін экосауатты болуға үйретуіміз керек. Тіпті, мектеп бағдарламасына ғана емес, балабақша жасындағы балаларға теория, практика жүзінде сабақ өте аламыз. Мысалы, олардың дүниетанымын кеңейту мақсатында ойын түрінде айналаны қоқыстан тазартып, шеберлік сабақтары кезінде табиғат үшін пайдалы бола алатын құрылғылардың жеңіл түрін жасап көрсетуге болады. 

— Әлемдегі ең өзекті проблема саналатын ғаламдық жылыну процесі біздің елде қалай байқалады? 

— Бұл жаһандық маңыздағы мәселе. Бүгінде әр ел өздігінше әдістер қолданып, технологияларды іске қосып, климаттың өзгеру процесін баяулатуға күш салып жатыр. Дамушы және дамыған елдер бұл мәселеге бейімделіп те қалды. Біздің мемлекет те мұндай игіліктерден қалыс қалмай әлемдік жоспарға сәйкес жұмыс істеп жатыр. Ғаламдық жылынудың бірден-бір салдары — құрғақшылық деңгейінің өсуі. Қазір еліміз су тапшылығымен күресте ылғалды аса қажет етпейтін дәнді-дақылдарды өсіруге ден қойды. Біздің ғаламдық жылыну үрдісіне бейімделу әрекеттеріміз әзірше осындай сипатта ғана көрініс тауып отыр. Егер дүниежүзі мемлекеттері бас құрап, ортақ әрекет етсе, климат температурасының жоғарылауын бәсеңдете аларымызға кәміл сенемін. 

әсерлі әңгіме барысы

— Ғаламдық жылыну процесін тежеу үшін қандай технологияларды қолдана аламыз?

— Әлемде де, бізде де аталмыш үрдісті бәсеңдету үшін түрлі стартап жобалар қолға алынып жатыр. Қазақстан пайдалы қазба өндіруден көшбасшы елдер қатарында екенін білеміз, алайда одан бөлетін қалдықтардың озон қабығы жұқарып, климаттық жылынуға тегеурін болатынын ескере бермейміз. Ел билігі бұл мәселемен күресуге кірісті. Олар 2025 жылға дейін пайдалы қазбаларды өндіретін кәсіпорындарға озық технологияларды енгізу бойынша тапсырмалар беріп жатыр. Егер компаниялар қоршаған ортаға бөлетін эмиссия деңгейін азайтса, мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Ал мөлшер азаймаса, пайда табуына шектеу қойылады.

— Ғылыми тұрғыда елдегі экожүйені жақсартуға шамамен қанша уақыт кетеді? 

— Экожүйенің өзгеруі екі жолмен жүзеге асады. Біріншісі — табиғи жол. Яғни, табиғаттың өзі қайта түрленіп, 20-30 жыл, тіпті одан көп уақыт ішінде қайта қалпына келеді. Ал екінші жол — адами факторлардың арқасында, яғни антропологиялық фактор әсерінен экожүйенің жақсаруы арқылы ширайды. Табиғаттың күші жетпейтін тұстарда адамзат баласы өз табиғат-анасына қол ұшын созып,  бейімделу процесін ілгерулетуге көмектеседі. Жай мысал ретінде, адамдар ағаш егу арқылы табиғат жүйесін қалпына келтіруге атсалысса, қоршаған орта ағаштың ары қарай өмір сүруіне жағдай жасайды. Сондықтан, «адам мен табиғат — егіз» деп бекер айтылмаған. 

— Экологиямен қатар құлдырайтын, қатар өрлейтін қандай салалар бар? 

— Қоғамда дамуы қатар жүретін, өзара тығыз байланыстағы үш сала бар: экология-экономика-әлеумет. Біреуін дамыту арқылы қалған екеуін көшке ілестіре аламыз. Үйлесімді жұмыс арқылы бәріне де қол жеткізуге мүмкіндік бар. Осыны естен шығармайық! 

— Сұхбатқа келісім беріп, әсерлі әңгіме, тұшымды тәмсіл айтқандарыңыз үшін көп рақмет! Істеріңізге сәттілік тілейміз!

сұхбат барысынан бейнедерек ұсынып, суреттеме-сұхбатымыздың жарқын сәттерін бейнелеуді жөн көрдік

 

Журналист
Мөлдір Түктібай, Қарақат Дүйсен

Жетекші: Дастан Қастай

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар