Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Бюрократия азайып, қоғам алдындағы ашықтық күшейеді”: Аймағамбетов бір палаталы Парламент жайлы

19:12, 08 қыркүйек 2025 406

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламент құру туралы бастамасына қатысты пікір білдірді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

“Бүгінгі жолдау ерекше. Президент бір палаталы Парламентке көшу мәселесін референдумға шығару жөнінде айтты.

Реформаның логикасы айқын: Қазақстан – унитарлы мемлекет, ал мұндай жағдайда біртұтас парламенттік құрылым тиімді және заман талабына толық жауап береді.

Бұл қадам не береді?
 • депутаттардың және саяси партиялардың жауапкершілігі артады;
 • бюрократия азайып, заң қабылдау үдерісі жеделдейді;
 • қоғам алдындағы ашықтық пен есеп берушілік күшейеді;
     • парламенттің рөлін күшейту арқылы, халықтың даусын айқынырақ ете түседі

Егер «үлкен суретке» көз жүгіртсек, Мемлекет басшысының барлық реформалары бір арнаға тоғысатынын көреміз: Конституциялық Соттың құрылуы, әкімдерді сайлау тетігінің енгізілуі, саяси партияларды тіркеу тәртібінің жеңілдетілуі, әйелдер мен жастарға арналған квоталардың енгізілуі.

Бұл – саяси алаңдағы бәсекелестікті арттыруға және мемлекеттік шешімдерді қабылдау жылдамдығы мен тиімділігін күшейтуге бағытталған курстың заңды жалғасы. Шын мәнінде, реформа азаматтардың саяси мәдениеті мен белсенділігі арта түскен қазіргі кезеңде уақыт талабынан туындап отыр.

Бұған дейін жүзеге асқан өзгерістер институционалды және қоғамдық алғышарттарды қалыптастырды. 

Сол себепті бір палаталы әрі қарқынды жұмыс істейтін парламенттік үлгіге көшу – заңды әрі негізделген шешім.

Президент тағы да өзінің негізгі қағидасын растады: ең маңызды мемлекеттік шешімдерді халықтың өзі қабылдайды. АЭС салу мәселесінде де, конституциялық реформада да дәл осылай болған.

Маңыздысы, бір палаталы жүйеде «жауапкершіліктің бұлыңғырлығы» жойылады. Яғни саяси жауапкершілік айқынырақ әрі ашық болады, соның ішінде саяси партиялардың да.

Кейде Мәжіліске «фильтр» немесе «буфер» қажет деген уәж айтылады. Алайда конституциялық реформаның арқасында бұл функцияны бүгінде Конституциялық Сот атқарып отыр. Жаңа саяси архитектурада ол заңдардың Ата Заңға сәйкестігін бағалайтын басты элементіне айналады.

Бұл – дәйекті, жүйелі, кезең-кезеңімен іске асырылып келе жатқан маңызды қадам. Ол Парламенттің рөлін күшейту арқылы, халықтың даусын айқынырақ ете түседі”,- деп жазды депутат.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар