Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ел билеген һүкімет, елін сүйген азамат, өзгені ұмыт, мынау апаттан еліңді аман алып қалудың шарасына кіріс!

23:52, 16 сәуір 2024 401

Тарих жүзінде Алаш ұранды қазақ-қырғыздың басынан кешкен апаттың зоры баяғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» болса керек. Оған енді екі жүз жыл өтті. Сонда қалмақ пен қазақ соғысып, қалмақ жеңіп, қазақ қырғын тауып, кір жуып кіндік кескен мекенінен ауып, ботадай боздап, босқан екен. Сол апатты басынан кешірген жандардың мұнды-зарын бұл күнге шейін жұрт ұмытпаған.

Мына заман қай заман, қысқан заман?       

Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман.

Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,

Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.

 

Мына заман қай заман, бағы заман?

Баяғыдай болар ма тағы заман.

Қарындас пен қара орман қалғаннан соң,

Көздің жасын көл қылып ағызамын...

Осы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейін де қазақ-қырғыз қайта құралып, ірге теуіп, ел болып кетіп еді. Онан кейін талай жұттар: «қара тышқан», «көк тышқандар», «ұлы қоян, кіші қояндар», кешегі аты шулы «доңыздар» өтті. Бұл жұттар да қазақ-қырғызға тұқымдық мал қалдырып, бес-он жылдан кейін елеусіз болып ұмытылып еді.

1916 жыл бүкіл қазақтың басына қорқыныш болып, айрықша, Жетісу қазақ-қырғызы қырғын тауып, жаннан, малдан түңіліп, туып-өскен жеріне, Арқа менен Сырдағы ағайын-туған еліне қош айтысып, азып-тозып, қашып-пысып кетіп еді. Бұл сорлылардың бағына қарай бостандық туып, өлгені өліп, тірілері мекендеріне қайтып, бұл күнде қыбырлап ел қатарына қосылған болып отыр. Жетісу қазақ-қырғызының мал-мүлкінен айырылғаны бір сәрі, адамының жүзден отыз бесі қырғын тауып еді.

16-17 жылдарда Түркістанда ашаршылық болып, жұрт малынан айырылып, адамы босып, Сырдария қазақтары шыбындай қырылды. Бала-шағаларын, қатын-қыздарын кәсіпке сатты. Бірақ келер жыл егіс, шөп шығымды болып, жалпы жұртқа тоқшылып кіріп, Сырдария қазағының дені қырғыннан аман қалып еді.

Жоғары айтылғандардан көрінеді - қазақ-қырғыз талай тайғақ кешу, тар көпірден өткендігі. Енді Кеңес һүкіметінің заманында әзер деп демімізді алып, төңкеріс жемісіне ортақ болып, саяси теңдікке жетісіп, тіршілігімізді түзетіп, ел қатарына қосыламыз ба деп едік. Әлі де сорымыз арылмаған екен, Арқадағы Алаш жұтқа ұшырап, ашаршылық азабын жекжаттық етіп отырмыз.

«Ақ жол» жүзінде Арқа елінің күйзеулігі бұрын да жазылып келіп еді. Соңғы күндерде алынған хаттардың анық хабарына қарасақ, көзге жас, көңілге қайғы толып отыр: жұтаған мал, ашыққан жан, қалың ауру, қаптаған өлім... Керек болса, міне мысалдар.

Торғай үйезінде мал қырылып жатыр. Жазға салым ашаршылық күтіп тұрмыз. Алыстан азық таситын көлік қалған жоқ.

Қарқаралы үйезінде шаруа күйзелді. Мал өліп жатыр. Жұрт жаяу, аш-жалаңаш...

Омбы үйезінде мал қалатын емес. Жұрт арықты, өлім күшті.

Темір үйезінде жұт. Ауру қалың, күнде жаназа...

Бөкей ордасының қазақтары томаршық деген шөптің дәнін қағып жеп жатыр. Он ырасы бар үй бүкіл Бөкейлікте «үлкен бай» саналады. Томаршық қазаққа кесек ет, тілімсек нан болып тұр.

Ырғыз үйезінің қазақтары сарышұнақ тышқанды жеп жатыр. Күздігүнгі өлген малдардың өлексесін қар астынан қазып алып жеп жатыр. Өлексе әрі ас болмай, бейшаралар қырылып жатыр.

Міне, Арқадағы бес облыстың (Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Бөкейлік) жайы!

«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» қазақтың есінен екі жүз жылдан кейін де шықпаған болса, биылғы жұт, ашаршылық өткен замандағы апаттардан он есе ауыр тисе керек. Бұрын бір ел күйзелсе, өзге сыбайлас жұрттар аман болып, адам баласы орасан ашаршылыққа ұшырамайтын еді. Қазір басымыздан ауыр заманды өткізіп тұрмыз: бүкіл мемлекет күйзеу. Біреудің біреуге ауысары кем. Ақтабан шұбырындыда қазақ-қырғыз қоныс аударып аман қалған болса, қазіргі заманда барар жер, басар тауымыз белгілі.

Бұл апатқа... не шара?

Үміт аз. Өйткені ел осындай күйзеліп, ашығып, қырылып жатқанда, қара суға семірген қайғысыздар, атқа мінген антұрғандар қылдай жұртқа жәрдем етудің орнына, бүлінген елден бүлдіргі алып, байлық молайтып жатқандарын естиміз. Оларға елдің зарыққаны, өлгені, тірілгені қанша керек?! «Дүниені топан қаптасын, өзім аман болайын».

Қазақстан Республикасының һүкіметі қайда? Не шара, не дауа қарастырып жатыр?

- Біз еш нәрсе білмейміз. Ойлаймыз, қарап отырмаған шығар, қам қылып жатқан шығар деп.

Қатын ерге қарайды, ер жерге қарайды. Ел билеген һүкімет, елін сүйген азамат, өзгені ұмыт, мынау апаттан еліңді аман алып қалудың шарасына кіріс!

- Ел күйзелді...

Міржақып ДУЛАТҰЛЫ

«Ел күйзелді» мақаласынан

«Ақ жол» газеті, 9 апрель 1921 жыл, №45

Дереккөз: Дулатұлы М., Алты томдық шығармалар жинағы.3-том. - Алматы, 2013 ж.

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар